Жарнама
Қоғам

Балаға қауіп қайдан келеді?

Иә, әр ата-ана үшін баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ. Жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент балалардың құқықтарын қорғау, олардың білімі мен тәрбиесіне назар аудару, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелерін қозғап, нақты тапсырмалар берді. Осы мақсатта 21 мамыр–1 маусым аралығында ел бойынша «Қазақстан балалары» онкүндігі өтіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл бастаманың мақсаты – балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға қоғамның назарын аудару екенін айтты.

Министр мереке аясында еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған мәдени-танымдық шаралар, ата-аналарға арналған оқыту курстары ұйымдастырылатынын айтып, отбасының тәрбиедегі шешуші ролін атап өтті.

– Президентіміз балалардың сапалы білім алуы мен тәрбиесіне мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі маңызды екенін үнемі айтып келеді. Социологиялық зерттеулерге сәйкес, азаматтардың 90%-ы ата-ана болуды өміріндегі ең маңызды құндылық деп санайды. Ал 85 пайызы ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті – отбасылық әл-ауқаттың негізгі шарты ретінде көреді, — деді А.Балаева.

Сондай-ақ Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның «One-Stop-Service» жобасы аясында балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық оқиғаларын қамтитын 50-ге жуық қылмыстық іс қаралып, 700-ден астам әйел мен балаға жедел көмек көрсетілген.

«Қазақстан балалары» бастамасы – балалар мәселесіне ерекше көңіл бөлуге және олардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауға, сондай-ақ қоғамның назарын бала құқығы мен балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған.

Үш ай – үш есе жауапкершілік

Атырау облысында да балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе күн тәртібінде тұр. «Бала – бауыр етің» деген халқымыздың дана сөзі ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде бұл сөздің салмағы тіптен артады. Өйткені дәл осы уақытта балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс. Сабақ жоқ, ата-ана жұмыста, ал бала бос жүреді – міне, қауіп қайдан төнеді?!

Облыстық білім басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, өңірде 150 мыңнан астам бала бар. Олардың бір бөлігі – лагерь, жазғы мектеп, үйірме секілді ұйымдармен қамтылса, қалғаны ата-анасының бақылауында болады. Алайда кейбір балалардың қараусыз қалатыны алаңдатады.

– Қазір мектептерде жаппай ата-аналар жиналыстары өтіп жатыр. Әке-шешелеріне баланың жазғы демалысы кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әркез бақылауда ұстау, қандай ортада жүргенін назарда ұстау керектігі ескертілуде. Демалыс – еркіндік емес, жауапкершілік кезеңі. Бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар баланы үнемі қадағалап отыруы тиіс, — дейді сала маманы.

Оның айтуынша, жаз мезгілінде балалардың бос уақытын пайдалы әрі қауіпсіз ұйымдастыру – білім беру ұйымдары мен ата-аналардың бірлескен міндеті. Облыс бойынша балаларға арналған 3 лагерь жұмыс істейді. Алайда барлық ата-ана баласын лагерьге немесе үйірмеге бере алмайды. Бұл – кейде экономикалық жағдайға, ақпараттың жетіспеуіне байланысты. Ал бақылаусыз бала – түрлі қауіптің құрбанына айналуы мүмкін.

Су – «тілсіз жау»

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығының орынбасары, аға лейтенант Дарын Әнуарбековтың дерегінше, былтыр 8 жасөспірім суға кеткен.

– Жазғы кезеңде балаларды қараусыз қалдыру – олардың өміріне төнетін басты қауіптің бірі. Былтыр терезеден құлау дерегі бойынша 12 жағдай тіркелді. Осыған байланысты алдын алу шаралары жүріп жатыр. Су айдындарында 150-ден астам ескерту белгісі орнатылды және тағы қосымша 50 белгі қойылмақ. Қауіпті аумақтарда кезекшілік бақылау жүргізіледі. Дегенмен тек құтқарушылардың күшімен мәселе шешілмейді. Балаларға қауіпсіздік мәдениетін бала кезінен үйрету керек. Қауіпсіз орта – бәрімізге ортақ жауапкершілік, — деді Д.Әнуарбеков.

Құтқарушының айтуынша, оқыс оқиғаға себепкер болатын бірнеше жайт бар. Біріншіден, бұған тұрғындардың су айдындарындағы тыйым салынған тұста суға түсуі әсер етеді. Екіншіден, ата-аналар балаларды жағалауда қараусыз қалдырады. Құтқарушылардың қауіпсіздікті сақтау туралы ескертуін елемеуі, өз күшін асыра бағалауы және жүзе алмаса да суға түсуге әуестігі себеп болып жатады. Мысалы, былтыр Көкарна және Бесікті елді мекенінің тұсында 4 жасөспірім суға батып, қас-қағым сәтте ажал құшты.

Қоғамдық сергектік – бала тағдырына бейжай қарамаудан басталады. Демек, ата-ана, мұғалім, көрші, туыс – бәрі баланың ортасына, жүріс-тұрысына сергек қарауы керек. Адам тағдырына айналатын оқыс оқиғалар көп жағдайда дер кезінде еленбеген белгіден басталады. Балаға қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғамның күн тәртібінде тұруы тиіс.

Қараусыз қалған жеткіншек

Бүгінде баланы көшедегі қатерден ғана емес, ғаламтордағы жасырын қауіптен де қорғау қажет. Әлеуметтік желіде аңғал баланы арбау оңай. Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Орынгүл Көшқалиева осыған орай нақты мысал келтірді.

– Былтыр Telegram арқылы «жоғары жалақы» деген желеумен жұмысқа шақырылған екі жасөспірім кейін есірткі таратумен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар мұның салдары қаншалықты ауыр екенін де білмеген. Сондықтан ата-аналар баласының интернеттегі әрекетін назарда ұстауға тиіс. Бұл – олардың тағдырын сақтау жолындағы маңызды әрекет, — деді маман.

Облыста 19-31 мамыр аралығында «Жасөспірім» іс-шарасының екінші кезеңі өтіп жатыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаз мезгілінде балалардың беймезгіл уақытта үйден ұзап шығуы, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруі және интернеттегі бақылаусыз әрекеттері көбейеді екен.

– Жазда балалар көбінесе ата-ананың назарынан тыс қалады. Кейбірі үйде жалғыз, енді бірі аулаларда бейберекет жүреді. Қадағалаусыз ортада жүріп, түрлі келеңсіз жағдайға тап болып жатады. Бұл – кәмелетке толмағандардың өзіне де, өзгеге де қауіп төндіруі мүмкін, — дейді.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 64 қылмыс (2024 ж.–57) тіркелген. Ал түрлі құқықбұзушылық жасаған 43 (2024 ж. – 27) жеткіншек анықталыпты. Оның ішінде жол-көлік оқиғалары да бар.

–Сонымен қатар балалардың қараусыз жүруі ұрлық, төбелес, қылмыс құрбаны болу сияқты қатерлерге әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар баласын әркез назарда ұстауы тиіс, — деген ювеналдық инспектор балаларды каникул кезінде бақылаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.

Жазда балалардың көпшілігі велосипед, самокат, скейт сияқты құралдармен көшеге шығады. Жолда жүру ережесін білмеу, шлем тақпау, көлік жолына кенеттен шығып кету – көлденең жағдайларға әкелуі ықтимал. Бұл – баланың жанында тек полиция немесе мұғалім емес, ең алдымен ата-анасы болуға тиіс екенін көрсетеді.

Түйін.

Баланы қорғау – бұл 1 маусыммен ғана шектелетін күн емес, ұлт болашағына деген ұдайы қамқорлық. «Баланы жастан, ұлтты бастан» тәрбиелеуді мұрат еткен ел ретінде әр баланың амандығына бейқам қарау – өз болашағына салғырт қараумен тең. Олай болса, балалықтың баянды болуы – тек шат күлкі мен ойын алаңы емес, қауіпсіз, сенімді, қорғалған ортада өтуі тиіс.

Майра ЕРҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button