БАСТАМАҒА – ҚОЛДАУ
«Жақсылық қылсаң, қайырымын өзің көресің»
Басылымда жарияланған кәсіпкер М.Сармановтың аймақ кәсіпкерлеріне арнауына байланысты Дамбы ауылдық округіне қарасты кәсіпкерлер басын қосты. Жиында ауылдық округінің әкімі Ұзақбай Байзуллин бүгінгідей дағдарыс кезінде жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмектер жасаудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
— «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» — деген екен дана халық. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей мүгедек, қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанашыр, қамқоршысы болып, оларға аялы алақан тосып, жүрек жылуын ұсыну – сауабы мол іс. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Ендеше, кәсіпкер М.Сармановтың бастамасын ауыл көлемінде бірауыздан қолдауға шақырамын, — деді округ әкімі.
Жиында кәсіпкер Бибігүл Ізбасова ауылдағы жалғызбасты ана Қамария Баймұханова мен мүгедек Гүлшат Мажитованы өз қамқорлығына алып, азық-түлікпен қамтамсыз ететінін мәлімдеді. Ал, жеке кәсіпкер Қанапия Мұқашева мүгедек Төлепберген Үмбетқалиевтың жанұясын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп тұруға дайын екендігін мәлімдеді.
Округ аумағындағы «Аружан» сән салонының иесі, кәсіпкер Ерболат Мусаев болса Дәулет Төлегенов, Гүльфайрус Нысанғалиева, Ертай Ерғалиев сынды әлеуметтік әлсіз топ санатындағы жандарға тегін шаш қию қызметін көрсетуді ұйғарып отыр. Ал, қоғамдық монша иесі, кәсіпкер Гүлжан Мұқашева бала жастан мүгедек Назерке Амантаева жыл бойы моншаға тегін түсіруді өз мойнына алды.
Бұл – ауыл кәсіпкерлерінің алғашқы бастамалары ғана. Болашақта тағдыр тауқыметін тартқан жандарға деген қайырымдылық көрсету шаралары жалғасын табады деген үміттеміз.
Гүлмайра ТӨЛЕБАЕВА, Дамбы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.