«БАР ОЙЫМ БАЛАНЫ ҚҰТҚАРУ БОЛДЫ» ДЕЙДІ ПОЛИЦИЯ ЛЕЙТЕНАНТЫ АМАНГЕЛДІ МҰҚАШЕВ
Азаматтық парыз
Әлі күнге қоғамда пікірталас тудырып отырған сол бір оқиға абырой болғанда, адам өлімінсіз аяқталды. Оқиғаның осылай бітуіне себепші болған біздің кейіпкеріміз өзін аса бір айтарлықтай ерлік жасадым деп есептемейді. «Мен – полицеймін. Сондықтан, ол менің азаматтық міндетім. Әрі қызметтік парызым. Ойланып тұруға уақыт болған жоқ. Бар ойым сәбиді аман алып шығу еді. Бейкүнә періштенің әлсіздеу ғана шығып жатқан дауысын естігенімде тұра алмадым. Өйткені, өзім де әкемін. Менің де балам бар»,- дейді ол.
Бүгінде сәби дін аман. Нағашы әжесі бағымға алған. Белгісіз себептермен әжетханадан табылған шақалақтың анасы 1993 жылғы азаматша екен. «Оның ақыл- есінің дамуы тежелген. Тіпті, ол сәбидің қандай жағдайда туылғанынан да бейхабар сияқты. Қазір оны жүкті еткен адамды жауапқа тарту мәселесімен тергеу бөлімі айналысып жатыр. Полиция саласына қызметке тұрғалы мұндай оқиғамен бірінші рет кездесіп тұрмын. Бұл – сұмдық»,-деді Амангелді.
Көп сөзге жоқ кейіпкеріміз бізбен ашылып әңгіме айта қойған жоқ. Әр сұрағымызға ұзақ ойланып, қысқа ғана жауап беріп отырды. Газет өкілінің оқиғаға қатысты әр детальды тәптіштеп сұрап, кейін оны басылымға жария ететінін де ұната қоймаған сияқты. Себебі ол, «полиция ретіндегі міндетімді орындадым» деп есептейді. Бір қарағанда, солай ғой. Бірақ, жедел шешім қабылдауды қажет ететін жағдайларда кез келген адамның батылы жете бермейтін қадамға барудың өзі үлкен ерлік екенін ескеруге тура келеді.
Әрине, бейкүнә сәби өзінің құтқарушысының кім екенін білмейді. Бірақ, Амангелді үшін оның орны ерекше болып қалады. «Оқиғадан кейін сәбиді үйіне барып көріп кеттім. Жағдайы бірқалыпты. Әжесі бағып жатыр. Ендігі жерде оның үлкен азамат болып қалыптасқан сәтіне куә болғым келеді» дейді Амангелді.
Иә, бала кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Осы орайда, Амангелді өзінің әрі әке, әрі полицей ретінде педофилдердің көбеюіне алаңдайтынын айтты. «Бала – біздің байлығымыз, болашағымыз. Сондықтан, олардың қаскүнемдердің құрбанына айналуына мейлінше жол бермеуге тиіспіз. Бұл орайда барлық саладағы қызметкерлер арасындағы психологтардың жұмысын күшейту маңызды»,-деді ол.
Бөле-жара айтар жайт
Осыдан бірнеше жыл бұрын Таразда лаңкестік оқиға орын алған еді. Сол күні полицей Ғазиз Байтасов, жеті адамның өмірін қиып, үш адамды жаралаған лаңкесті ұстау үшін бойына жарылғыш затты жасырған қылмыскерді кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан болатын. Осылайша, көптеген адамның тағдырын аман алып қалған Ғазиз Байтасовқа Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ол оқиғадан кейін де талай уақыт өтті. Бірақ, Ғазиз Байтасов халық жадында мәңгі өшпес есім ретінде жатталып қалды.
Бұл әңгімені текке қозғап отырғанымыз жоқ. Кейде орталық арналар қарапайым азаматтарды өрттен, судан құтқарып қалған полицейлер туралы хабар таратып, оларды өз ісінің майталмандары, бейбіт күннің батырлары ретінде насихаттап жатады ғой. Біздіңше, полиция лейтенанты Амангелді Мұқашевтың есімі де осындай бүгінгінің батырларының қатарынан аталуы керек. Себебі, ол да бейбіт күнде бейкүнә сәбидің өміріне араша түсіп, оның аман қалуына септігін тигізді.
Ең бастысы, Амангелді қатаң тәртіп сақшысы ғана емес, үлкен адамгершіліктің иесі екендігін де дәлелдеді. Былайғы жұрт жиіркене теріс айналатын нәжістің арасына ойланбай түсіп, өмірге енді ғана келген нәрестені құтқарып қалды. Сол арқылы нағыз азамат жігітке тән іс атқарды.
P.S.Біздіңше, Амангелді Мұқашев сынды тәртіп сақшыларының ерлік істері қашан да насихатталып отыруы тиіс. Сонда ғана біз жақсылыққа жаны құштар адамдардан, антына адал полицейлік құрылымнан тұратын өркениетті қоғамға жете аламыз.
Атырау – Құлсары – Атырау.