БАЙЛАНЫСШЫ
Мұханбет Жұмалиевтың майдан даласындағы көзсіз ерлігі мен қайсарлығының куәсіндей болған «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен, II дәрежелі «Отан соғысы», III дәрежелі «Даңқ», екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен және Жоғары Қолбасшының мадақтау қағаздарымен марапатталған құжаттарымен таныстық.
Бір құжатта 1943 жылғы желтоқсан айының 1-і мен 5-і аралығында Псков облысына қарасты Борщиха деревнясы маңындағы қанды шайқаста байланыс желісі үзіледі. Үзілген байланысты қалпына келтіруде ефрейтор Мұханбет Жұмалиев бастаған байланысшылар қарша бораған миномет пен пулемет оғына қарамастан, жаумен арпалыса жүріп, 67 рет үзілген телефон желісін жалғаған. Қазақ солдатының еңбегін жоғары бағалаған қолбасшылар Мұханбет ағамыздың омырауына алғашқы «Ерлігі үшін» медалін таққан. Ал, 1944 жылғы қаңтардың үскірік аязы мен көз көрсетпейтін түтеген боранында жанын шүберекке түйген ержүрек жауынгер Мұханбет аға жаудың байланыс желісін пайдалана отырып, полк командирі мен дивизия басшысы арасындағы байланысты жалғайды. Үш күнге созылған ауыр шайқаста он екі рет үзілген желіні жалғаған жерлесіміз бұл жолы II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Бірінші «Қызыл жұлдыз» ордені 1944 жылы шілде айының 25-26 жұлдызында майдан даласында 18 рет үзілген телефон желісін жалғап, байланыстың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткені үшін, ал екінші «Қызыл жұлдыз» ордені 1945 жылы наурыз айының соңғы күндері Қызыл Армияның Пруссиядағы Данциг қаласында жасаған шабуылы кезінде 648-атқыштар полкі командирінің бақылау пункті арасында үзілген телефон желісін 31 рет жалғаған ерен ерлігі үшін берілген.
1944 жылы тамыз айының басында шабуылға шыққан 661-інші атқыштар полкінің жарақат алған командирін өртеніп жатқан сарайдан алып шығып, өмірін сақтап, қауіпсіз жерге жеткізгені және алғы шепте дұшпанның жауған оғының астында қаймықпай жүріп, байланысты қалпына келтіргені үшін кеудесіне III дәрежелі «Даңқ» орденін тағады.
Ұлы Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған ержүрек ағамыз туған жерге 1946 жылдың күз айында оралады. Елге келген соң еңбекке араласады. Алайда, соғыстан алған ауыр жарақат Мұханбет ағамызды ауыр науқасқа шалдықтырады. Сөйтіп, қайтпас қайсар ұл 1961 жылы 39 жасында өмірден озады.
Жас кезінен ақындыққа жаны құмар, өлең жазатын жас жігіт ұрыстың саябырсыған кейбір кезеңдерінде қарулас достарының, командирлерінің ерлік істерін жыр жолдарымен айшықтап, майдан дәптеріне түсіріп отырған екен. Соғыс солдатының альбомынан бірнеше шумақтарды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Майдангер өлеңіне түзетулер енгізілген жоқ.
Беташар
Қарашы альбомды қолыңа алып,
Анықтап әрқайсысына назар салып.
Бәрі де соғыстағы Батыр еді,
Көрмеген қиындыққа ешбір налып.
Жасадым альбомды соларға арнап,
Өзімше, әрбіреуін айтамын талдап.
Жай адам, менің өзім ақын емес,
Сондықтан, сөз қисынын тұрмын қарап.
Сөкпеңіз қисық болса, қисын келмей,
Кетпеңіз оқысаңыз баға бермей.
Қаламмен аяғына жаза салдым,
Болады көз қарасыз, әлде нендей.
Мұханбет Жұмалиев.
Минаев Владимир – ат «құдайы»,
Атты айтса басталады мұның жайы.
Неміске «сыйлық» қылып жіберуге,
Тасыды талай оқты қара тайы.
* * *
Командир взвод еді Козин жолдас,
Сибиряк жігіт еді қыста тоңбас.
Аз сөзді, ақылы артық, алып қайрат,
Келген жау бұған қарсы адам болмас.
18.07.45 г.
* * *
Солдат қой Федосеев Павел бала,
Теңелген он сегізге жасы жаңа.
Соғыста талай рет ерлік жасап,
Бізбенен бірге барды орден ала.
* * *
Соколов Василий дейді мұның атын,
Айырып неғылайын арғы затын,
Екі рет орден алды ерлік жасап,
Жігіт еді әрі тапқыр, әрі батыл.
Германия.
18.04.1945 г.
Ротаның бір солдаты қатардағы,
Шиловты мақтаныш қып айтам тағы.
Қоршауда тек екеуміз қалған шақта,
Азбыз деп ойға кірмеді сасу тағы.
* * *
Ком. рота капитан Кухин деген,
Батыр жігіт таймаған ештемеден.
Қарсы келген жауына арыстандай,
Өлтіріп, қанын ішіп, етін жеген.
21 ноября 1945 года
Германия.
Міне, солдаттың ескіруге айналған альбомындағы өлең жолдары осылай сыр шертеді. Әрбір жыр жолдарынан қан майданда тізе қосқан әр ұлт өкілдерінің өзара бауырмалдығына, достықтарына, бірлігіне, татулықтарына таң қаласың. Туған жерін, елін сүйген адами қасиет аңқып тұр. Олардың жүріп өткен жолдары – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бүгінде Мұханбет ағаның шаңырағында ұлдары Қайрат пен Сағаттың ұл-қыздары өсіп келеді. Әкеден дарыған ән-жырға құмар әулет. Сағат – облыс көлеміне танымал әнші, әрі музыкалық аспаптардың барлығында шебер ойнайтын өнерлі маман.
Мағрупа ҚАЗИХАН.
Қызылқоға ауданы.