Балық шаруашылығының болашағы бар ма?

balyk sharuashylygy Қоғам

БІР КЕЗДЕ БАҒАЛЫ БЕКІРЕ БАЛЫҒЫМЕН АТЫ ӘЙГІЛЕНГЕН АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ ҚАЗІР ДЕ МҮМКІНДІК МОЛ. БҮГІНДЕ ОБЛЫСТА 19 КӘСІПОРЫН БАЛЫҚ АУЛАП, ОНЫ ӨҢДЕУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ. РЕСМИ МӘЛІМЕТ БОЙЫНША ОЛАР БИЫЛ 12 МЫҢ ТОННА БАЛЫҚ АУЛАҒАН. КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЖАЛПЫ ЖЫЛДЫҚ ҚУАТЫ – 194 МЫҢ, АЛ ТӘУЛІГІНЕ – 871 ТОННА. БІРАҚ, БҰЛ ЖАЙЫҚ-КАСПИЙ БАССЕЙНІНІҢ БАЙЫРҒЫ ҚУАТЫНЫҢ ЖАРТЫСЫНА ДА ЖЕТПЕЙДІ.

Балық шаруашылығының құлдырауына алдымен Жайық пен Қиғаш өзендеріндегі судың тапшылығы себеп. Өзен арналары тайыздағандықтан, Каспий теңізінен тұщы сулы өріске шығатын су маржандарының өрісі тарылды. Бұрын Жайық өзенін бойлап, Индер ауданы аумағына уылдырық шашатын бекірені енді тек теңізден ғана көруге болады.

Ендігі мақсат – жыл он екі ай бойы қолда бағылатын тауарлы балық фермаларын құру. Бұл бағытта Атырауда 2 шаруашылық жұмыс істейді. Олар жылына 15 мың тонна бекіре балығы мен 1 тонна қара уылдырық өндіріп, экспорттап келеді. Болашақта олардың жылдық қуатын 130 тонна тауарлы балық, 4 тонна азықтық уылдырық өндіруге жеткізу көзделіп отыр. Былтыр Атырауда «Балық шаруашылығын өркендетудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» қабылданған еді. Соның нəтижесінде 9 жоба іске қосылатын болды. Атап айтқанда, тоғанда балық өсіретін 7, тор қоршамада балық өсіретін 1 шаруашылық жəне 1 балық өңдеу цехы салынады. Оның барлығы іске қосылғанда тауарлы балық өсіру көлемін 15,1 тоннадан 7 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көрсеткішін 11 мың тоннадан 18 мың тоннаға жеткізуге болады.

Сондай-ақ, облыста жаңадан 300 жұмыс орны ашылмақшы. Тірлігі көк теңіз бен өзендерге тəуелді балықшылар үшін Жайық жəне Қиғаш өзендерінің маңызы өте зор.

Қазір екі өзеннің Каспий теңізіне құяр сағасы 30-40 сантиметрге дейін тайыздап кетті. Үш-төрт жылдан бері Жайық, Қиғаш өзендерінің теңізге құяр сағаларын тереңдету жұмыстары басталып кетті. Бірақ, жұмыс əлі мардымсыз болғандықтан, балықшылар маусымдық пайдаларынан қағылса, балық өсіруші зауыттар жоспар үдесінен шыға алмай келеді. Атыраудағы бекіре шабақтарын өсіретін екі зауыт жылына 7-8 миллион дана шабақ шығарып, теңізге жібереді. Алайда, соның өзі жыл санап өзекті проблемаға айналып барады.

– Бізде ең үлкен əрі өзекті екі проблема бар. Оның біріншісі – Каспий теңізінің тартылып, Жайық суының азаюы. Əрине, табиғи құбылыс дегенмен, мұның бекіре тұқымдас балықтың миграциясы мен уылдырық шашуына зардабы тиіп отыр. Бұл үлкен проблема болып тұр. Екіншісі – кəсіпорынның көнелігі. Зауыттар өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, кеңестік стильмен жобаланған. Құрылысы 80-інші жылдары басталып, тек тəуелсіздік алған соң ескі, əрі сол кездегі қымбат технология бойынша іске қосылды. Одан бері де ширек ғасырдай уақыт өтті. Қазір көршілес Ресей мен Əзербайжан өз зауыттарын заманауи технологияға негіздеп, жарақтандырып алды. Тұйықталған сумен қамту жүйесіне қосылған. Соның арқасында бекіренің аталық-аналық үйірлерін құрап, мың басқа жеткізіп отыр, – дейді Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауытының директоры Ғилман Сəрсемəлиев.

Демек, ортақ теңізді пайдаланып отырсақ та, көрші елдерде бекіре балығын қолдан көбейту жоспарлы түрде қолға алынған. Ал, бізде шаруашалықтар əлі күнге табиғи заңдылық пен теңіздегі балыққа тəуелді. Бүгінде зауытта бекіре тұқымдас балықтың небары 200-і ғана бар. Оны қыста ұстайтын орын жоқ болған соң, амалсыздан ашық тоғанға жібереді. Ал, ашық аспан астында бағылған балықтан қандай ұрпақ алынатыны мəлім.

