БАЛА ҚҰҚЫН САҚТАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
ҚАУІП ҚАЙДАН?
Діни экстремизм мен радикализм – қоғамға төнген қауіптің бірі. Оның алдын алу мақсатында Исатай, Индер және Мақат аудандарының мектептерінде біраз жұмыс жасалыпты. Дегенмен, шәкірттерді толғандырған нақты жайлар теологтармен, жергілікті имамдармен жүздесулерден соң шешімін табатындығы рас. Мәселен, бетін тұмшалайтындардың қоғамға жат көрініс екендігін арнайы мамандар салиқалы, дәлелді әңгімесімен жастардың санасына сіңіре алады. Соның нәтижесінде, қазіргі күні оқу орындарында түрленіп, оранып жүретіндердің қатары азайыпты. Мысалы, Индер ауданының мектептерінде теріс діни ағымның жетегіне ілесіп, хиджаб киетін оқушылар жоқтың қасы. Әйткенмен, жергілікті орта мектептің бірінде басына орамал тартатын екі шәкірт бары анықталды.
— Оқу жылының соңындағы мәлімет бойынша ата-аналары дін жолында болғандықтан, солармен бірге жұма намазын оқуға барып тұратын 11 оқушы есепте бар. Олармен мектеп әкімшілігі, психологтар сөйлесіп, пікірлесіп отырады. Шәкірттерді білім ұясындағы қоғамдық жұмыстарға жиі тартады. Сонымен қатар, аудан көлемінде балғындардың сабақ уақытында мешітке бармауына қатысты рейдтер жиі өткізіледі, — дейді Индер аудандық білім бөлімінің мамандары.
Ал, Исатай ауданында қауіпті құбылыстың алдын алу мақсатында арнайы бейнетүсірілімдер көрсетуге, ауқымды шаралар өткізуге маңыз беріледі екен. Мысалы, жергілікті Ю.Гагарин атындағы орта мектептегі шараға облыс орталығындағы мешіттің имамынан өзге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облыстық департаментінің өкілі, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге консультативтік кеңес беру орталығының теолог-мамандары арнайы келіпті. Сөз жоқ, мұндай басқосулардың оң нәтижесі болары анық. Мақат ауданының мектептерінде жат әдетке жол бермеу үшін оқушылардың бірдей мектеп формасын киюіне мән беріледі. Мұғалімдер де бірдей киім үлгісін киіпті.
ҚАРАУСЫЗ БАЛА – ҚЫЛМЫСҚА БЕЙІМ
Жергілікті жерлерде жасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар жұмыс жасайды. Атырау қаласы бойынша алынған шаралар туралы жиында қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова айтып берді. Оның баяндауынша, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 32 жасөспірімге қатысты мәселе қаралып, ұсыныс қабылданды.
— Бір ғана комиссия отырысында 5, кейде 10 балаға қатысты әртүрлі мәселелер қаралады. Әрине, баланың тағдырына біз заңдық, әділдік тұрғыда қараймыз. Ата-аналарының жауапсыздығынан баланың болашағына балта шабылып жататын кездерді жиі кездестіреміз, — дейді Гүлмира Шәкірова.
Қала әкімі орынбасарының әңгімесіне қарағанда, жасөспірімдердің сабаққа қатысы тұрақты тексеріліп тұрады. Мектепке себепсізден себепсіз келмей қоятындарға, тұрмысы нашар отбасынан шыққандарға маңыз беріледі. Бүгінде қалалық ішкі істер бөлімінің есебінде 46 оқушы (2013-2014 оқу жылдарында) есепте тұр. Наркологиялық есептегілердің саны 8 екен. Міне, осы жасөспірімдермен жұмыс күшейтілуде көрінеді. Дегенмен, қала бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты басты проблема тұрғын жайға қатысты. Қазіргі күні пәтерге мұқтаж аз қамтылған отбасылар кезегіне тіркелген жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мен олардың отбасыларының саны 635-ті құрайды.
ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР!
Патронаттық тәрбиеге бала беру – жетімді қамқорлау мақсатындағы қолға алынған тың жоба. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенованыңайтуынша, облыста 747 жетім бала бар. Қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалардың саны 522-ні құрайды.
— Жетім балаларды отбасына орналастырудың бірден-бір түрі – патронаттық тәрбиеге беру. Қазіргі таңда облыста 23 бала 21 Қазақстан азаматының отбасында тәрбиеленуде. Оның ішінде ең көбі – Атырау қаласында. Биыл 5 бала патронаттық тәрбиеге берілді, — деді Злиха Қадірбайқызы.
Патронаттық тәрбиешілерге жәрдемақы төлеу үшін қазынадан қажетті қаражат тұрақты бөлінеді. Қазір оның көлемі 14,7 млн. теңгеге жетіпті. Тәрбиешілерден қаржының жұмсалғандығы жөнінде үш ай сайын есеп алынады екен.
— Бастама жақсы болғанымен, оның насихатталуы жеткілікті дәрежеде емес. Мен үнемі жергілікті газеттерді оқып, теледидарды көріп отырамын. Көше бойындағы билбордтарға да көзім жиі түседі. Алайда, патронаттық тәрбие туралы айтылған әңгімені, жарнаманы көп байқағаным жоқ. 23 баланың ғана патронаттық тәрбиеге берілуі жоғары көрсеткіш болып саналмайды, — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Өз кезегінде білім басқармасының өкілі бұл бағытта жұмыстанатындарын айтып сендірді. Алқалы жиында жасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың біраз жұмыс жасағанын, бірақ, іске асырар қызметтің одан да көп екендігі айтылды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.