
Баспагерліктен басталған жол
*28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні
Әлқисса, жастар арманымен, қарттар естеліктерімен өмір сүреді ғой. Саналы әр адам алдына үлкен мақсат қояды. Сол мақсатқа жету үшін оның тағдыр жолы теп-тегіс болмайтыны да рас. Небір қиын соқпақтардан жүріп өтетіні де шындық. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Фархат Мусаұлы да жасынан журналист болсам деп армандаушы еді.

Фархат Балғожиев өмірлік ұстаздары Қадір Жүсіп, Кәдірғали Таңқиевпен бірге
Ата-ананың аялы алақаны
«Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға ауданының тумасы киелі Бүйрек өңірінде өмірге келіп, Бүйрек ауылындағы бастауыш мектепте оқып, білім алады. Алғаш білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздары Құрманғазиев Қасымғали ағай мен Келдіғұлова Фарида апайы болатын. Өзі де оқуға зерек бала біріншіні үздікпен бітіргенде майдангер әкесі Балғажиұлы Муса ағамыз «менің кенже ұлым үздік атанды» деп басқа ұлдарына алып бермеген костюм-шалбарды (ол жылдары костюм-шалбар деген тіптен тапшы кез) осы кенже ұлына әперген екен.
Әттеген-ай десеңші, тағдырға амал бар ма? Сол жылы жазда Комсомол совхозына қарасты Аққұдық деген жерде дүкенші әрі бухгалтер болып жасап жүрген әкесі аяқ астынан жұмыста отырып қайтыс болады. Анасы, тыл ардагері Шараухия 35 жасында азаматынан жесір қалып, 5 ұл, 1 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, қатарынан кем қылмай өсіреді. Фархат көбіне әжесі Кәменнің тәрбиесінде болады. Ол кездегі әжелер қандай еді! Ұрысқанның өзінде «көбейгір, бар болғыр, мың болғыр» деп отырушы еді ғой, жарықтық. Немерелері ауыра қалса, ұшықтап, қазақи ем-дом жасап, сосын аттай қып жазып алатын. Әженің аялы алақанының табы әлі күнге немеренің маңдайында тұрғандай әсер қалдыратыны рас…
Алдындағы асқар тауы, аса мейірімді қамқоршысының өмірден өтуі сезімтал бала Фархатқа оңайға тимейді. Әкесі бар басқа балаларға сырттай қызығып, іштен жылай жүріп, балалық шағын әкесіз өткізді. Кейін жетіншіні оқып жүргенде «Әке, сізді жүрмін сағынып…» деп алғаш тырнақалды өлеңін жазған еді. Сол кезден бастап өлең жазуға құмартып, поэзия тілімен дос болды. Көкейдегі тұншыққан ойды, жүректегі сырды жұлқып ашып, іштегі мұңды шығарып, салт-сананың сары алтындай сандығын ашып, ойларын өлеңдеріне арқау етті. Өскелең ұрпақтың зердесіне сай одан соң да жазған өлеңдерін Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетіне жолдап, шыққан өлеңдерін «өскенде журналист болсам, керек болар» деп өзінде сақтап жүрді.
Қиындықпен бетпе-бет
1977 жылы мектеп бітірісімен Фархат өзінің жүрек қалауымен ауданда алғаш құрылған «Жасқайрат» комсомол жастар бригадасында шопан болып, екі жыл еңбек етеді. Қыстың ақ түтек қарлы бораны мен жаздың аптап ыстығында мал бағып ысылған ол жастар бригадасында еңбекқор шопан атанып, облыстық ХХI съезге делегат болып сайланып еді. Бауыржан Момышұлының «Именіп жүріп көрген құрметтен, қасарысып жүріп көрген бейнет артық» дегеніндей, жастар бригадасында екі жыл еңбек еткен соң, 1979 жылы Алматыдағы ҚазМУ-ға оқуға барады. Алайда «журналист болам» деген арманына қол жеткізе алмай, тауы шағылып, ауылына кері қайтады. Тағы да маңдай терін төгіп, Комсомол совхозында трактористің көмекшісі болып еңбек етіп жүріп, әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын Иркутск облысының Братск қаласындағы құрылыс отрядында өтеп, шыңдалған ер-азамат болып елге оралады.
1982 жылы бала күнгі арманын орындау үшін қаладағы облыстық №9 баспаханаға қорғасын балқытушы болып жұмысқа орналасады. «Ат жалы, түйе қомында» дегендей, әуелі стереотипер, кейін қорғасын балқыту машинасының шебері, Баспа ісі машинасының көмекшісі болып, ротация машинасында аттай сегіз жыл еңбек етіп, облыстық екі газеттің уақытында басылып, оқырмандарына дер кезінде жетуіне үлкен еңбек сіңірген еді. Әсіресе, әріптес-ұстазы, газет басу машинасының шебері Иғал Хайруллин мен стереотипер машинасының маманы Жолдас Бермағанбетовтен көп нәрсені үйренеді. Бірер жылда өзі де газет басуды толық меңгеріп, баспахана үйіндегі «Құрмет тақтасына» суреті ілінеді.
Баспаханадағы қайнаған жұмыс
Ол кезде газет беті қазіргідей компьютермен құрылмайтын. Бәрі қолмен теріліп, жасалатын. Оның бейнеті мен әбігері де бір кісіге жетерлік еді.
– Әуелі қорғасын қазандықта балқытылып, дайындалған соң, баспаханадағы линотип машиналарына жеткізіледі. Линотипистер редакциядан келген мақалаларды осы линотип машиналарымен теріп болысымен, басылып шыққан әріптер А-2 форматтағы төртбұрышты темір рамкіге орналастырылады. Дайын болған беттер матрица қағазына түсіріліп, төмендегі стереотипер машинасынан бет болып құйылып шығады. Бір-біреуі 20 кг болатын беттер арнайы ротация машинасына бекітіліп, үлкен валиктер арқылы рулон қағазға газет болып басылады. Одан соң баспа ісінің шебері Иғал Хайруллин ағамыз газеттің әріптерінің бояуын анықтап өңдейді. Газет дайын болған кезде редакциядан кезекші редактор келіп, газетті басуға рұқсат беретін.
Мен еңбек еткен жылдары облыстық «Коммунистік еңбек» және «Прикаспийская коммуна» газеттерін таңға дейін ротация машинасына басып шығарып, оны реттеп, таң атқанда әзер дегенде бітіретінбіз. Сол 1982 жылдары бір газеттің тиражының өзі 30 мыңды құрайтын. Кешкі 11-де ротация машинасында басылған газет таңғы бесте бітіп, пошта машиналары арқылы облыс пен қалаға жөнелтілетін. Міне, біздің баспаханадағы газет басу процесі осылайша қиындықпен, үлкен жауапкершілікпен шығатын. Егер де газетте бір әріп анық шықпаса, сол жылдардағы баспахана директоры Себекбай Қоржынбаев ағамыздан ертесіне сөгіс алып қана қоймай, сыйақымызды да кесіп тастайтын. Сондықтан аса мұқият болуға бейіл болдық, — деп еске алады Фархат Балғожиев.
Сөйтіп, Фархат Мусаұлы облыстық баспаханада 10 жылдай еңбек еткен уақыт аралығында қорғасын балқытудан бастап, газет басу жұмысының қыр-сырын жетік білетін нағыз білікті маманға айналды. Кейін 1989 жылы Алматыдағы ҚазМУ-ге барғанымен, екінші сынақтан тағы жолы болмады. Сөйтіп Гурьевтегі педагогикалық институтта білім алып, жеті жылдай қаладағы №18 және №10 мектептерде мұғалім болып еңбек етті. Ал 1998 жылы облыстық «Атырау» газетіне жұмысқа орналасып, жарнама бөлімінің менеджері қызметін атқарды. Нарық талабының заңдылығына сай «Атырау-Ақпарат» КМК-ның қосымша табыс көзін табудағы іс-әрекетіне белсене араласты, мекеменің әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысты. «Атырау» газетінің жарнамаға берілген 4-5 бетін 4 жыл қатарынан өзі құрғызып, ақылы жарнамаларды да өздері орналастырғанын «Атырау-Ақпарат» КМК-ның сол жылдардағы басшылары жақсы білетін және әділ бағасын беріп, бірнеше рет марапатқа да ұсынды.
Жеті қырлы, бір сырлы
Газет саласын жақсы меңгерген Фархат Мусаұлы 2005 жылы өз алдына «Жайық толқыны» газетін ашса, 2009 жылы «Құлыншақ» балалар газетінің редакторы болды. Сонан соң 2014-2016 жылдары Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. Шығармашылық бағытта кемеліне келіп, талай асулардан, биік белестерден өткен ол 2016-2023 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Журналистика» кафедрасында оқытушы және «Университет» газетінде редактор болып абыройлы еңбек етті. Ал 2019 жылы араға 40 жыл салып барып өзі бала күнінде армандаған арманына қол жеткізіп, Алматы қаласындағы ҚазМУ-ді журналистика мамандығы бойынша тәмамдап, қолына сан жылдар арман еткен дипломын алып шықты. «Ізденген жетер мұратқа» деген осы емес пе, қадірменді оқырман!?
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Фархаттың бойында шығармашылық қасиеті жетерлік. «Қаламды ғалым ұстасын, найзаны батыр ұстасын» дегендей, ең алдымен ол – ар мен намысты қалам ұшына байлаған ақын. Әртүрлі тақырыптағы сырлы өлеңдері мерзімді баспасөзде, аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұрды. Ақындығымен қоса, оның тәңір берген сазгерлік өнері де бар. «Анашым», «Бекет ата», «Әке», «Қарындасыма», «Бүйрегім», «Өмір сыры», «Есіңде ме сол күндер», «Немерем» т.б. әндері де баршылық. Фархаттың асабалық өнері көпке аян. Торқалы тойда ортаны үйіріп әкетерлік ақындығы мен шешендігімен, топырақты өлімде жаныңды жұбатарлық жұғымды өсиет сөздері мен көпшіліктің көңілінен шығып келеді.
Ол тіпті өмірінде өзі жайлы өзгеге айтып, мақтануды да білмеген жан. Кейбіреулер сияқты ат үстіндегі азаматқа жағып қалуды көздейтін немесе өзіне пайда тимесін сезген кезде жалт беретін жолдастықтан ада. Азаматтыққа арқау болар алты ауыз сөзі бар, ұлт дегенде ұлағатты сөз айтар сергек ойлы және біреуге болсыншы деп тұратын азамат. Жан-жары Гүлнәр екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ұрпағының қызығын қызықтап отырған тәубалы отбасы, өнегелі жанұя. Жылдар сырғып өтсе де, Фархат туған жері-ауылы, өскен ортасы, ағайын-бауырларымен байланысын да үзбей келеді. Жарық дүниеге ғашық, болмашы бірдеңе үшін жайраң қағып жүретін Фархат Мусаұлын біз бір қырынан осылай таныдық.
Қосұйым МҰҚАШЕВ,
әріптесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі