БАРШАМЫЗ АЛДЫНДА БАС ИЕТІН…
Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жасалып жатқан кез-келген жұмыс жас ұрпақты жаңа бағытқа, жаңа талапқа, жаңа мәдениетке ұмтылдырады. Сондықтан да, мектеп оқушысы ұстазының әр сабағынан жаңалық, тосын нәрсені білуге ұмтылып тұрады.
Әр оқушының осындай талабын қанағаттандыру мақсатында ұстазға үзбей ізденіс, шаршамай шабытпен жаңа әдістерді меңгеріп қана қоймай, оны әр баланың психологиясына, қабілеттеріне сәйкес өзгертіп, нәтижесінде, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасқан ұрпақ өсіріп шығару міндеті жүктеледі. Әр адамның жүрегінде ерекше орын алған, жылы ілтипатымен, даралығымен, қарапайымдылығымен шәкірт жүрегін жақсылыққа бағыттай алған ұстаздар бар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстаз Аристотель» десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Менің де өмірімде өзіндік орындары бар ұстаздарым бар. Мәселен, №18. Н.К.Крупская атындағы орта мектебінде кезінде еңбек еткен ұстаздарды жылы ілтипатпен еске алғым келеді. Тарих пәнінен Сәруа Сарбаева өте қарапайым, бар оқушыны мейірім шуағына бөлеп тұратын еді. Оның әр сабағына келгенде барлық оқушы ізгіліктен нәр алатын, сабаққа ешбірі кешікпейтін. Себебі, ол бізді қанаттандыра отырып, сабақты шебер тілмен түсіндіретін. Алма Арбакулова, Сәуле Құлшиева, Бақыт Құрбанов, Қайша Шақшиева, Теңдеш Шманова, Ақкенже Доскалиевалардың ұстаздық асыл қасиеттері шәкірт жүрегіне ұялап қалды. Алма Арбакулованың күле қараған мейірімді жүзі, Сәуле Құлшиеваның даусындағы ілтипатты қолдау, Бақыт Құрбанов пен Теңдеш Шманованың әдебиет әлеміне баулуы, кез-келген сабақтары сахналық көрініспен көркемделіп, біздің үнемі шабытымызды шарықтатын, біз мектептен кеткіміз келмейтін. Мектептегі ұстаздарымыздан жоғары адамгершілік ізгі қасиеттерді ала білгенімізге ризашылығымды білдіреміз.
Мұғалім өз міндетін орындау үшін қандай кәсіби қасиеттерді иеленуі тиіс? Жеке қызығушылықтары мен қалауларына тәуелсіз шындыққа сүйену – нағыз адалдық, рухани-адамгершілік қасиеттерін жетілдіру. Егер мұғалім өз ісін сүйсе ғана, ол – жақсы мұғалім. Егер мұғалім ата-анасы сияқты оқушыны сүйсе, онда ол бүкіл кітаптарды оқып шыққан мұғалімнен де артық болады, бірақ өз ісіне де, оқушыға да сүйіспеншілік танытпайды. Егер мұғалім өз ісі мен оқушыға сүйіспеншілігін біріктірсе, онда ол – кемел мұғалім.
Мұғалімге басты екі қасиет қажет. Олар – қарапайымдылық, өз кемшіліктерін ұғыну үшін, және де кемелденуге тілек. Осы қасиетін толықтырып отырған мұғалім ұрпағы үшін алаңдамауға болады. XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше, бізге ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Әрбір ұстазға мынандай тілек айтқым келеді:
Өзіңіздің өмірлік, педагогикалық тәжірибеңізге талдау жасаңыз және өзіңіздің негізгі педагогикалық өсиеттеріңізді жазыңыз. Мына сөз әр ұстазды шабыттандырар деген үміттемін: «Мен баланың шырағын жағуүшін мектептемін!». Шырақтарыңыз нұр болып төгілсін.
Айжан ҚҰЛНИЯЗОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Тұлғаны тәрбиелеу
және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша тренер.