Жарнама
Қоғам

БАРША МҰСЫЛМАННЫҢ ҰЛЫҚ МЕЙРАМЫ

Қасиетті Құрбан айт мерекесімен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан өңір басшысы орынбасары Шыңғыс Мұқан мешітке жиналған барша жамағатты құттықтады. «Сәби дүниеге келгеннен бастап, о дүниелік болғанға дейінгі уақыттан әдемі үндестік таба білген халықпыз. Бастауын сонау сегізінші ғасырдан алатын ислам діні қазақ даласына бейбіт уақытта тарады. Халқымыздың өз ішінде ешқашан жанжал, бірін-бірі жек көру деген болмаған. Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп атап өткен ол түр-түске, дінге, тілге бөлінудің соңы тәуелсіздігімізге нұқсан келтіру мүмкін екендігін айтты. 
Одан әрі Арафат тауына қажылыққа кеткен мұсылмандардың да бүгінде құрбан шалып жатқандығына тоқталған ол, «Жаратқан иеміз шалған құрбандығымызды қабыл еткей» деген тілегін жеткізді.
Өз кезегінде облыстың бас имамы Амантай Садиев барша жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, айт намазы оқылғаннан кейін құрбан шалынатындығын жеткізді.
Бұдан соң айт намазы басталды. Алты мыңға жуық адам бір уақытта намазға жығылды. Осы жерде ерекше айта кетерлігі, іші-сырты лық толы мешіттен орын таба алмағандар Алла үйінің ауласының сыртына да жайғасып, құлшылық етіп жатты.
Айт намазы аяқталған соң құрбан шалу рәсімі басталды. Құрбан шалу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, қала әкімі Серік Айдарбеков те қатысты.
Білгеніміздей, Құрбан айттың алғашқы күні бір ғана орталық мешітте жүзге жуық құрбан мал сойылған. «Мал етін мешітке әкеліп тастап кеткен жамағаттың құрбандығын тізім бойынша мұқтаж жандарға таратып бердік. Жалпы Құрбан айттың алғашқы күні мешітке екі жүзге жуық қой келді. Орынның тарлығынан жүзге жуық малды арнайы соятын орындарға жөнелттік» дейді бас имам Амантай Садиев.
Осы жерде айта кету керек, қасиетті мерекенің алғашқы күні орталық мешітте спорттық сайыстарда өтті. Қазақша күрес, қол күресі, садақ ату және тас көтеру түрлері бойынша өткен спорттық сайыстардағы жеңімпаздар үшін арнайы бәйге де тігілді. «Бірінші күннің өзінде арнайы тігілген аттракциондарда 500-ге жуық сәби алаңсыз ойнады. Мереке күндерінің соңына дейін бұл аттракцион тігулі тұрады. Осының өзі асыл дініміздің елге деген қамқорлығы ғой» дейді бас имам.
Қасиетті мереке Құспан молла мешітінде де бар салтанатымен өтіп жатты. «Әсіресе, айттың алғашқы күні келушілер, намазға жығылушылар көп болды. Мешітке келіп, құрбан шалып, бірі малын бүтіндей, бірі бір бөлігін тастап кетіп жатқан жамағаттар да көп. Мұндай құрбан малдар мұқтаж жандарға таратылып жатыр.
Мал бағасында аса өзгеріс байқалған жоқ. Бастысы, қымбатшылық орын алған жоқ. Сондай-ақ мал биыл өте көп әкелініп сатылды. Алушылар да көп болды. Мұның өзі имандылықтың халықтың тұрмыс дәрежесінің, әлеуетінің түзелгенінің белгісі ғой» дейді Құспан молла мешітінің қызметкері Асқарбек Нұрғалиев. «Бастысы, жүректегі Аллаға деген сенім, Жаратушыға деген махаббатымыз бен ықыласымыз ғой. Қасиетті мерекедегі ниетімізді Алла қабыл етсін» дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, Құрбан айт басталған қазанның он бесі күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында рухани кеш болып өтті. Оған Облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев қатысып, исламтанушы-теологтар Ерсін Әміре, Ерғали Алпысбаев және облыстың бас имамы Амантай Садиев ислам дінінің кереметтері туралы уағыз оқыды.
«Кездесу үш жүзге жуық адамды қамтыды. Рухани кешке жат ағымның жетегінде жүрген жастар да келді. Қасиетті мереке аясындағы игі шаралар олардың жүрегіне иман ұялатып, өз дінімізге оралуға ықпал етеді деген үміттеміз» дейді дін қызметкерлері.
Құрбан айт мерекесі Атырау облысында бірлік пен келісімнің ұйтқысындай болып өтуде. Осы жерде айта кеткен жөн, құрбандық айттың алғашқы үш күнінде де шалынады. Құрбан айт қабыл болсын, ағайын!

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button