
Балдәуреннің бір үзігі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай “Атырау” газеті редакциясының журналистері балалық шаққа шолу жасап, жүректе жатталған әсерлі сәттерімен бөлісті. Бұл шағын әңгімелер – әр жанның ішкі әлемін, сағыныш пен мейірімге толы балдәурен кездерін сипаттайтын сырлы естеліктер. Материалда журналистердің өмірлік ұстанымдарына әсер еткен оқиғалар, балалықтың шынайы күлкісі мен аңғал сезімі көрініс тапқан.
Балалық махаббат
Жаңа оқу жылы келгенде Айбек деген баламыз «1-сыныпқа бармаймын» деп шатақ шығарды. Ештеңені түсіндірмегендіктен, аяқастынан не болғанын білмейміз. «Бармаймын да бармаймын!» деп жер тепкілеп отыр.

Көп ұзамай-ақ оның сырын білдік. Байқасақ, балабақшасында Айдана деген қыз бар екен. Өзінің тобында болғандықтан, оған кәдімгідей бауыр басып қалыпты. Үйден беріп жіберген кәмпит-сәмпиттің бәрін соның қолына ұстататын көрінеді. Бастысы, біздің тентек оны енді көрмейтініне қатты ренжулі.
…Содан ертелетіп «әке-көкелеп» Атыраудағы №12 мектепке келе жатырмыз. Мақсатымыз – баланы тездетіп қатарына қосу. Ал оның ойы басқада секілді. Көңіл қошы болмай келеді. Содан… білім ошағының ауласына кіре берсек, ой, Алла, әлгі біздің бала ұнатқан қыз шешесімен дәл алдымызда тұр. Бірге оқитын сыныптасы болып шықты. Біздің ұлды жаңағы қыздың қасына отырғызып, тыныштандырдық қой әйтеуір.
Бүгінде Айбек баламыз отбасылы болды. Ал Айдананың қайда жүргенін білмейміз.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Біреудің көзін шығара жаздағанмын
Балалық бал дәуренімді ой елегінен өткізсем, ең алдымен көз алдыма нағашы ата-әжем елестейді. Олар мен үшін «папа» мен «мама» болатын. Ал туған ата-анамды біраз уақытқа дейін есімдерімен атап жүрдім.

Сурет: Informburo.kz
Мектеп табалдырығын аттайтын кез келгенде ата-анам мені өздерінің үйіне алып кетті. Арасында үйден «қашып», нағашыларыма қарай кетіп қалатынмын. Анам ұрсып жүріп қайта алып кетеді. Содан соң барып ақырындап бой үйрете бастадым. Кейін жылулық тек нағашыларымда ғана емес, туған ата-анамда да барын сезіне бастадым ғой.
Балабақша дегеннің не екенін білмей өстім. Бірден сыныпқа бардым. Әлі күнге дейін есімде – «р» әрпін айта алмайтынмын. Өйткені тілім келмейтін. Бірақ алғашқы ұстазым Ақбөпе апайдың мейірімге толы шексіз сабырының арқасында әріп танып, білімге құштар болдым. Ұстаз мейірімі бала жүрегін алақанындай аялайтынына сол кезде көзім жеткендей еді.
Бастауышта оқып жүрген шағымда болған бір оқиға есімнен кетпейді. Дене шынықтыру сабағында ұзын бұрымымды тартып қалды деп ашу үстінде бір баланың көзін шығара жаздағанмын. Қолыма түскен ағашты лақтырып кеп жіберіппін. Құдай сақтап, көзіне емес, қасына тиіп, қанталап көгеріп кетті. Қазір сондай жағдай болса, ата-анасы мектепке келіп шу шығарып, бәлкім, әке-шешемді сотқа да сүйрер ме еді?! Ал сол кездегі үлкендер «Бала ғой, білмей қалған ғой» деп кеңдік танытқан. Шынында да, сол уақыттың адамдары парасатты еді, кешірімді еді.
Балалық шағым – бұрымдай бұралған, аңсаумен көмкерілген сағыныш. Ол – ата-әженің мейірімі, ата-анаңның қамқорлығы, Ақбөпе апайдың сабырлы дауысы, алғаш айтқан «р» әрпі, бұрымды тартамын деп «таяқ жеген» бала… бәрі-бәрі естеліктен өшпес сурет болып қалды.
Бүгінгі атаулы күн – сол естеліктердің қадірін ұғынып, қазіргі балаларға соны сезіндіре алсақ деген тілекпен астасып тұр.
Майра ЕРҒАЛИ
Ағамның арқасында аман қалдым
Балалық шақ – әр адамның жадында ерекше әсермен, ғажайып сәттермен сақталатын баға жетпес кезең. Қайталанбас шақ қазір ұмытылғандай көрінгенімен, жүректің терең түкпірінде мәңгіге орын алады. Менің де бала күнімде басымнан өткен бір оқиға – бауырмалдықтың шексіз күші мен жақыныңа деген жанашырлықтың шынайы көрінісі ретінде өмірлік естелігіме айналды.
Ол кезде мен кішкентай екі жастағы бүлдіршін едім. Өзімнен екі жас үлкен тетелес ағаммен бірге еріп жүріп, ойынның қызығына батып кететінбіз. Көрші үйдің балаларымен әр күн қызыққа толы еді. Түскі мезгіл. Достарымыз үйіне ұйқыға кеткен. Ата-анамыздың «түс мезгілінде тынығу керек» деген ескертуін елемей, ағам екеуміз көрші аулада асыр салып ойнап жүрдік.

Қайдан білейін, бала көңілмен секіріп жүргенде аяқ астымдағы құдықтың қақпағына тап болып, абайсызда үстінен басып өтіппін. Кенет жер астынан мұздай су көтеріліп, мен зымырап құдыққа түсіп кетпеймін бе? Ештеңеге түсінбей, шошып қалған төрт жасар ағам жалма-жан қолымнан ұстай алды. Кішкентай ғана қолымен бар күшімен тартып, мені жібермей, құтқармақ болып жатыр. Ал су мойныма дейін келген. Қорқып кетіп, айқайлап, ышқына жылаймын. Ал ағамның көзінен жас парлап тұрса да, мені жібермеді, мен үшін жанын салды.
Құдай сақтап, дауысымды естіген көрші үйдегі ересек аға жүгіріп келіп, мені дереу судан шығарып алды. Сол күні мені ажалдан арашалаған кішкентай ғана жүректе алып мейірім тұрған туған ағам еді. Ол кезде төрт-ақ жаста болса да, бойындағы бауырмалдық, қамқорлық бүгінге дейін есімде.
Бұл оқиға маған ғана емес, оқырманға да үлкен ой салар деп сенемін. Әлемде бауырмалдық жасай берсін! Себебі мейірімді адамдармен өмір мәнді!
Еркеназ ЕРКІНҚЫЗЫ
Бала тілі – бал
Жуырда отбасымызбен ауылға барып қайттық. Ауылдағы ата-әжесін сағынған балалар таза ауада емін-еркін ойнап, кең тыныстап қалды. Қаладағы көп қабатты үйге үйренген үш жасар қызымыз есін біліп, тілі шыққалы ауылға алғаш рет барып тұрғаны еді.

Жер үйге кіре сала таңырқап қарап, бір қабатты үйге қызыға қарады да:
– Анашым, үйдегі «балкон» қайда? «Болконда» не бар? — деп, бесінші қабаттағыдай балконды іздеп жүргені бізді күлдірді.
Кейін далада қой қырқып жатқан атасы мен әкесін көріп:
– Анашым, ата мен әке қойдың шашын қиып жатыр ма? — деп сұрап, тағы бір күлкіге қарық қылғаны бар.
Біраздан соң қора жаққа барып, шашалып-түшкіріп, мұрнына жиналған шаң-тозаңды сілкіп тұрған қойды көріп:
– Анашым, қой жөтеліп жатыр, тамағы ауырып тұр, кәмпитті көп жеп қойған ба? — демесі бар ма!
Сол сәтте де бәріміз ду күлдік. Шынында да, «бала тілі – бал» деген осы екен ғой!
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Балалық шақтың бір сәті
Балалық шақ – алаңсыз күлкі мен қиялға толы, әр сәті жүрекке жылу сыйлайтын кезең. Сол күндердің бірі әлі күнге дейін жадымда сайрап тұр.
Анам мұғалім болатын. Бірде оны оқу курсына жіберді. Ол заманда ұстаздар айлап оқуға кететін. Үйде бізге қарайласатын әжем ғана. Жайдары мінезді, көп сөйлемейтін, бірақ бәрін жүрегімен сезетін асыл жан еді.
Бір күні көрші балалар жиналып, далаға барып, «пикник жасайық» деп келістік. Әркім өз үйінен тамақ ала келуі керек. Қатты қуанып, үйге қарай жүгіріп кіріп, әжеме жағдайды айттым. Ол кісі үндеместен асүйге кіріп кетті де, сәлден соң қолыма бір дорбаны ұстата қойды. Ішін ашып қарауға да шамам жетпеді – балалар күтіп тұр, қуанғаннан жүрегім алып-ұшып жүгіріп бара жатырмын.
Далаға, ауыл шетіндегі жасыл төбешікке барып, отыра қалдық. Біріміз алаша жайдық, біріміз өзімізше дастархан дайындап жүрміз. Балалар мәз, бірінен соң бірі түйіншектерін ашып жатыр. Мен де үйден ала шыққан дорбамды ашып қалсам, ішінен пияз, бір таба нан және айран шықты. «Ұялған тек тұрмас» деп, «ең пайдалы тамақ осы шығар» деп қойдым.
Сөйтіп, нанға пияз турап, айранмен ішіп, балалармен бірге күліп-ойнап, сол күнді ұмытылмастай етіп өткіздім. Үйге қайтқанда көңілім ерекше көтеріңкі болды. Ал әжемнің беріп жіберген қарапайым асына сол күні ренжігенім болмаса, қазір ештеңеге жетпейтін асыл естелік болып қалды.
«Тауықпен аспанға ұшқан күн»
Балалық шақтың қиялына шек бола ма? Әсіресе ауылда өскен қыздар үшін әр күн ертегіге толы болатын. Мен де сондай бір сәтті бастан кешірдім. Ол кезде шамамен 8 жаста едім. Бірде қорғаушы, бірде хирург дәрігер болуды армандап жүретінмін. Қайдан ғана ойыма келгенін қайдам, бір кездері ұшқыш болуды армандай бастадым. Бірақ қолда не ұшақ, не дрон жоқ, тек ауылдың ауласы мен қиял ғана.

Бір күні көрші үйдің тауықтарын қарап жүріп, ойыма бір ерекше «жоспар» келді. Бір тауықты ұстап алып, оған кішкентай қолшатыр байлап, «осы қазір ұшады» деп сендім. Ойша өзім де артына секіріп міндім, ескі жастықты қанат сияқты қолыма ұстап алғанмын…
Сөйттім де үйдің артындағы төбешіктен жүгіріп, секіріп түстім. Тауық «қыт-қыттап» бажылдап қаша жөнелді, ал мен аунап барып, тікенге кіріп тоқтадым. Кішкене жылаған шығармын, бірақ кейін күліп айтып беретіндей керемет естелікке айналды. Марқұм әжемнің «Ұшқан тауық көрдім, бірақ ұшқыш қыз көрмеппін!» деп күлгені әлі есімде.
Арман орындалмаса да, сол күнгі «ұшу сәті» балалықтың ең жарқын беттерінің бірі болып қалды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Әжемнің қолдауы
Есімде, осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын, сол жылдары ауыл мектебінде дәстүрге айналған «Әнші балапан» атты өнерпаздар байқауы ұйымдастырылатын болды. Ауыл мектебінің акт залында «аншлагпен» өтетін сазды байқауға мен де қатыстым. Әнге деген балалық қызығушылығым болғасын шығар, сол байқауда жүлделі орынға үміткерлер қатарынан табылдым.
Байқауға арнап, анам қазақы оюмен безендірілген шапан тіктірді, үкілеп өнер додасына қосты. Сахнада Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін орындап шықтым. Сайыс та қорытындыланды. Әділқазылардың шешімімен маған екінші орын бұйырды. Жақындарым келіп, сыйлықтар үлестіріп жатыр.
Сол уақытта сәнге айналған үлкен магнитофонды сыйлаған әжемнің таңдауына риза болдым. Менің кішкентай жетістігім әжем үшін үлкен қуанышқа айналды. Үйге келген соң «тәуелсіз әділқазы» әжем «әлгі музыкант өзінің баласы қатысқан соң, өзгенікін өгейсініп, баянды дұрыс ойнамады. Әйтпегенде менің Әлөшім бірінші орынды алар еді» дейді күйіп-пісіп.
Келесі күні әжем сыйлаған магнитофонды мектепке апарып, сыныптастарыма көрсетіп мақтанғаным бар. Қайран, бала көңіл-ай десеңізші!
Пішен қорадағы өрт
1998 жыл. Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында тұрамыз. Бірінші сыныпты бітіріп, «ұзақ демалыстың» қызығына батып жүрген кез. Ойын баласы болған соң, басқа балалар секілді әр нәрсемен әуестеніп, ойынға тоймаймыз. Бір күні тазалығым ұстап, қораның сыртында шашылған шөпті жинап, өртеп жіберуді жөн көрдім. Содан тұтандырып жібергенім сол-ақ екен, от лап етіп, жалыны лезде пішен қораны шарпыды. Оның үстіне біздің үйдің пішен қорасы қамыспен қоршалған еді.

Сол күні күн райы да желкемдеу болды-ау деймін, өрт желдің екпінімен айналаны шарпып үлгерді. «Тілсіз жау» десе дегендей екен. «Апам (анам), көкемді танытады» деген ой зу ете қалды. Бәрін бүлдіргенімді білдім де көрші үйдің тұсынан шоқиып қарап отырдым. Көрші жігіттер шелектерімен су құйып, жалынды сөндіріп жатты. Өрт сөндіру көлігі ол ауылда қазір де жоқ, ал ол кезде ондай техниканың барын білдік пе екен…
Содан айналадағы көрші-қолаңның жәрдемімен өрт ауыздықталды. Соның арасынша тәтем де (әкемнің ағасы) үйге келіп, анама маған «ұрыспауын, онсыз да қорқып қалғанымды» айтып ескерткен екен. Анам үйге шақырып, «…Әлөшім» (менің үйдегі атым) деп, басымнан сипап, жылы сөйлей бастағаны сол-ақ екен, көзімде сығалаған жас ырыққа көнбей, көкейімде тұншыққан сөзімді қайталай беріппін. «Апа, апа, мен мана шөп өртеніп жатқанда Құдайдан шөптің сөнуін сұрадым ғой, апа». Анам мені зорға дегенде жұбатып алды.
Алмас ҚАБДОЛ