Басбасылымнан батаалған

ол Амандосов мектебінің алғашқы түлегі еді

Жылыойдың тұңғыш кәсіби журналисі, сексеннің сеңгіріне шыққан Қален Кідібасовпен қырық жылдан бері етене таныспын. Оның өмірнамасы, қоғамдық-саяси және мәдени саладағы еңбек жолдары жақсы мәлім. Бүгінде ол – Жылыой ауданының Құрметті азаматы. Бірақ, айтайын дегеніміз тіптен бұл емес, ол – Қалекеңнің үлкен өмірге алғашқы қадамын облыстың бас басылымы – «Социалистік құрылыс» табалдырығында жасап, осы жерден тәлім, сабақ алғандығы. Біз де мереке қарсаңында Қадекеңмен жүздесіп, тілдесіп қалдық.

 

 

– Қалеке, ҚазМУ-де тіл-әдебиеті бөлімінен журналистика бөлініп шығып, 1955 жылы оған Тауман Амандосов декан болған кезде оқыдыңыз, сірә, журналистердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеген Амандосовтың алтын ұясының алғашқы қарлығаштары сіздер боларсыздар?

– Бек мүмкін, 1956 жылы тамыз айында жолдамамен облыс орталығындағы «Социалистік құрылыс» газетіне бағытталдық. Менімен бірге бұрын осы басылымда жұмыс істеп кеткен, енді теориялық жағынан қаруланып Көптілеу Мақашев қайта келді. Ол Тауман Амандосовтың немере інісі, сол үйде жатып оқып еді. Қатарымызда Нығмет Айымбетов бар, ол да осы саланың диплом иесі. Облыстық газеттің бұрынғы әдеби қызметкері Әбілқайыр Кенжебаев та жоғары партия мектебін бітіріп, қайта келіп жатыр екен. Бізді сол кездегі газет редакторы Абдолла Құрманаев қабылдағаннан кейін кімнің қай бөлімге баратыны белгілі болып қалды. Әбекең партия бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды да, мен және Әміреш Жұмағалиев осы бөлімге әдеби қызметкер болып орналастық. Көптілеу ауыл шаруашылығы бөліміне, Нығмет мәдениет  бөліміне  бағытталды.

– Газет – шығармашылық топтасқан ұжым. Редакциядағы жетекші буыннан, басқа да әріптестеріңізден кімдер есіңізде қалды?

–  Ол кезде редактордың орынбасары Уәжит Машанов, жауапты хатшы Берік Қорқытов еді. Рахымғали Алмағанбетов өнеркәсіп бөлімін басқарды. Жауапты хатшының көмекшісі Сапағали Шәкімов деген жігіт болды. Дайын мақалалар Ақажан Тілеуімбетованың машинкасынан үздіксіз шығып жататын. «Газет шежіресінің ақтаңдақтары» тізіміндегі Жәкен Жаналиннің әдеби қызметкер және өзге өңірдің тумасы екенін жақсы білемін. Ал, аға буын фотограф Сергей Огайды әлі ешкім ұмытпаған болар.

–  Сонымен газеттің қым-қуыт тірлігіне кірісіп кеттіңіз…

–  Иә, алғаш рет алтын бесігім – Жылыой топырағына қадам басып,  «Қазақстан» колхозына іссапарға шықтым. Колхоз төрағасы – Таскарин Жұбандық ағамыз. Қымызбен шөл басып, шаруашылықтарды араладық, мал жайылымына да шықтық. Сол жолғы сапардан жазылған «Алыстағы малшылардың арасында» мақаласы астына «Үгіт-насихат жұмыстары ұмыт қалған» тақырыпшасымен берілгені есімде. Ол «Партия тұрмысы» айдарымен жарық көрді. Бұдан кейін де тұрмыстық тақырыпта, ішімдікке үйір жандар хақында «Осындай да болады», зейнетақысы тұңғыш рет өскен «Қарт қуанышы», Петровский зауытынан «Кол.договордың орындалуына бақылау жоқ» сияқты мақалалар жиі жарық көріп жататын.

Біз газетке тыңды игеру жүзеге асып, мемлекет қамбасына 1 млрд. пұт астық құйылған жылмен тұспа-тұс келдік. Сол науқанды шақта КазТАГ, ТАСС арқылы тарайтын хабар-жаңалықты жазып алу үшін қашан берілгенше кезекшілікте сарыла күтіп отыратынбыз.

– Аудандық газетке ауысып келуіңізге не себеп?

–  Ол кезде Жылыойда аупарткомның бірінші хатшысы Өтеп Балғымбаев болатын. Бір кездескенімізде «Жылыойдың жігіті екенсің, аудандық басылымға да журналистік төл оқуы бар өзің сияқты сауатты маман кадрлар керек-ақ, ниет білдірсең, ауысу жағын жоғарғы басшылықпен өзім реттеймін» дегені. Келістік.  Осыдан кейін екі тілде шығатын аудандық «Коммунизмге алға» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқардым.

Уақыт ағымы, талабы алдан жаңа мүмкіндіктер ашты. Ембі аупарткомында лектор-консультант, нұсқаушы, 1965-1975 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитет төрағасы, аудандық кино жүйесі директоры (1975-1987) қызметтерін атқардым.

Қален ағамен арадағы әңгіме осылай түйінделді. Ол кісінің бірнеше дүркін аудандық Кеңестің депутаты болғаны, «КСРО мәдениет қызметінің үздігі» және Жылыой ауданының Құрметті азаматы екендігі,  осы ғасыр бастауында «Жыл адамы» номинациясы жеңімпазы атанғаны – қоңыртөбел күйден қара үзіп шығып, мағыналы да мазмұнды, ғибратты ғұмыр кешкенінің жарқын белгісі бола алса керек. Қағылез қарт қазіргі шақта да дамыл таппай, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ара-тұра «Атымтай жомарттар көбейе түссін десек…» («Егемен Қазақстан»), «Қара домалақтың аты кім болады?» («Жас Алаш»), «Құлсары атауы қалай пайда болған?» («Кең Жылыой»),  «Алаштың Тұманбайы» («Атырау») сияқты  әркімге ой салатын тұшымды мақалалар жазып жүр…

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз