БАҚЫТЫМЫЗ ҮШІН ҚАЗАҚҚА ҚАРЫЗДАРМЫЗ!
Солтүстік Кавказдан күштеп көшірілген шешендер мен ингуштарды еске алуға арналған шараға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен шешен ұлтының өкілдері қатысты. Жиын ең алдымен құрбан болғандардың рухына құран бағыштаудан басталды.
1944 жылдың 31 қаңтарында шешен-ингуш Автономиясын тарату және фашист басқыншыларына жәрдем бергені үшін оның тұрғындарын Орталық Азия мен Қазақстанға қоныс аудару туралы Кеңес билігі шешім қабылдады. Одан әрі Автономия таратылды. Депортация кезінде 1944 жылдың 23 ақпанынан 9 наурызына дейін кеңес билігі 650 мың шешен мен ингушты Орталық Азияға күштеп көшірді. Сол кезде туған жерінен қуылғандар өзге мемлекеттермен қатар, қазақ жерін де паналады. Алғашқы күндері аштықтан, аяздан жетпіс мыңдай адам мерт болған.
Жер аудару кезінде барлығы 200 мыңдай шешен, 30 мыңдай ингуш қаза болды. Аман қалғандары кейін өз Отандарына оралуға мүмкіндік туған кезде де Қазақстанда қалды. Олар этномәдени бірлестіктер арқылы өздерінің салт-дәстүрі мен тілін, дінін ұмытқан жоқ.
Бүгінде Атырау облысының өзінде 250-ден астам шешен-ингуш өмір сүруде. Олардың өмірі қазақтармен біте қайнасып кетті. Өзге ұлт өкілдері тағдырдан теперіш көрген ұлыстарды өзекке теппеген Қазақ елінің дархандығын ерекше бағалайды. Бұл туралы жиын барысында кеңінен қозғалып, тарихи естеліктер де айтылды.
Зелимхан ЗУБАРИЕВ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
«Анашымды қымыз сақтап қалды»
– Шешен-ингуштарды күштеп көшіру кезінде Қазақстанды қоныстанған менің әке-шешем осы елде тұрақтап қалды. Алты ағам мен бір әпкем Талдықорған қаласында жерленген.
Ата-анамның айтуынша, шешен-ингуштар жергілікті қазақтардың арқасында аман қалған. Анам қатты сырқаттанып, ауырған кезде қазақ досы қымыз беріп емдеген. Бір жылдан кейін Мәскеуге барып тексерістен өткен кезде өкпесіндегі инфекциялар жойылып, дертінен құлан таза айыққан. «Қазақтардың осындай қамқорлығының арқасында аяққа тік тұрып, жағдайымызды түзедік» деген ата-анам ылғи қазақ халқына борыштар екенімізді айтып отыратын. Мен де қазір өз балаларыма қазақстандықтардың көмегін айтып келемін. Бүгінге дейін қол ұшын берген қазақ достарым да аз емес.
Біз қазақтардың қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз. Биыл алғаш рет тойланғалы жатқан 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай қазақстандықтарға шексіз бас иеміз. Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуы жолында өз үлесімізді қосамыз.
Абдулмажит ХАЛУХАЕВ, шешен ұлтының өкілі, ардагер:
Бүгінде біз – құдандалымыз
– Қазақстанға жер аударылған кезде небары алты жаста болдым. Бізді шанамен сүйреп, бұқаның үстіне мінгізіп алып келді. Көкшетау қаласындағы клубтардың біріне қоныстандық. 1949 жылы Ақмола облысына, ал 1953 жылы Гурьевке, қазіргі Атырау қаласына келдік. Содан бері қазақтармен дәм-тұзымыз жарасып келеді. Осы жерде үйленіп, қызметке тұрдық. Қазір қазақтармен құдандалы болдық. Айта кету керек, Қазақстанға келгенде қазақтар көп қолдау көрсетті. Өзектен теппей, өзім деп қабылдады. Соның нәтижесінде біз осы жердің байырғы тұрғындарындай өмір сүріп келеміз. Біз бұл үшін марқаямыз. Қазақтарға айтар алғысымыз шексіз. Еліміздегі бірлік пен татулықты сақтауға күш саламыз.
Эльдар АХМЕДОВ, «Новруз» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы:
Ұмытуға болмайтын қамқорлық
– Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, елімізде сан ұлттың басын қосып, ұйыстырып келе жатқаны үшін Елбасының сарабдал саясатына бас иеміз. Мұндай көрегенділік ешбір елде болған емес.
1937 жылы мамыр айында атам жер аударылған кезде менің әкем екі-ақ жаста болған. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының Жамбыл қаласына келген. Бурный ауданына тоқтайды. Сол жерде құшағын жайып қарсы алған қазақтар отын-су, тамақ, киім-кешек беріп, қайырымдылық көрсеткен. Кейін ауылға сіңісіп, үйреніп кеткен. Егер қазақтар болмаса, біз бұл жерде өмір сүре алмас едік. Бүгінгідей бақытты күнді көре алмасымыз анық. Сондықтан, Қазақ еліне мың алғыс!
Қазақстандықтардың қамқорлығын ешқашан ұмытуға тиісті емеспіз. Бұл – атамыздың сан мәрте қайталап, құлағымызға әбден сіңірген сөздері. Атам мен әкемнің жанұямызға аманат етіп қалдырған ең басты құндылығы да – осы. Дүние-мүлік емес, ең бастысы, «қазақтардың қамқорлығын ұмытпаңдар» деген сөздерін өсиет, аманаты ретінде кейінгі ұрпақтарға сабақтай береміз.
P.S. Қазақстандағы әр этнос өкілінің өмірлік өз тарихы бар. Сондықтан, олар Елбасының Жарлығымен 1 наурыздың Алғыс айту күні болып аталуын тек ризашылық күні емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке деп те қабылдайды. Ұлт өкілдері айтулы датаны тойлауға бүгінде қызу дайындық үстінде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.