Бағаны ауыздықтаудың амалы қандай?
КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ДАМЫТУ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІ. ОНЫҢ ҚАМТУ АЯСЫ ДА АУҚЫМДЫ, СОНЫҢ БІР ҒАНА ТАРМАҒЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ КӨПТЕГЕН САЛАСЫНА ӘСЕР ЕТЕДІ. ОЛ – БАҒАНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ МӘЛІМЕТІНЕ ҚАРАҒАНДА, ЕЛДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ СОҢҒЫ БІР ЖЫЛДА 15 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН. МӘСЕЛЕН, ҚАНТ 51, ЖЕМІС-ЖИДЕК 44, КАРТОП 37, КҮНБАҒЫС МАЙЫ 23 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН. ҮКІМЕТ ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСІП ЖАТҚАНЫН ЖАРИЯЛАУДАН ЖАЛЫҒАР ЕМЕС. ӘЙТСЕ ДЕ, НАҚТЫ НӘТИЖЕ ЖОҚ. ЕГЕР ОСЫ ТҰРҒЫДАН АЛЫП КӨРСЕК, ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОРНЫҚТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ӘР ӨҢІРДЕГІ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІНЕ ТӘУЕЛДІ. БІЗ МҰНЫ АНЫҚТАУ ҮШІН ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗГЕН ЕДІК.
БҰЛТАРТПАС ДӘЙЕК БОЛМАСА…
Жасыратын не бар, киім-кешек пен тұрмыстық заттар қымбаттаса, қалың бұқара амалын тауып, күнін көретіні сөзсіз. Бірақ, тамақтың жөні бөлек қой. Ал, қарны ашқан адам қандай әрекетке де барады. Үкіметтің ең бірінші кезекте тұтынылатын 19 түрлі азық-түліктің тізімін айқындап, бағасын бақылауға алуы да сондықтан. Бірақ, қағаздағы көрсеткішке қарағанда, базардағы азық-түлік бағасы орта есеппен 20 пайызға қымбат. Бұл – Атыраудағы жыл басынан бергі анық жағдай. «Сонда атқарушы органдар тарапынан алынып жатқан шаралар қайда?» деген сауалды облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітовке қойдық.
– «Ауруын жасырған өледі» демекші, біз де бағаның өскенін жасырмаймыз. Сәйкесінше, онымен күресті де күшейттік. Уақыт бізге қымбатшылықпен емес, оның себебімен күресуді үйретіп отыр. Мәселен, маусымаралық кезеңде, әсіресе, жаз бен күзде көкөніс қымбаттап кетеді. Себебі, олар көршілес өңірлер мен өзге елдерден тасылады. Сондықтан, тасымалдау мен сақтау шығындары қосылып тұр. Бірақ, баға өсімі бойынша Атырау облысы 16-шы орында. Демек, айтарлықтай өсім жоқ деген сөз, — деді ол.
Егер Атыраудың ірі өнеркәсіптік әрі инвестициялық өңір екенін ескерсек, маман сөзінің жаны бар. Яғни, мұнда мұнайдан басқасы басқа жерден жеткізіледі деуге болады. Атап айтқанда, сәбіз, картоп, қырыққабат, пияз секілді көкөністер – импорттық өнімдер. Ал, ондай тауарға міндетті түрде инфляция мен геосаяси жағдайдың едәуір әсер ететіні сөзсіз. Бірақ, басқарма өкілінің «айтарлықтай баға өсімі жоқ» деп арқаны кеңге салуы жөн болмас. Егер баға өспесе, халық неге наразылық білдіреді?
– Талап бойынша, тауар бағасының үстемеақысы 15 пайыздан аспауы тиіс. Мұны елемегендер уәкілетті орган арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал, бағаның негізсіз өсуіне байланысты арызданатын азаматтар көп
болғанмен, олардың қолында чек пен дүкеннің мекен-жайын арызға тіркеген дәлелі жоқ. Мұны нақты көрсеткендер саны – небары 11 ғана. Біз соның негізінде ғана жұмыс жасаймыз. Міне, «биыл айтарлықтай баға өсімі жоқ» деуімнің себебі де осы. Сондай-ақ, дәлелсіз шағымдарға сүйеніп, кәсіпкерді тексеру де заңсыз болып саналады, — дейді бөлім басшысы Н.Жұмасейітов.
ӨЗГЕДЕН КЕЛЕР ӨНІМ КӨП
Әрине, әкімдік тарапынан атқарылған шараларды да жоққа шығаруға болмас. Айталық, аяқ астынан қант қат болып, құны шарықтап шыға келгенде, әкімдіктің шұғыл араласуымен өзге өңірлерден жеңілдетілген бағамен 2 мың тоннадан астам қант жеткізілген еді. Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін алдағы жылы өзге өңірлердегі қант зауыттарын қаржыландыруға келіссөздер жүргізілуде. Қымбатшылықты құрықтаудың тағы бір тәсілі – тұрақтандыру қорын қалыптастыру. Бұған жауапты «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы қазір бұл бағытта біршама жұмыс жасалып жатқанына сендіріп отыр.
– Бағаны тұрақтандыру және тұрғындарды әлеуметтік маңызды азық-түлікпен қамту мақсатында 2012 жылдан бері облысқа нарықтық бағадан 20 пайызға төмен 35 мың тонна тауар сатылды. Сандарды салыстырсақ, 2019 жылы тұрақтандыру қоры арқылы Атырау қаласындағы 4 сауда нүктесінде 5 атаулы азық-түлік сатылса, биыл осындай 68 орында тамақтың 18 түрі ұсынылып отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, өнім көлемі 392 пайызға артқан. Ал, 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өткізу көлемі маусымаралық кезеңде 5,7 мың тоннаға ұлғаймақ, — дейді корпорацияның департамент директоры Дмитрий Дю.
