Жарнама
Қоғам

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ ЕДІ…

Осыдан елу бес жыл бұрын Жылыой ауданының Құлсары кентінде көп балалы жұмысшы отбасында дүниеге келген ол осындағы Абай атындағы орта мектепті 1976 жылы тәмамдапты. Сол жылы Гурьев педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1981 жылы бітірген. Еңбек жолын Құлсарыдағы кәсіптік-техникалық мектепте мұғалімдіктен бастаған Сәнім 1984 жылы Сабыр Қазыбаев атындағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 облыстық мектеп-интернатына қызметке ауысып, тәрбиеші, кейіннен химия-биология пәні мұғалімі болып еңбек етті. Ал, 1994 жылдан бастап 26 жыл бойы осы мекемеде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Тәрбие ісінің қыр-сырын терең меңгерді. Әр баланың жүрегіне жол таба білетін ұстаз ретінде табиғи дарынын дамытып, өнер шыңдарынан көрінуге зор үлес қосты. Ол өзі қызмет еткен мектеп-интернатының шын мәніндегі айнасы, бәйтерегі бола білді.
Өмірден қиындық көрген жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әр балаға ана орнына ана, сырлас дос, көмекші бола білген Сәнім Арықпайқызы өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін басшы, өз мамандығын терең бойлаған ұлағатты ұстаз еді. Бұған қоса, оның отағасы Мәлік Биғамбаевтың адал жары, отбасында Аман, Асан атты екі ұл, Алмагүл-дей қыз өсіріп, балаларына өнегелі тәрбие берген аяулы ана, балдай тәтті жиендеріне сүйікті әже бола білген жан екенін де атап айтқан жөн.
Сәнімнің табанды да, тынымсыз еңбегі елеусіз болған жоқ. Бірнеше мәрте облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына, 2007 жылы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” деген болса, бұл қасиет Сәнім Нұрбердиеваның бойынан толығымен табылушы еді. Ол интернат тәрбиеленушілеріне білім нәрін сеуіп, оларға аналық та, ұстаздық қасиетін қатар көрсетті, бар мейірімін аямады. Соның нәтижесінде мектеп-интернаттың көптеген тәрбиеленушілері облыстық, республикалық «Балдәурен», «Таңшолпан» фестивальдарында лауреат атанды.
«Адамның адам болып қалыптасуына ата-ана мен мұғалімнің рөлі зор болса, біздің азамат болып, өмірден өз орнымызды тауып, кірпіш болып қалауынымыздың бір себебі – Сәнім Арықпайқызының еңбегі десек артық емес. Ол бізге ана мейірімін сыйлап, ұстаздық қызметін де көрсете білді. Ешқашан уақытпен санаспай, теріс кеткен тұсымыз болса тура жолға салуға бағыттап отыратын. Оның әсерлі үнінен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әр шәкіртке деген қамқорлықтың, аналық сезімнің, дана ойдың ыстық лебін сезіп тұрушы едік. Ол адамның жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін өзіне шебер сезіндіре білетін. Міне, Сәнім Арықпайқызының осындай жан жылуының арқасында біз өз отбасымызда болмасақ та, ата-ананың кішкене болса да аялы алақанын сезініп өстік» дейді бүгінгі күні өмірден өз орнын тапқан, интернат түлегі Алтын Құлмағамбетова. Осы тұста айта кету керек, Сәнім Арықпайқызы мектеп-интернаттағы көзі жәутеңдеген талай баланың жүрегіне жол тапқаны өз алдына, осы Алтынды отбасына алып, өз балаларымен бірге өсірді.
Бір атап айтарым, аталмыш мекемеде мен екі жыл басшылық қызмет атқарған уақытта оның еңбексүйгіш, өз ісіне адал, мамандығына төселген жан екенін айқын байқадым. Үйде келіндік қызметті атқара жүріп, жұмыс орнында да барлық іске үлгеріп, уақыт тауып жататын. Қандай жағдай болса да қабақ шытпай, әр нәрсеге байыппен қарайтын. Адамгершілігі мол, ізгі ниетті жан болатын. Бүгінге дейін қанша ортада болсам да, мен Сәнім Нұрбердиева сынды азаматшаны кездестірген емеспін. Сәнім Арықпайқызының алдынан ондаған мұғалім, тәрбиешілер зор тәлім алды. Бүгінгі күні оны өзінен кейінгілер үлгі тұтып, ерекше тебіреніспен еске алады. Бұл оның өз алдына жеке тұлға болып қалыптасқанын айғақтайды. Мұның бәрі оның адал еңбегі, айшықты қолтаңбасы екені даусыз.
Бір өкініштісі, ол өмірден аққан жұлдыздай ерте, осыдан үш жыл бұрын ғайып болды. Қандай қиындық пен күйзеліс кездессе де қабақ шытпайтын, жүзіне күлкі иірілген Сәнім тірі болса, биыл ұстаздар күні қарсаңында 55 жасқа келер еді. Бүгінгі күні оның ортамыздан мәңгіге алыстауы мектеп-интернаттың сол кездегі ұжымына — бірге жұмыс жасаған әріптестері мен ондағы тәрбиеленген балалардың да қабырғасына қатты батады. Өйткені, ол бала тәрбиесіне қашан да қажет болатын. Десек те, тағдыр ісіне шара бар ма? Бірақ, ұлағатты ұстаз келбеті әрқашан да әріптестерінің есінде сақталары сөзсіз. Шәкірттерінің жүрегінде оның орны ерекше болып қала бермек.

Гүлсара БОТАТАЕВА,
облыстық отбасы үлгісіндегі
балалар ауылы және
жасөспірімдер үйінің директоры,
Атырау қаласы.

«Жұмыспен қамту – 2020»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button