Жарнама
Қоғам

БАЛАНЫҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ЖАРАЛҒАН

Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында сегіз тәрбиеші, бір-бірден психолог пен әлеуметтік педагог, бес медбике мен бір жасөспірімдерді қабылдау инспекторы қызмет атқарады. Орталық директоры Қасым Мұқашевтың айтуынша, кейбір қолайсыз отбасылардың балалары бұл жерге ешқандай жеке бас құжатынсыз түседі. Анықтай келгенде, олардың ата-аналарында да құжат жоқ болып, оларды рәсімдеу мекеменің мойнына түседі. Жыл басынан бері орталық орналастырылған 110 баланың 15-іне туу туралы куәлік, 9 ата-ананың қайтыс болу куәлігін, 6 ата-ананың жеке куәлігін жасақтаған. 
Осы балаларға қатысты таратып айтсақ, олардың ішінен 30 жасөспірімнің ісі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралып, 17-сі ата-анасына қайтарылған, 13-і балалар үйіне жіберіліпті. Қазіргі таңда орталыққа еліміздің ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елі азаматтарының балалары да жиі түсіп отыр. Биыл осындай 24 бала келіп түсті. Былтыр келген балалардың ішінде де екеуі Ресей Федерациясының Пенза облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілген болатын.
Орталыққа қатысты туындап отырған мәселелерді ортаға салған Қасым Қадырұлы қажеттіліктерін де жасырмады.
— Балалар бізге көбінесе үркек, әлжуаз қалпында әкелінеді. Кейде олар ашылып сөйлей де алмайтындай күйде. Жайлы төсекте ұйықтап көрмеген, қасықты ұстай алмайтындары да болады. Сол себепті, кішкентайынан өмірдің қиындығын көріп, күйзеліске түскен балаға психологиялық көмек көрсету мақсатында ертегі әлеміндей етіп жабдықталған бөлме керек. Сонымен бірге, спорттық алаң мен тренажерлар қажет болып отыр. Тәрбиеленушілердің киім-кешек, көрпе-көпшігі, ыдыс-аяғы тозып тұрғаны тағы бар, — дейді ол.
Атырау облысы аймақтың дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығының директоры Сәдіржан Жекенов қаланың бірқатар мектептері мен колледждерінде спорт залдары мен жасанды шөп алаңдарының жоғын жиналғандардың қаперіне берді. Бұдан басқа, мемлекеттік бағдарлама бойынша спорттық бағдарлау, қысқы спорт түрлері, жеңіл атлетика бойынша спорттық құрал-жабдықтарға да қосымша қаражат бөлініп отыр екен. Жалпы, қазіргі таңда облыс спорттық құрал-жабдықтармен 77,8 пайызға қамтылған.
Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары кейбір орталық дерек көздерінде мұнайлы өңірдің бұл жағынан қамтылуы үш пайыз деген шындыққа жанаспайтын мәліметтің жүргенін айтып, ақпарат беруде ерекше тиянақтылық керектігін мекемелердің есіне салып өтті.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың атағындағы жылжымайтын мүліктердің қатталуы мен осы санаттағы балаларды тұрғын үй кезегіне тұрғызу жұмыстары жөнінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев мәлімдеді. Белгілі болғандай, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне тұрған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны – 887. Оның 148-і – қазіргі таңда балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан кәмелет жасына толмаған балалар. Сондай-ақ, атағында үйі бар немесе ата-анасынан қалған баспанада үлесі бар 31 баланың құқығы заң аясында реттеліпті.
Аталған топқа кіретін балаларды баспанамен қамтуға «Нұрсая» ықшамауданынан салынуы тиіс 240 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй септігін тигізеді деп күтілуде. Әрине, барлық мәселе сонымен шешіледі деуге болмайды. Жаңадан бой көтеруі тиіс үйге мұқтаж жасөспірімдерден басқа аз қамтылған отбасылар да қоныстанбақ.
Комиссия отырысында балалар үйінің түлегі Қ.Шаймарданның мәселесі де талқыға түсті. Өткен жылы жетім және ата-ананың жылы алақанын көрмей өскен 59 балаға аудандық жерлерден пәтер берілген болатын. Солардың бірі – Мақат ауданынан үй алған Қ.Шаймардан кейін берілген үйге көңілі толмай, орналастырылған жұмысынан шығып кетіп, енді Атырау қаласынан баспанамен қамтуды сұрап отыр. Өкінішке қарай, «дайын асқа тік қасық» болып үйренген жастардың орынсыз әрекеті кейде көңілге кірбің түсіреді.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алдағы уақытта оның жұмысын ұйымдастыруды облыстық білім беру басқармасына емес, облыстық балалар құқын қорғау басқармасына жүктеу жөнінде ұсыныс білдірді.

Құралай ҚУАТОВА.
Сурет редакция
мұрағатынан алынды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button