Бар жақсымыз – балаларға!

Халықаралық балаларды қорғау күні Атырау қаласында да лайықты аталып өтті.

Алдымен, Жұмыскер кентіндегі Исатай Тайманов атындағы орта мектепте Атырау қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Балдәурен – бағым, қуаныш пен шаттық ордасы» тақырыбында тағылымды шара ұйымдастырылды. Мерекеге арнап мектеп ұжымы мен оқушылар жиналғандар алдында  өнерлерін көрсетті.  Соңында оқушылар арман-тілектерін жазып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 шарды заңғар көкке ұшырды.

Мереке қарсаңында жазғы демалыс лагерьлері де өз жұмысын бастады. Барлығы 1748 оқушыға 32 мектептен сауықтыру кешені ашылды. Олар екі кезеңде, яғни, маусымның 1-13 және 14-30 күндері аралығында жұмыс жасамақ.

Мерекелік шара 280 орындық №19 «Шұғыла» балабақшасында жалғасын тапты. Мұнда бүлдіршіндер үш тілді меңгеруде. Небәрі бес жыл ішінде балабақша түрлі деңгейдегі шараларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Тәрбиеленушілер қызықты көріністер қойып, әдемі билерімен баурады.

Бұл күні «Сафари» мейрамханасы Атырау қаласындағы №3, 16 және 19 мектептердің жүз оқушысына тәттілер  ұсынып, мерекемен құттықтады.

Нұрислам  ҒҰМАР.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз