Баспасөз хатшысы мен бұқараның байланысы қандай?

admin 2020 08 12 dgurn Қоғам

Қандай ақпаратты да анық, жедел тарату баспасөз хатшыларының да міндеті. Бұл дегеніңіз жауапкершілігі ауыр жүк екендігі аян. Осы орайда, республика, облыс көлемінде баспасөз хатшысы болып қызмет етіп жүрген әріптестеріміз бен ардагерлерімізге сауал жолдап, олардың ой-пікірлерін білген едік.

 – Баспасөз хатшысының негізгі қызметі мен міндеттері туралы айтсаңыз, олар қандай қабілеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?

– БАҚ өкілдерінің баспасөз хатшыларына көңілі толмай жататын жағдайлары кездеседі. Өзіңіз БАҚ өкілдерімен байланыс жасаған кезде қандай ұстанымды немесе тәртіпті алға қоясыз?

 – Қызмет барысында басыңыздан өткен, есте қалған оқиғаны еске түсірсеңіз.

63e654e7 2637 42ba bf10 92129752cf72

Боранбай ҒАЛИЕВ, Атырау облыстық сотының бұрынғы баспасөз хатшысы:

«Баспасөз хатшысы кәсіби журналист болуы керек»

– Жасыратыны жоқ, осыдан 15-20 жыл бұрын баспасөз хатшысының міндеті соншалықты көп бола қойған жоқ. Басшымыз нені БАҚ-қа бер дейді,  соны береміз. Нені  берме  десе, тоқсан түрлі сылтау айтып, жауаптан жалтарамыз.

Ол кезде ұялы телефон әлі тұрмысымызға дендеп ене қоймаған кезі ғой, негізгі  байланыс құралымыз –  баяғы қара телефон. Қажет деп есептесек, көтереміз, кейбір кездері «аш құлақтан, тыныш құлақ» демекші, кешке дейін телефонға жақындамайтын кездеріміз де болады.

Қазір жағдай да, баспасөз хатшысына қойылатын талап та өзгеше. Ал, менің сот саласына келуімнің өзі бір қызық оқиға. Кеңес одағы кезінде 7-8 жыл Орал облыстық «Орал өңірі» газетінде тілші, меншікті тілші болып болып қызмет еттім. Соңғы қызметім Чапаев ауданында  жүрген кезімде жергілікті  басшылықпен жиі-жиі сөзге келіп қала бердім. Мәселе ушығып, шегіне жеткен кезде «есің барда, елің тап» дегендей, бір күнде бәрін тастадым да туған жеріме Гурьевке (қазіргі Атырау) тарттым да кеттім. Келсем, мұнда мені күтіп отырған ешкім жоқ екен. Барлық жерде қысқарту, болмашы жалақы, қысқасы, жағдайым мәз болмады. Оның үстіне тұрақты баспанамыз да жоқ.

Дегенмен, қарап отыруға тағы болмайды, әуелі Оралдан базарға мал әкеліп сойып саттым. Сол кезде 5 сабынға, болмаса 1 голландық спиртке бір қойды айырбастағандарды да көрдік. Тіпті 10 мың теңгеге  небір күйлі сиырларды сатып алып жүрдік, кейіннен оның да қиуы қаша бастады.

Амал нешік, ала сөмкемізді арқалап, базарға шығуға тура келді. Бар тиын-тебенімізді жиып-теріп толтырып сыра алып, сағыз сатуға көштік. Итшілеп жүріп тағы да 4-5 жылымыз өтті. Әйтеуір аштан өліп, көштен қалған жоқпыз. Кейін 5 жыл  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде асхана меңгерушісі болдым. Бір күні Алматыдағы досым Ғарифолла Әнес телефон шалды. Жағдайымды таныстары арқылы біліп отырса керек. Мәймөңкелеуді ұнатпайтын әдетімен «Бес жыл университетте оқығанда  саудагер болам деп  оқыдың ба, давай сөзді қой, Алматыға кел. Қаласаң, республикалық газеттердің біріне меншікті тілші етіп жұмысқа орналастырамын» деп ұсыныс айтты. Онсыз да түбі көрініп жатқан саяз судың жайдақтап аққан ағысы секілді тіршілігімнен  мезі бола бастаған маған Ғаракеңнің ұсынысы бірден қона кетті.

Осылайша, «алыпсатар атың шықсын, алтыға алып, беске сататын»  саудагерлікпен қош айтысып, Алматыға жеттім. Ғарекең бүкіл шаруасын жиып қойып, қолымнан жетектеп жүріп «Ана тілі», «Заң газеті» басылымдарына Атырау облысы бойынша меншікті тілші етіп жұмысқа орналастырды. Содан елге келіп енді жұмысқа кірісейін деп облыстық сотқа кіргенмін. Облыстық соттың сол кездегі  төрағасы Жақсылық Алановты Оралда тергеуші болып жүрген кезден білетінмін. Бір жылдың төлі, жерлес ретінде жақсы  араласып тұрдық. Сөзге келген жоқ, бірден қабылдады. Жаңа хатшым «Базарда пиво сататын  Боранбай деген кісі келіп тұр деп еді, сол сен екенсің  ғой» деп күліп жатыр. «Өзіңді іздестірем бе деп отыр едім, жақсы болды. Сені Оралдан жақсы білемін, маған журналистермен түсіністікпен жұмыс жасай алатын баспасөз хатшысы керек. Сол жұмысқа сені  шақырамын» деді. Осылайша, ойламаған жерден облыстық соттың баспасөз хатшысы болып шыға келдім.

Баспасөз хатшысы кәсіби журналист болуы керек. Екіншіден – өзі қызмет жасайтын мекеменің ішкі тыныс-тіршілігін жетік біліп, жаңадан қабылданған заңдарды дер кезінде бұқараға жеткізіп отыруы керек деп есептеймін. Үшіншіден БАҚ-тағы әріптестермен тең дәрежеде сөйлесіп, қажетті ақпараттарды нақты, түсінікті етіп беруі өзі үшін де, өзгелер үшін де тиімді болатынын әрдайым есте ұстап отыруы керек.

– Білікті  баспасөз хатшысы  БАҚ құралдарына қандай ақпаратты беруге болады, қайсысын беруге болмайды, соны жақсы білуі керек және соны журналиске түсіндіріп, жеткізе білуі шарт. Мәселен, сот үкімі күшіне енбей жатып сотталушының аты-жөнін көрсетіп, қылмыскер деп атауға болмайды. Көп жағдайда баспасөз хатшысы мен БАҚ өкілдері арасындағы түсінбестік осы  жайттарға байланысты туындап жатады. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін негізінен сот, заң тақырыбына жазатын журналистермен қоян-қолтық, түсіністікпен жұмыс жасау керек. Адамды қаралау оңай, ақтап алу, оған келтірілген моральдық нұқсанды қалпына келтіру өте қиын. Абай атамыз айтқандай, ақырын жүріп, анық басқан дұрыс.

– Естеріңізде болар, ана бір жылы  жергілікті, республикалық БАҚ-тарда «Атырау балыққа» қатысты үлкен шу шықты. Мәнісі – мемлекет тарапынан «Атырау балыққа» қолдау көрсетуге бағатталған пәленбай миллиард теңгені ешкім таппай қалғаны. Ақша жоқ, балық та жоқ, жауап беретін адам да жоқ.

Ол кезде жоғарыдағы ықпалды адамдарға қатысты бірде-бір жағымсыз пікір айтуға да, жазуға да болмайтын. Қудалау өз  алдына, сотталып кетуің де  мүмкін.

