БАЛАҒА БАЙЛЫҚ ЕМЕС, ТӘРБИЕ БЕР
Кейбір адамдар балалары үшін жанын салып өмір бақи байлық жинайды да, бала тәрбиесіне мән бермей жатады. Оның ұғымында артында байлық қалса болды, баласы бақытты болмақ екен. Алайда, әкесі өмірден өткен соң, еш тәрбие көрмеген әумәсер баласы әкесінің қырық жылда жинаған дәулетін қырық күнге жетпей шашып жіберсе не болғаны!? Яғни, дайын байлыққа мастанған бала құмарханадағы бір ойында-ақ бар мүлкін бәске тігіп жіберуі әбден мүмкін ғой. Сондықтан да, дана халқымыздың «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөзіне ерекше мән беруіміз керек.
Барлық жүрек ішіндегі ең мейірімді, ең нәзік, ең сезімтал әйел жүрегі екен. Бұл бес күндік фәниде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік дүниенің жоқтығы да сол әйел жүрегінің мейірімділігімен тікелей байланысты. Қасиетті Құран аяттарындағы «Алла Тағала сендерге қабырғаларыңнан жасап жұбайлар берді және сендердің жұбайларыңнан балалар мен немерелерді берді», «Көкті, жерді жаратушы. Ол сендердің өздеріңнен жұп жасады және хайуандарды да жұп қылды» деген тіркестер де бұл сөзімізді қуаттай түседі.
Исламның көзқарасында мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерді әдемілендіретін нәрсе – ішкі тазалық, салмақтылық, өзін-өзі сыйлау және қарапайымдылық. Мұны ғалымдар да қуаттайды. Отбасы қатынасы жөніндегі мамандар зерттеу нәтижелерін тарқата келе, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі толықтырып тұратын ерекшелігіне назар аударған екен. Зерттеу нәтижелері мұсылман отбасыларда әйелі ерінің алдына түсіп, болмашы нәрсеге бола ұрыс-керіске барып, дау-жанжалға жол бермейтіндігін, сол себепті мұндай некелердің берік, әрі тұрақты болатындығын көрсеткен. Расымен де, мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны қадым заманнан бері анықталып, ғасырлар бойы діни және ұлттық тәлім-тәрбие, әрі салт-дәстүр негізінде қалыптасты. Мұсылман отбасының баянды болуының себебін де осы дін мен дәстүр сабақтастығынан көруге болады.
Ал, берік отбасы бастауы лайықты жар таңдаудан басталады екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әйелдерге әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Байлықтарына қарап үйленбеңдер. Өйткені, байлығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені, киімі ескі болса да, иманды күң артық» дейді. Сондықтан да, жар таңдауда, отбасын құруда әдеміліктен бұрын, көркем мінез, иманды жүрек, шынайылық мәселесіне көбірек көңіл бөлгеніміз жөн болады.
Құрметқали БАҚТЫҒҰЛОВ,
Зинеден Құрасұлы мешітінің бас имамы,
Исатай ауданы.