Алайда, өнімді сақтаудың да тәртібі бар. Мысалы, картопты жарты жылдан артық сақтау мүмкін емес.
Сондықтан, оны солтүстік өңірлерден тасымалдауға келіссөз жүргізіліп жатыр екен. Қазір облыста жергілікті кәсіпкерлерді қаржыландыру жоспары бекітілген. Соған сәйкес, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 7 кәсіпкерге 2 миллиард 11 миллион теңге бөліп, тауар бағасын 20 пайызға төмендетуді міндеттепті.
КООПЕРАТИВТІК НЕГІЗДЕГІ ДАМУ
Азық — түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету оңай мәселе емес. Сондықтан, елде ауыл шаруашылығы саласын реттеудің жолдары туралы білікті ғалымдардан сұрастырғанбыз. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, экономист Мұхит Дүйсеғалиев өз ойын айтып, қазіргі ахуалды ғалымның көзімен болжады.
– Баға бір емес, екі емес, бірден 23 пайызға өсіп отыр. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. Тек біздің елде емес, бүкіл әлемде қазір азық-түлік қауіпсіздігіне қатты көңіл бөлінуде. Ал, оның бағасын, менің пікірімше, белгілі бір мерзімге тұрақтандыру мүмкін емес. Өйткені, сырттан тасымалданған тауардың бағасын қуып жете алмаймыз. Мысалы, іргедегі Ресейдің ұлттық валютасын алсақ, оның бағамы біздің ақшамыздан екі есе жоғары. Сондықтан, ол жақтан келетін тауар бәрібір қымбатқа келеді. Қымбатшылықты тамырымен жою үшін, ең алдымен, ауыл шаруашылығына Үкімет тарапынан түбегейлі өзгерістер керек. Әсіресе, желге ұшқан субсидияның орнына өнім өндіруге қажет технология алып, зауыттар ашса қандай пайда берер еді, — дейді сарапшы.
Расында да, бұған дейін отандық өнім жөнінде ұрандатқанмен, нақты өндірген ештеңеміз болмағаны анық. Тіпті, желіде тараған қант қызылшасын тиеп, қаңтарылып тұрған жүк көліктерін қабылдайтын қант зауыты да болмады ғой. Біз үшін секер дегеніміз – жай ғана құмшекер. Ал, одан тамақтың ең қымбат түрлері жасалатынын екінің бірі біле бермейді.
– Қанттың соңынан қазір жұмыртқа да қымбаттап кетті. Оны өндірушілерге бөлінетін субсидия да мардымды емес. Демек, субсидияға тәуелді болмайтындай жағдай жасау керек. Шындығына келгенде, әлеуметтік маңызды азықтүліктің тең жартысын өзіміздің отандық өндірушілер де өтей алады. Бұл үшін ауыл шаруашылығын толықтай цифрландыру керек. Бұрынғы ата-бабамыз секілді ат үстінде мал бағудан арылатын уақыт келді. Жаңа технологияны енгізіп, тиімді жұмыс жасағанға не жетсін?! Меніңше, ауыл шаруашылығын кооперативтік негізде дамытқан дұрыс. Сонау 50-60-жылдары кеңес өкіметі кеңшар мен ұжымшар құрып жатқанда, дамыған елдер кооператив құрған екен. Бұл арқылы шаруа қожалықтарын бақылауда ұстауға болады. Әйтпесе, қазір кейбір шаруалар бір сәтте мыңғырған малын сатып жіберіп, ақшаны шұлыққа тығып, кәсібін жауып жатады. Ал, бұдан тұрақты өсім бола ма?! — дейді Мұхит Жоламанұлы.
P.S. БАҒА ТУРАЛЫ АЙТҚАНДА, ТҮЛКІДЕЙ ҚУ АЛЫПСАТАРЛАРДЫ ДА ЕСТЕН ШЫҒАРМАҒАН ЖӨН. ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА СЕБЕП БОЛЫП ОТЫРҒАН ОЛАРДЫҢ АЙЛАСЫНА БҮГІНДЕ ҚҰРЫҚ БОЙЛАМАЙДЫ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ, «ЖОҒАРЫ ЖАҚТА» ДА ТҰРАҚТЫЛЫҚ БОЛМАЙ ТҰР. ТАҒАЙЫНДАЛҒАН МИНИСТР ЖҰМЫСЫН ЖҮЙЕЛЕЙ АЛМАЙ ЖАТЫП, КЕЛЕСІ МИНИСТР КЕЛЕДІ. ҚАРАПАЙЫМ ҚИСЫНҒА САЛСАҚ, БАСШЫЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ТҰРАҚТАМАЙ ЖАТҚАНДА, БАҒА ҚАЙДАН ТҰРАҚТАСЫН?! …ӨКІНІШТІСІ, БІЗДІҢ МҰНАЙ-ХИМИЯМЫЗ ДА, АЗЫҚ-ТҮЛІГІМІЗ ДЕ – БӘРІ ДЕ ТЕК ШИКІЗАТҚА ҒАНА НЕГІЗДЕЛГЕН. ТҰРМЫСЫМЫЗДЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕП ТҰРҒАНЫ ДА ОСЫ. ЕНДЕШЕ, ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ КӨБЕЙТЕМІЗ ДЕСЕК, ОТАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОРНЫҚТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ҚАЖЕТ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
фото: ашық дереккөзден