Жарнама
Қоғам

БАРШАНЫҢ «БАС АУРУЫ» НЕМЕСЕ КҮРМЕУІ КҮРДЕЛІ КООПЕРАТИВ

Ал, осы ПИК-тер жұмысы қалай ұйымдастырылып отыр? Олардың жұмысын қалай жандандыруға болады? Осы жайларға орай біз бірқатар үйлерді араладық.  

Әрине, көп қабатты үйде тұратын әрбір отбасы жақсы да жайлы өмір сүргісі келеді. Соған сай қызмет көрсеткенді қалайды. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, қала басындағы ПИК-тердің бәрі ойдағыдай жұмыс істеп жатыр деуге тағы болмайды. Олардың арасында тосыннан тұрба жарылғанда  соны жөндейтін жұмысшысы жоқ ПИК те бар. Аяқ астынан слесарь мен сантехниктің көмегі керек болса, бір реттік қызмет көрсететін шеберді шақыра қоятындар бар. Мұндайда олардың уақыты болып, көмектессе жақсы. Келіп үлгермесе, жаңағы пәтердің тұрғындары сорлайды: суға кетеді не тағы басқа қиындыққа тап болады.

Әбден мезі болған тұрғындардың өздерінің ПИК-інен жөндеуші слесарьды ұзақ күтіп, ақыры келмеген соң, өз қаражаттарына хабарландыру арқылы слесарь шақыртатыны жасырын емес. Тіпті үй мен үйдің арасындағы (сырттағы) су тұрбаларынан ақау шыққанда да слесарь жігіттер жедел келіп болмайды. Бұл айтылғандарға күз, қыс айларында толықтай қапталып тұруға тиіс жылу тұрбаларын қосыңыз. Өкінішке орай, олардың бәрі бірдей қапталмайды. Алау-далауы шыққан олардың жылуы пәтерлерді емес, даланы «жылытады». Мұны көре тұра қол қусырып отыра алмайтын тұрғындардың өздері үйлерінен ескі-құсқы төсеніш-көрпелермен жылу тұрбаларын қаптаған болады. Қақаған қыста пәтері жылынбай, қоңырсалқын күйде болса да, жылудың толық ақысын, өкінішке орай, үй иелері төлейді. Ал, ПИК басшылығы қайткенде де ақша жинауды ұмытпайды.

Бүгінде «КСК» аталып кеткен пәтер иелері кооперативінің түйінді мәселесі көп. Тұрғындардың бір тобы «солар неге керек, не пайда олардан?» десе, кооператив басшыларының да бұл туралы өз ой-толғамдары бар. Өзіміз арнайы барып, әңгімелескен Атырау қалалық пәтер иелері кооперативі қауымдастығы төрағасының орынбасары Төлеуғали Сәменов біраз жайдың бетін ашқандай болды. Қазір қаладағы қауымдастық құрамында 35 ПИК бар екен. Бір қызығы, олардың тұрғындардан алып отырған пәтер ақылары әртүрлі. Дұрысында ол ақы бірдей болуы керек. Мәселен, бүгінде бір кооперативтікі 1шаршы метрге — 21, екіншінікі — 25, үшіншінікі — 27 теңге. Егер қала бойынша жай тұрғынның төлейтін ақысы (дөңгелектегенде) 1шм -ге 30 теңгедей болса, онда сол үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкен қожайынының (дәмхана, дәріхана, т.б.) кооперативке төлейтіні 60 теңгеден кем болмауы керек көрінеді.

Соңғы он алты жылдан  бері осы ПИК айналасында жұмыс істеп келе жатқан Төкең басқаратынПИК өткен жылы Астана қаласында өткен республикалық жиында еліміздегі 14 облыс пен екі қала арасынан оза шығып, жүлделі екінші орынды иемденген. Бұрын «Альбина», кейін «Бәйтерек алаңы» аталған кооператив құрамында қазір 28 үй бар. Оларға барлығы 44 қызметкер, соның ішінде 18 аула тазалаушы қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда сол 28 үйдің бәрі дерлік қысқа дайын тұр. Өз жұмысын бес саусақтай білетін кооператив басшысы тұрғындардың арасында пәтер ақыларын айлап, жылдап төлемейтіндердің кездесетінін, тіпті бас-аяғы 5-10 мың теңге қарызбен бой тасалап, кәдімгідей «қашып» жүретінін ашына айтты. «Бір үйдің тұрғындары пәтер ақыларын 40-50 пайыз төлеп отырса, тағы бір үш үйдің тұрғындары ақыларын ай сайын 90 пайызға жабады», — дейді.

Жоғарыда айтқанымыздай, қаладағы қайсыбір ПИК-терде аула тазалаушы, слесарь дегендер атымен жоқ. Болғандарының өзі бір күн сау жүрсе, екі күн ішіп кететіндер. Бекітіліп берілген көп қабатты үйлердің дәліздері мен ауласын тазалау — олардың басты жұмысы. Бірақ, соған қарамастан, үй маңының арамшөптері өсіп, қазіргідей маса-сона шыққан кезде едәуір қиындық келтіріп отырғанын айтпай болмайды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Абай көшесіндегі №30 және 28-ші үйлер аралығындағы су құбыры жарылды. Түннің бір уағы. Тосыннан жарылған құбыр суы сырт жақты толтырып, үй ауласына келіп жетті. Не керек, үйде бар көршілер болып дүрлігіп, анда-мында хабарласып жатырмыз. Сонда біз олардан: «Ол жердегі құбырдың иесі жоқ, «бесхозный». Біз ештеңе жасай алмаймыз!» — деген жауап алдық. Қаланың қақ ортасындағы құбырдың қалайша иесі болмайды, түсініксіз.

Тағы бір қиын мәселе — тұрғын үйлер арасында орналасқан орталық кәріз құбыры. Егер осы құбыр майдан, қоқыстан бітеліп қалса, онда соның бәрі кері қарай лықсып, бірінші қабаттағы пәтерлерден шығады. Осыны тұрғындар біресе ПИК-ке, біресе «Атырау Су Арнасына» хабарлап шаршайды.

…Бірде жас отбасының жарық үшін «Қазпошта» бөлімшесіне төлеген ақшалары «Атырау Жарық» есепшотына түсіп болмайды. «Жарықтың ақшасын төлемеді» деген желеумен «жарықшылар» олардың пәтерінің сыртынан, үйде кісі жоқта, электр сымын қиып кетеді. Аталған мәселемен олар екі күндей жүріп, зорға дегенде сымдарын қайта жалғатады. Осы әңгімені естіген Төлеуғали Сәменұлы: «Атырау Жарық» қызметкерлерінің тұрғынның пәтері сыртынан электр сымын қиюы дұрыс емес. Электр жарығы сымы (линиясы) щиттен пәтерге шейін ПИК-ке қарайды. Кейбірі осылайша қиып кетіп, «КСК-ларың жалғап береді, соларға айтыңдар!» — дейді екен. Біз мұны қашанғы айтып келеміз, бәрібір қайталана береді…» — деп ренжіді.

Жалпы, жұмыс жасамайтын ПИК-терді таратып, оның орнына басқасын құру, өзге төраға сайлау — сол тұрғындардың өздерінің құзырында. Бірақ, тұрғындардың өздері осыған аса қатты мән бермейді. Тұрғындар да, ПИК-шілер де өз міндеттері мен қызметтерін ойдағыдай орындаса, шағын үйдің басынан соры емес, бағы кетпес еді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button