Жарнама
Қоғам

Басқұрлар бар сан алуан…

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жинақталған жәдігерлерден «Тоқыма әлеміндегі басқұрлар сыры» атты көрме ұйымдастырылды.

349

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген көрменің мақсаты ұлттық құндылықтарды құрметтеу, насихаттау болып табылады.

Басқұр дегеніміз – уық пен керегенің түйіскен жерін артынан бастырып таңатын киіз үйдің ішіне сән беріп, безендіріп тұратын шаңырақтың төмендеу жерінен уықты орайтын жалпақ бау. Ені шамамен 25-30 см болады. Ол әр түсті жіптерден алаша секілді тоқылады. Басқұрды түйе, қой және жылқы қылы қосылған ешкі жүнінен тоқиды.

Музей қорында 140-тан аса басқұр жинақталған. Музейдің этнография және өлке табиғатын ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Светлана Нұрпейісованың айтуынша, қордағы ең көне басқұр 1970 жылы тапсырылған. Бұл жылыойлық қолөнер шебері Жанбөпе Жылқыбаеваның келіні Рысты Балжігітоваға сыйға берген дүниесі еді. Рысты әжей кейін ұлттық жәдігерді музейге тапсырған.

Ене мен келіннің арасындағы сыйластықты білдіретін тағы бір басқұрды кейін Рысты әжейдің өзі де тоқыған. Міне, бұдан дәстүр сабақтастығын көруге болады.

Сондай-ақ, 1999 жылы музейдің жаңа ғимаратқа көшу салтанатына орай Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов жеті қанатты киіз үйді жабдықтарымен сыйға берген болатын. Оның да ақ түкті басқұры музей қорында сақталған.

Жалпы, қазақ халқында киіз үйдің керекті жабдықтарын жасауда ерлермен қатар әйелдер де жұмысқа кіріседі. Соның ішінде басқұрды әйелдер жағы өреді. Басқұр, иін баулар өрмек құралымен тоқылады. Бұл дәстүр – ұлтымыздың ұрпақтан ұрпаққа қалдырып келе жатқан ежелгі өнерлерінің бірі.

Нұргүл Ысмағұлова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button