Маған ақпарат жұмыс аяғында келіп түсті. Жемқорларға онсыз да қаным қарайып жүрген кезім еді, ешкіммен ақылдаспастан интернет арқылы БАҚ-на  таратып жібердім. Таңертең жұмысқа келсем… Үлкен айқай-шудың үстінен түстім. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық прокуратураның басшылары кезек-кезек телефон соғып жатқандықтан алақандай ұялы телефоным жарылып кете жаздады. Біраз жағымсыз сөздер естідік. Ол кезде басшымыз Жақсылық Аланов Астанада іссапарда жүрген, «Ертең бастығың келсін, тиісті жазаңды аласың!» деп қауіп төндіргендер де табылды.  Содан бастықтың орнындағы Нұрғожа Чинаевқа барып «осылай да осылай» деп жағдайымды баяндадым. Ол кісі біраз ойланып отырды да, «әуелі бізбен ақылдасуың керек еді. Жә, өтер іс өтті. Келгесін бастыққа бәрін түсіндіремін. Ештеңеден қорықпа» деп сабырға шақырды. Сол жағдайдан кейін Жоғарғы соттың тапсырмасымен баспасөз қызметін үйлестіруші  судья тағайындалды.

000364cc 49b7 4655 8acb 020368f9ab26

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Өзгенің уақытын ысырап етпеймін

– Менің баспасөз хатшылығындағы қызметім мемлекеттік қызметке қабылдануыммен басталған. Алғаш 2019 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінде баспасөз хатшысы болып бастағанмын. Ал, 2020 жылдан бері облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметі бөлімінің басшысымын.

2012 жылдан бастап телеарнада қызмет еткен маған жұмыста адамдармен тіл табысу қиын болмады, тек қызмет барысындағы тәртіп пен заңдылықтарға бағынуға, үйренуге тура келді. Баспасөз хатшысына ең бірінші коммуникативтік қабілет қажет дер едім. Оның ішінде мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары үшін жеделдік пен ақпараттық кеңістікте талдау мен болжам жасай білу маңыздырақ. 

– Ондай жағдайлар көбіне ақпараттық шиеленіс болған жағдайда орын алуы мүмкін. Себебі бағынатын заңдылықтар әртүрлі. Ондай сәттерде мен өзімнің және өзгенің уақыты мен ресурстарын артық пайдаланбауға, ысырап етпеуге ұмтыламын. Журналист әріптестерім көп жағдайда БАҚ туралы заңға ғана сүйенеді, ал мен полицияның баспасөз хатшысы ретінде ең бірінші Конституцияны, Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексті, Қылмыстық-процесстік кодексті, Мемлекеттік қызметші туралы заң мен Әдеп кодексін және БАҚ туралы заңға сәйкес ақпаратпен қамтамасыз етуді бақылауға алуға тиіспін. Осы тетіктерді ескере отырып, берілетін ақпараттың әр сөзі мен мазмұнына жіті мән беремін. 

– Ондай сәттер өте көп, кітап етіп жазсам да аздық ететін болар. Жұмыс – екінші отбасымыз секілді, онда тәуліктің жарты бөлігі өтіп жатыр. Қызмет барысында қиыннан қиыстырып, орайын тауып отыратын сәттер өте көп кездеседі. Бірақ, олардан сабақ алу немесе өз-өзіңе деген сенімділік оятатын сәттер адамды шыңдап, мықты болуына ықпал етеді. Жұмыс барысында тек атымды ғана естіген әріптестестерім мені ер адам деп ойлайды екен. Тегімде -ов, -ова деген тіркесі жоқ болғасын, атымды Ердәулет деп іздеп келген әріптестер болған. Ең алғаш полицияда қызмет етіп бастаған кезде кабинетімнің есігін қағып келген бір офицер, бетіме қарап тұрып «сіздерге Ердәулет деген жаңа бастық келіпті, қашан келеді» деп сұрағаны әлі күнге дейін есімде.

9df5de29 9411 4178 ad96 3f24ab472f00 1

Жанаргүл ҮМБЕТОВА, Медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы:

Өмірдегі де, қызметтегі де басты ұстанымым – жауапкершілік

– Баспасөз хатшыларының негізгі қызметі мен міндеті – қоғаммен, журналист әріптестермен байланыста ақпараттың дер кезінде, нақты дереккөздерден берілуіне жәрдемдесу, бір мекеменің ғана емес, мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын басты орынға қою,  ақпараттың қолжетімділігін, ашықтығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету дер едім. Баспасөз хатшысы соңғы ақпараттардан, соңғы коммуникациялық әдіс-тәсілдерден үнемі хабардар болуы үшін біліктілігін арттырып, түрлі шаралар мен жобаларға атсалысып жүретін жан-жақты маман болуы керек деп ойлаймын.

– Қызмет барысында БАҚ өкілдерімен тұрақты байланыстамыз. Түрлі шаралар, брифингтер, баспасөз турларын ұйымдастырған кезде журналист әріптестер сұраған қосымша ақпараттар болады. Кейде өздері хабарласып жедел ақпарат немесе сұхбат беретін, пікір білдіретін спикер сұрайды. Мүмкіндігінше жедел жауап беремін. Менің ұстанымым – нақты, тексерілген, қатесіз ақпарат беру. Әрине, БАҚ өкілдерінің бәрі дерлік ақпаратты сұраған кезде жедел бергенді қалайды. Мұндайда журналист әріптестерге кейбір сұрақтардың жауабын алу үшін мекеменің не сол саланың ақпарат желісінен деректер күтуге тура келетінін, сол кезде ғана нақты, дәл деректемелер болатынын түсіндіруге тура келеді.

Осы тұста айтарым, қазір қай мекемеге де қатысты ақпараттар ашық дереккөзде қолжетімді. Журналист қандай да бір шараға бармас бұрын, немесе қандай да бір тақырыпты қозғамас бұрын, сол ашық дереккөздегі (салалық мекеме сайттарындағы) ақпараттармен танысып алған жөн деп ойлаймын. Сонда сұрақ қойғанда да, жауап алғанда да журналист тақырыптан ауытқымайды. 

– Баспасөз хатшысының қызметі белгілі бір регламент аясында атқарылатын жұмыстар ғой. Сіз осы сұрақты қойғанда ең алғаш журналист болып жұмысқа тұрған айлардағы күлкілі жайт есіме түсіп кеткені. Ол кезде Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ қалашығының ішінде дүкен де, кинозал да, т.б. бәрі бар. Ұлттық кітапханаға ғана болмаса, сыртқа сирек шығамыз. Қала ішін біле бермейміз.  4-курстың (ол кезде 5 жылдық болатын) соңына қарай  «Денсаулық» журналының редакциясына қызметке тұрдым. Түске дейін оқып, түстен кейін жұмыс істеуге кірістім. Барып-келетін жолымды ғана білемін. Бір күні ЦУМ жақта бір шара өтетін болып, бас редактор «осында келуің керек» деп редакцияға хабарласты. Телефон тұтқасының ар жағындағы бас редактордан «немен барамын?» деп сұрап қалғаным сол, қыршаңқылау сөйлейтін бастығым «самолетпен кел» демесі бар ма?! Балалығым ғой, редакциядағылардан сұрасам да болар еді… солай бір ұялғаным бар. Көпке дейін күліп, еске алып жүрдік.

Жалпы, 28 жылдық жұмыс тәжірибемде қызметтен, қызметтес ортадан жолым болған адаммын. Өндірістік тәжірибе кезінен Бауыржан Омаров, марқұм Қази Данабай ағаларымыздың мектебінен өттім, қызмет барысында Молдахмет Қаназ, Қонысбай Әбіл, Мырзагелді Кемел, Кенжеғали Сағадиев, Шерхан Мұртаза ағайлар мен Фариза Оңғарсынова апайларымның ақыл-кеңесін алдым. Журналистика саласында да, мемлекеттік қызметте де істедім. Қазір баспасөз қызметіндемін. Өмірдегі де, қызметтегі де басты ұстанымым – жауапкершілік, белгілі бір деңгейге жеттім деп тоқтап қалмай – іздену, даму, кәсіби қате жібермеу. Өзімнен де, өзгеден де осыны талап етемін.

Дайындаған Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз