Жарнама
ҚоғамСарапTime

Отан қорғауға дайынсың ба?

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскерге шақыру бөлімінің басшысы Ернұр Сапарғалиев жоспар бойынша, шекара қыметінде әскери борышын өтеуге 130-дан астам жас аттанатынын, ал бүгінге дейін екі лек жіберілгенін жеткізді.

– Шекара қызметін жасақтау үшін әскерге шақырушыларды іріктеу білім деңгейі, денсаулығы мен дене шынықтыру даярлығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі. Оларды шекара қызметінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлері арнайы тексерістен өткізеді. Бұдан бөлек, ата-анасы, отбасылық жағдайы жөніндегі мәлімет те нақтыланады. Ал, шекара қызметіне борышын өтеуге баратын жастардың басқа сарбаздардан ерекшелігі – психологтың полиграфологиялық сынынан өтетіндігі оларға екінші дәрежелі құпия құжаттармен жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Сол себепті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің де тексерулерінен сүрінбей өтулері қажет болады, — дейді ол.

Әрбір әскери құрылымның өз талабы бар. Сотталған, нашақорлыққа тәуелді адамдар әскерге алынбайды. Сонымен қатар, шақырылушының бойы 185 см ден кем болмауы керек. Әскери комиссариат та бірден бәрін таңдап алмайды, дені сау, психикалық тұрғыда орнықты, орта білім алған жігіттер іріктеледі.

Жалпы, өзге болашақ сарбаздар дәрігерлік тексерістен бөлек, психологиялық тесттен де өтеді. Әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырады. Олардың отбасы жағдайы сарапталып, денсаулығының жарамдылығы басты назарға алынады. Сыннан сүрінбеген тепсе темір үзетін жігіттер әскер қатарын толықтырады. Психология қызметінің бастығы Нұргүл Әлімқұлованың айтуынша, әскерге баратын жас жігіттер психологиялық жай күйлерін, тұрақтылықтарын анықтау мақсатында психологиялық зерделеуден өткізіледі. Болашақ сарбаз 300 сұрақтан тұратын психологиялық тесттен өтеді. Оның нәтижесінде, үміткердің психологиялық портреті жасалады. Әдістемелер тест, сурет салу, жеке сұхбат арқылы өтеді. Іріктеу барысында отбасылық жағдайларын анықтап, түрлі ситуациялық жағдайларға төзу мүмкіншіліктерін бақылап, жеңілдеу әскери бөлімдерге ұсынатынын жеткізді. Ал, Қорғаныс істері жөніндегі департаментте 26 жылдан бері комиссия құрамында жастарды медициналық тексеруден өткізіп жүрген медицина қызметкері Клара Рамазанова денсаулығы жарамсыз жігіттердің жиі кездесетінін жасырмады. Осыдан оншақты жыл бұрын «майтабан» аурулары жиі кездессе, қазіргі шақырылушылардың арасында жүрек сырқатына шалдыққандар көбейіп кеткен. Одан бөлек, ұл балалардың арасында артық салмақ немесе салмағы жетіспейтіндер де кездесіп қалады екен.

– Қазіргі уақытта күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. 18 жасқа толған азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан, психологиялық тесттерден және жеке әңгімелесуден өтуде. Осы жылдың күзінде облыстан 700-дей ер азаматты әскерге шақыру жоспарланған, — дейді Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық, әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Асхат Айтенов.

Әдеттегідей Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жасақталады. Әскери бөлімдерді жасақтау аумақтан тыс қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл іс-шараларды жергілікті атқарушы орындар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button