Атыраудағы екі зауыттың тұрақты өнім беруі үшін 10 мың ірі бекіре балығы керек екен. Енді балық өсірушілер мемлекет басшысының облысқа сапары кезіндегі саланы сауықтыру туралы тапсырмасына сеніп отыр. Себебі, экономиканы əртараптандыру тұрғысынан келгенде Атырауда бар мүмкіндікті пайдаланып, бір кезде іргетасы берік қаланған балық шаруашылығын қолға алатын кез жетті. Жайық-Каспий бассейнінен ауланған «су маржанына» шетелдерде сұраныс қашанда жоғары. Бағалы бекірені айтпағанның өзінде, көксерке, жайын, қарагөзді Батыс елдері жеңсік ас көреді. Сол сұраныстың үрдісінен шығып жүрген шаруашылықтар да бар. Бірақ, оның саны тым аз.
Біз аралап көрген кəсіпорын жылына 2 мың тонна балық аулайды екен. Балықтың 30 түрінен 120-ға жуық өнім өндіреді. Келешекте сұранысқа орай шаруашылықты кеңейту жоспарын жасақтап қойыпты.

– Құрманғазы ауданының Шортанбай ауылдық округінде балық зауытымыз бар. Сол зауытты қазіргі стандарттарға сай Еуропада қолданылып жатқан технологиямен қалпына келтіріп, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылуда. Консервілеу цехын жолға қойғалы жатырмыз, балықты ыстау, кесу цехтары жəне балық сақтайтын үлкен тоңазытқыш қоймаларды сатып алу ойда бар. Онда өңделетін балықтың жылдық көлемі 6 мың тоннаға жуық болуы тиіс. Сонша көлемді өңдеп шығару үшін, бізге 10 мың тонна балық керек, – дейді «Амангелді» өндірістік кооперативінің өкілі Саламат Жақсылықұлы.

Балық қоры Каспий де мол болғанымен, оның өзендерге өрістеуі мақсатында балық өсіретін тоғандар құрылысын қолға алмақ. Онда жылына 1100 тонна балық өсіруге болады екен. Сондай-ақ, теңіз балығының генетикалық қорын сақтау мақсатында 10 миллион шабаққа арналған жабық тоған да салынбақ. Қосымша жылына 100 тонна бекіре балығын өндіретін жаңа шаруашылық ашылады. Оның құны – 10 миллиард теңге шамасында.

Əрине, жекеменшік компания ондай қомақты қаражат таба алмасы анық. Сондықтан, Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы қажет.

– Каспий теңізі жəне Қиғаш, Жайық өзендерінен биыл 12 мың тоннаға жуық балық ауланды. Оның 11 мың тоннасы өңделіп, Ресей, Израиль, Өзбекстан, басқа да алыс-жақын шет елдерге экспортталды. Ал, тауарлы балық өсіруге келсек, Атыраудағы екі зауыттың бірі тұйықталған су тоғанында шаруашылық құрса, екіншісі балықты Жайық өзеніндегі тор қоршауда ұстайды. Алайда, ол өте аз. Былтыр қабылданған тауарлы балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының 80 пайызы тауарлы балық өсіруге бағытталған. Оны жүзеге асыру бағытында Атырау облыстық əкімдігі тауарлы балық өсіру жұмыстарын қолға алды. Дайындалып жатқан 9 жобаның екеуі үлкен, қалғандары шағын жобалар. Олар 2022-2025 жылдар аралығында жүзеге аспақ, – дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сəдібекұлы.

Түліктің төлден өсетіні секілді, балық та шабақтан көбейеді. Біз жолыққан мамандардың пікірі Атырауда балық шаруашылығын дамыту үшін бекіре шабағын өсіретін зауыттардың жағдайын жөндеуге ойыса берді. Қазір екі кəсіпорын мемлекеттің меншігінде болғандықтан, қаржыландыру тек Үкіметтің араласуымен, бюджет есебінен ғана жүзеге асады. Оның жобалық-сметалық негіздемесі де дайындалып жатыр. Демек, ол – ұзақ уақытты қажет ететін шаруа. Екінші
жолы – қаржы көзін демеушілердің көмегімен табу. Қазір Атыраудағы ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі Каспий қайраңынан «қара алтын» өндіріп жатыр. Демек, тетігі табылса, табиғат пайдаланушы ретінде Жайық-Каспий бассейніндегі флора мен фаунаның сақталуына мүдделі компания бас тартпасы анық. Егер осы жобалар жүзеге асса, Атырау зауыттары жылына 12 миллион бекіре шабағын шығара алады. Тауарлы балық шаруашылығын өркендетуге қосылған елеулі үлес осы болары даусыз.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз