АЗАТТЫҚ ЖОЛЫ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Халқымыз үшін жеті санының қашан да маңызы бөлек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 22 жылдығына арналған салтанатты жиында бүгінгі таңда еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан–2050» стратегиясын да жеті басымдыққа бөліп, ел Тәуелсіздігінің жеті қазынасын атап көрсетті. Осы орайда бүгінгі аға, орта және жас буын өкілдерінің жеті басымдық аясында қазақ даласының тарихындағы оқиғалар турасында айтар өзіндік пікірлері де бар. Газетіміздің бүгінгі санында үш ұрпақ өкілдерінің тәуелсіз ел дамуындағы жеті қазынамыз туралы ойларына кезек беріп отырмыз.
ЕЛ ЕРТЕҢІН ОЙЛАСАҚ
Гауһар МЕЙІРХАНОВА,
жас дизайнер, тәуелсіздік құрдасы.
Ата-бабамыздың арқасында біз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, оның жемісін көріп отырған бақытты ұрпақпыз. Бір қынжылтатыны, сан ғасырлар бойы егемендікті аңсап өткен бабаларымыздың бүгінгі күнді көре алмауы. Егемендік жолында халқымыздың бастан кешкендері аз емес. Мен Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде мәңгілік ел болудағы басты мақсатымызды айтқым келеді.

 

Егемендіктің арқасында іргелі де, жасампаз жетістікке жеттік. Мемлекет басшысы елімізді әлемге мойындатты. Бүгінгі күні «Қазақстан-2050» стратегиясын ұсынып, ел Тәуелсіздігінің жеті қазынасын көрсетті. Бұл бағыттар арқылы жүйелі жұмыс жасасақ, болашақта алпауыт мемлекетке айналуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, тәуелсіз-діктің қадірін түсініп, оны бағалауымыз қажет.
Тәуелсіздіктің арқасында қалаған мамандықтың тұтқасын ұстап, оны әрі қарай жетілдірудеміз. Менің қолөнерге бейім болып, бүгінгі күні қолымнан шыққан бұйымдарды көпшілікке ұсынуымның бәрі азаттықтың берген несібесі деп білемін.
Дәлірек айтқанда, қазақы әсем ою-өрнекпен сәнделген киімдер тігіп, еліміздің жетістіктерін бейнелейтін суреттер салу, басқа да бұйымдар жасау менің сүйікті ісіме айналды. Ізденісімнің арқасында бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері атандым. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің берген сыйы.
Ендігі уақытта «Мен Тәуелсіздікті нығайтуда не істеймін?» Қайткенде оның тұғыры биік, қадір-қасиеті жоғары болмақ?» деп ойлайтын әр азамат болашағын бүгіннен бағамдауы қажет. Елбасы айтқандай, Тәуелсіздіктің бізге сыйлаған жеті қазынамыздың қадірін терең түсініп, егеменді елдің ертеңі біздің қолымызда екенін ұмытпағанымыз жөн. Мәртебеміз асқақ, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын дегім келеді.

БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ – БІЛІМДЕ
Алдамберген ХАМЗИН,
ҚР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Ел келешегі мен өткенге ойша шолу жасап сараласақ, әсіресе, ардагер ұстаз ретінде білім беру саласында бүгінгі болып жатқан өзгерістерді көріп, еріксіз таң қаламын. Және осы жеткен жетістігіміздің бәрі халықтың сан жылдар бойы армандаған Тәуелсіздіктің сыйлаған қазынасы деп білемін. Білікті де, білімді маман арқылы үлкен жетістікке жетуді көздеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап білім мен ғылым мәселесін бірінші кезекке қойды.
Мен қырық бес жыл бойы білім саласында еңбек еттім. Біздің заманымызда сабаққа қажетті көрнекі құралдар мен ақпараттарды дайындау мұғалімнің біраз уақытын алып, жазу-сызудың өзі қиындық тудыратын. Ол кезде техникалық құралдар аз болды. Соның өзін пайдалану оңайға түспейтін. Экранға кескін түсіріп, оқушыларға анық, сапалы етіп көрсету үшін сыныпты қараңғылап, сабақтың жақсы өтуі үшін алдын ала дайындық қажет болушы еді.
Ал, қазіргі уақытта интерактивті тақта, компьютер, басқа да техникалық құралдар еш қиындықсыз іске қосылады. Сабаққа қажетті материалдар жеткілікті. Кітапхана қоры мол. Одан қалса, заман ағымына сай интернет желісінде сабаққа керекті мағлұматтар көзі көп. Мектептердің материалдық базасы бұрынғы кезбен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Заман талабына сай мектептер тұрғызылып, жаңа жүйелер енгізілуде. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында жасалып жатқан жұмыс аз емес.
Жаңа заман ағымына сәйкес мұғалімдер білімдерін де жетілдіруде. Олардың еңбекақысына да жаңа өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде 2015 жылға қарай педагогтердің орташа еңбекақысы өсіріледі деп жоспарлануда.
Қазіргі жас әріптестерге айтарым, қырық бес минуттық сабаққа өте мұқият дайындалу қажет. Баланың жақсы қасиеттерін байқап қана қоймай, оны өз жұмысына ұтымды пайдалана білген жөн.
Ел болашағының айқын болуы сапалы білімге тікелей байланысты. Мұның бәрі – ел Тәуелсіздігіне қол жеткізген жиырма екі жылда білім саласында жеткен алтын қазынамыздың бір бөлігі. Бұл осынау уақыт үшін аз жұмыс емес. Тәуелсіздігімізді жандандырып, еліміздің өркендеуінде әлі талай жұмыс жасалатынына сенім мол.

«НҰРЛЫ КӨШ» – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Құдабай ҚАРЖАУОВ,
«Оралман-Жайық»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Тәуелсіздіктің бізге берген жеті қазынасы туралы сөз болғанда, ауыз толтырып айтар жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, Елбасы жеті қазынамыздың бірі санаған ел бірлігі – басты құндылығымыз. «Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық төрімізге озды» деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Тәуелсіздіктің бізге берген сыйы – көші-қон мәселесінің орын алуы. Сырт елдерге кеткен қазақтардың өздерінің тарихи отандарына жаппай оралуы егемендіктің арқасында іске асқанын ерекше атай аламыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иранға іссапары барысында сол елдегі бір топ қазақ бауырларымызбен кездесуі барысында оларды елге оралту жөніндегі өтініштеріне баса мән беріп, «ҚР-ның Көші-қон туралы» заңын қабылдап, қандастарды елге алдыруды міндеттеді.
Егемендік орнағаннан бастап алыс шет елдердегі және де бұрынғы одақтас республикалардағы қазақтарды тарихи отандарына қайтару шаралары іске асырыла бастады. Расымен де, Тәуелсіздіктің сүйінші хабары әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақтарға тез жетіп, әр қазақтың жүрегіне «атажұртқа оралсақ» деген үміт отын жақты. «Нұрлы көш» аталған бұл шара Ұлы көшке айналды. Атажұртқа оралудың көшін 1991 жылдың наурызында «Еңбек шарты» деген айдармен Моңғолиядағы ағайындарымыз бастады.
Міне, Елбасы шеттен келетін қазақ халқының иммиграциясына жыл сайын квота бөліп, осындай бар мүмкіндікті жасады. Бұның халық санын көбейту бағытында да маңызы зор. Елдегі жағдайды өркендетумен қатар, шет елде жүрген қандастардың да жай-күйіне үңілген Мемлекет басшысы бұл жұмысты «Қазақстан-2030» даму бағдарламасына да енгізіп, алға қойды.
Бүгінгі күнге дейін бір миллионның үстінде азамат елге оралды. Соның ішінде жиырма мыңы Атырауға тұрақтанды. Атырауға алғашқы көш 1999 жылы Ауғанстаннан келді. Содан бері қандастарымыз Тәуелсіздіктің арқасында бар мүмкіндікті пайдаланып, туған жердің гүлденуіне өз үлестерін қосуда.
Қандастарымыздан құралған «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің жұмыстары жыл сайын жанданып келеді. Дәлірек айтқанда, жат елде жүріп еліне оралуды аңсаған қандастарымыз Тәуелсіздіктің құндылығын өте жақсы сезінеді. Олар Тәуелсіздігіміздің одан әрі өркендеуі жолында өз үлестерін қосудан да кенде емес. Осы тұста айта кетерлігі, қандастарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеті қазынамыздың бірі санаған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын да нығайтуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде әлеуметтік жағдайларын біршама жақсартты. Кәсіп-керлікпен айналысуда, жеңілдетілген несие беру бағытында да біршама іс тындырылды. Өткен жылы жиырма отбасы бағдарлама аясында несие алып, кәсіптерін бастаса, биылғы жылы да несие алушылар саны артты. Бүгінгі күнге қажетті деген егін шаруашылығы, мал шаруашылығына көңіл бөліп, облыс халқын жергілікті өніммен қамтуға үлестерін қосуда. Сондай-ақ, тұрғын үй беру бағытында өткен жылы 97 отбасының ішінде он баспана қандастарымызға берілді. Бағдарлама негізінде тағы бір айта кетерлігі, қайта оқыту, қайта даярлау курстары шеңберінде де бірнеше азаматтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Айта берсек, Тәуелсіздіктің бізге берген жемісі мол.

Дайындаған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз