Жарнама
Қоғам

БАЛЫҚ ШАБАҚТАН ӨСЕДІ

Жалпы, біздің кәсіпорынның құрылып, алғашқы өнім бере бастағанына биыл 15 жыл толып отыр. Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтары қорының азаюына байланысты, оның қорын қалпына келтіру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылысы қолға алынған зауыт 1998 жылдың басында іске қосылған болатын. Содан бері зауыт ұжымы 47 444 850 дана бекіре тұқымдас шабақтарын өсіріп, Каспий теңізіне жіберді. Оның ішінде 6 759 100 дана қорытпа, 5 417 900 дана бекіре, 33 571 150 дана шоқыр, 169 670 дана пілмай балықтарының шабақтары бар.
Биыл кәсіпорын 3 943350 дана бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсірді.
Айта кету керек, зауыт Жайық өзенінің негізгі саласының оң жағалауында, Атырау қаласынан төменге қарай сегіз шақырым қашықтықта, Зарослый елді мекенінің маңында орналасқан. Жалпы көлемі 100,92 га жерді алып жатыр. Зауыттың 20 балық шабақтарын өсіретін тоғандары, автотрактор паркі, қосымша шеберханасы бар.
Ұжымда жалпы 75 адам еңбек етеді. Кәсіпорын қажетті балық өсіретін мамандармен, инженер-техниктермен, тәжірибелі жұмысшылармен қамтылған. Олардың ішінде бас балық өсіруші, екі инженер-балық өсіруші, үш техник-балық өсіруші, бір-бірден гидробиолог, гидрохимик, зертханашы, эколог, гидротехник сияқты мамандар жұмыс жасап келеді. Басым бөлігінің салада тәжірибесі мол. Өндіріс цехының меңгерушісі Ж.Өтеулиева, инженер-балық өсірушілер М.Охасов, Ә.Ибрашева, техник-балық өсірушілер Э.Габдрахманова, З.Жанұзақова, бас механик М.Досанов, су және жылу қондырғыларының шебері Қ.Қабидуллин, тірі жем өсіруші Ж.Қазымованы кәсібін бес саусақтай білетін жандар десек қателеспейміз.
Кәсіпорын ұжымы келер жылдың жоспарларын орындауда бүгіннен бастап тыңғылықты жұмыс жасауда. Су айдайтын насостарды қарап, құбырларын ауыстыру, тоғандарды кептіріп, жыртып, органикалық тыңайтқыштарды себу, Куринский, Улановский, Казанский алаптарын жөндеу, техникаларды жөндеу шаруаларын сапалы жүргізуде.
Бүгінгі таңда зауытты заманауи технологияға сай қайта жасақтау оның қуатын арттыру мақсатында жұмыс қолға алынып, сметалық жоспарының құжаттары қайта жасақталуда.

Майра ЗҰЛҚАШЕВА,
«Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты»
республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас балық өсірушісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button