Жарнама
Қоғам

БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Бірден айтуымыз керек, аталмыш компания өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық өмірінің ортасынан табылып, қамқорлық шараларына тұрақты түрде қомақты қаржы аударуда. Қоғамдық ұйымдарға, білім беру мен денсаулық сақтау, дене шынықтыру мекемелеріне, т.б. ұдайы қолдау көрсетуде. Биыл да сол игі дәстүр лайықты жалғасын тапты. Атап айтқанда, КТК-Қ компаниясы мектептер мен балабақшалардың жаңа оқу жылына дайындығына 134 млн. теңге аударды.

Журналистер ат басын тіреген бірінші нысан – былтыр 35 жылдығын атап өткен «Гүлдер» аталатын №6 балабақша. Ол КТК-Қ компаниясымен жеті жылдан бері тығыз қарым-қатынаста. Биыл демеушілер қаржысына қосқабатты ғимараттың қасбеті мен сыртқы қабырғалары жаңадан сыланыпты, ағаш терезе жақтаулары пластикамен ауыстырылған, аулаға тас төселген.

Жалпы, балабақша меңгерушісі Жұмагүл Бектабанованың айтуынша, КТК-Қ компаниясы кез келген өтінішті аяқсыз тастамайды екен. Мәселен, дербес жылу қазандығын орнату, дренаж сорғысын орналастыру, автоматты суландыру жүйесін жасақтау қажет болғанда екі сөзге келместен көмектескен.

— Компанияға алғысымыз шексіз, — дейді Жұмагүл Бектабанова, — өйткені, олар тұрғызып берген балалардың спорт алаңы бізден басқа ешбір осындай мекемеде жоқ. Бұл жолы жөндеу жұмыстары мен терезелерді алмастыруға 13 млн. теңге бөлінді.

Қаладағы №17 балабақша да жаңа оқу жылына дайындалуда. КТК-Қ компаниясының көмегімен күрделі жөндеу жүргізілуде. Ең бастысы – ғимараттың шатыры толық ауыстырылды.

— Бұл балабақшаның пайдалануға берілгеніне 48 жыл болды, — дейді меңгеруші Гүләйім Көшкінова, — сол ескілігі салдарынан шатыры да әбден тозды. Әсіресе, жаңбырлы күндері төбеден су ағатын. Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілді.

Мұғалімдер мен оқушылардың жазғы демалысында Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған лицей-интернатта да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны да қаржыландырған КТК-Қ компаниясы. Жалпы, мұнда облыстың әр ауданынан келген 30 шақты бала тұрады. Демеушілердің қолдауы нәтижесінде енді олардың жаңа жуынатын орындары, плазмалық теледидармен және жайлы орындықтармен жабдықталған демалыс кабинеттері болады. Мұның бәрі оқушылардың 1 қыркүйекте білім ордасын көтеріңкі көңіл-күймен аттауына арналған.

Сонымен қатар, КТК-Қ компаниясының демеушілігімен үстіміздегі жылы Томарлыдағы «Шағала», №№6, 18, 20 және 24 балабақшалардың терезе жақтаулары ауыстырылды. Ал, №21 сәбилер отауында жылу жүйесіне күрделі жөндеу жасалды. Ақырында, «Родничок» және «Дюймовочка» аталатын бүлдіршіндер отауының салқын және ыстық су жүйелері түгелімен ауыстырылды.

Жалпы, КТК-Қ акционерлік қоғамының жұртшылықпен байланыс бөлімінің аға маманы Любовь Евстифееваның айтуынша, шипажай типіндегі «Айгөлек» балабақшасына қосымша құрылыс салудың жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, ол бекітіліпті. Құрылысшылар биыл-ақ қызметіне кіріседі. Сонымен қатар, компания қаражатына Индер ауданының Құрылыс елді мекенінде 100 орындық мектеп салынуда. Атырау мен Құлсары қалаларында 200, ал Исатай ауданында 160 бүлдіршінге арналған балабақшалар құрылысы басталып та кетті. Сондай-ақ, Құлсары қаласындағы спорт залына жапсарлас ғимарат тұрғызуды жобалау аяқталып келеді.

КТК-Қ компаниясы жетім балаларға жәрдемдесуді өзінің негізгі парыздарының бірі санайды. Биылғы шілдеден бастап демеушілік көмек нәтижесінде 100 шақты бала Қап тауының баурайындағы Железноводск қаласы тұсындағы «Қазақстан геологы» демалыс орнында саулықтарын сауықтырды. Компания әр жылы Құрманғазы ауданындағы аз қамтылған отбасыларының балаларына жаңажылдық шараларды өткізуіне, Махамбет кентіндегі қосымша мектеп-интернатқа қажетті қаржы бөледі.

Бір сөзбен айтқанда, КТК-Қ компаниясы әлеуметтік қолдауды керек ететін жандарға, аз қамтылған отбасылары мен жетім балаларға үнемі қамқорлық танытып келеді. Расында да, балаларға қамқорлық – келешекке қамқорлық емес пе?!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Ләззат СӘЛІМОВА.
Суреттерді түсірген Константин СТАРЦЕВ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button