Балық шаруашылығы: 9 жоба жүзеге асырылады
АТЫРАУДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 16,3 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН 9 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ. ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ХАБАРЛАҒАНДАЙ, БҰЛ ТУРАЛЫ СЕЙСЕНБІДЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА МӘЛІМ БОЛДЫ.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы мен балық саласын дамыту мəселесі қаралған жиында Атырау облысының əкімі Серік Шəпкенов балық шаруашылығы саласын дамыту туралы баяндама жасады. Аймақ басшысы атап өткендей, осы жылдың 11 айы ішінде Каспий теңізі, Жайық жəне Қиғаш өзендерінен 14 мың тоннаға жуық балық ауланып, оның 13,2 мың тоннасы өңделіп, 12,7 мың тоннасы Ресей, Əзербайжан, Израиль жəне өзге шет мемлекеттерге экспортталған. Облыс əкімі сонымен қатар, облыста балық қорын сақтау жəне оны молайту бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Атап айтсақ, өңірімізде бекіре балықтарының қорын сақтау жəне өсімін молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 8 млн. шабақ суға жіберіледі. 2017-2021 жылдар аралығында Жайық жəне Қиғаш өзендерінде 169 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізілген болатын, 2022-2026 жылдар аралығында 295 шақырымға қазу жұмыстары жүргізіледі. Браконьерлікке қарсы күрес шаралары жүйелі іске асуда. Биыл 2620 əкімшілік жəне 62 қылмыстық іс тіркелді. Құқық қорғау органдарының бірлескен шараларының нəтижесінде браконьерлік фактілері өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2019-2021 жылдары жылдам жүретін «Corvet 600»-10 дана катері, «Mercury 200» маркалы 10 дана аспалы моторы, 1-бранвахта, 9-автокөлік алынды, — деді С.Шəпкенов.
Үкіметтің кезекті отырысында облыс əкімі өңірде балық аулаумен қатар тауарлы балық өсіруді дамыту жүзеге асырылып жатқанына да тоқталып, 2025 жылға дейін 16,3 млрд. теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын хабардар етті.
– Оның ішінде 8 -і балық өсіру шаруашылығымен айналысса, біреуі балық өңдеу цехы ретінде салынады. Осы жобалардың нəтижесінде тауарлы балық өсіру көлемі 78 тоннадан 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 12,7 мың тоннадан 25 мың тоннаға артады. Оның нəтижесінде 511 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады, — деді Серік Жамбылұлы.
Өңірде 21 балық шаруашылығы субъектісі болса, оның 19-ы кəсіптік балық аулаумен, 2-і тауарлы балық өсірумен айналысады. Бұл кəсіпорындарда 614 адам тұрақты жəне 3 217 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.
Мəлике МƏЛІКҚЫЗЫ