Жарнама
Қоғам

Азаматтың төресі

Əлі есімде, 1972 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих бөлімін бітіріп, туған ауылым Балықшы ауданы, Дамбы ауылындағы No7 орта мектебінде алғашқы ұстаздық жолымды бастадым.

Бұл бір ғажап күн еді. 

Қолыма алғаш қалам ұстатып, əріп танытқан ұстаздарымды кездестірдім. Өзімді тəрбиелеп оқытқан ұстаздарыммен бірге жұмыс жасаймын деп еш ойламаппын. Əсіресе, бастауыш сыныпта білім берген алғашқы ұстазым Шарапиден Ізғалиұлын көргенімде дағдарып тұрып қалыппын. Ұстазымның мені құшағына қысып, жылы қабылдағаны, алғашқы еңбек жолыма сəт-сапар тілегені есімнен мəңгі кетпес. Сол бір жүрек толқытқан кездесу менің болашағыма қанат бітіргендей болды.

Есікті алғаш рет ашып класқа ену, партада қаздай тізіліп, қарсы алдыңда саған жəудіреп қарап отырған оқушылармен кездесу қандай тамаша еді! Шəкірттердің жанарынан қаймығып, тақтаның алдында тіземіздің дірілдегені мен жүрегіміздің лүпілдегенін қалай ұмытармыз?! Міне, алғашқы еңбек жолымды басқа жерде емес, өзім оқыған мектепте жəне алғашқы ұстазым Шарапиден ағаның рухани қолдауымен бастағаным мен үшін зор жетістік болды.

Бір кезде өзімді оқытқан ұстаздарыммен бірге қоян- қолтық еңбек етіп жүргеніме де 10 жыл өте шығыпты. Мына бір оқиға əлі есімнен кетпейді. 1984 жылдың көктемі. Ауылымызда ашылған мəдениет үйінде əртүрлі шаралар мен мəдени кештер дүркіреп өтіп жатқан кез. Бір күні Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс жəне тыл ардагерлерімен үлкен кездесу өтетін болды. Оқушыларды алып, мəдениет үйіне келіп, жайғастық. Алдыңғы қатарда құрметті ауыл ағалары, əжелер, көпті көрген көнекөз қариялар жайғасыпты. Кешті жүргізуші жігіт: «Сахнаға ардагер ұстаз, тыл жəне еңбек ардагері, ауылымыздың құрметті азаматы Ізғалиев Шарапиден ағаны шақырамыз!» деп хабарлады. Сол сəтте зал дүр сілкінді. Зал толы көрермен орындарынан тұрып, қол соғып, ағамызға зор қошемет көрсетті.

Кенет сахна төріне алшаң басып, кеудесі орден, медальға толы Шарапиден ағамыз көтеріліп келе жатты.

Зал тып-тыныш бола қалды. Кеш қонағы өзінің са- бырлы қалпымен сөзін баяу бастап кетті. Ол кездегі ұстаздардың салмақты бейнесі, киім киісі мен сөз сөйлеу мəнері біздердей жас ұстаздарды таң қалдыратын. Ұйып тыңдай қалдық.

Ағамыз 1941 жылы Калинин атындағы 7 жылдық мектепті бітіріпті. 1943 жылы Бақсай ауданындағы (қазіргі Махамбет ауданы) мұғалімдер даярлайтын алты айлық курста оқиды. Сол жылы 1 қыркүйекте Забурын ауылдық кеңесіне қарасты «Ақбұлақ» ауылындағы Молотов атындағы бастауыш мектепке мұғалім болып орналасады. Алғашқы ұстаздық жолы сұрапыл соғыс жылдарына дəл келіпті. 1945-1947 оқу жылында Қызыл Ту бастауыш мектебінде мұғалім болып еңбек еткен ағамыз 1948 жылы Гурьев педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 

Оқуды 1951 жылы бітіріп, бір-екі жыл «Родина» жеті жылдық мектебінде мұғалімдік жұмысын жалғастырады.

Кейін Калинин атындағы бастауыш мектепте сабақ береді. 1969 жылы жанұя жағдайына байланысты Гурьев облысы, Балықшы ауданы, Дамбы ауылындағы No7 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа ау- ысады. Осы жұмыста табан аудармастан 20 жыл үзіліссіз қызмет атқарады.

Шарапиден ағамыз осы кездесуде өзінің ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі, соғыстың қиын жылдары туралы баяндады. «Ел басына күн туған соғыс жылдары ауылдағы бар ауыртпалықты біздер көтеріп қалдық. Майданға кеткен жауынгерлердің отбасына жіберген сəлемдемелерін уақытында жеткізу, ауылдағы жетім- жесір мен қарттардың тұрмыстарын бақылау, оларға қажетті көмек көрсету сияқты жұмыстардың басы- қасында жүрдік. Əсіресе, майданнан «қара қағаз» кел- генде қайғылы хабарды жеткізу өте қиын еді. Үй ішіне қалай айтарымызды білмей қатты қиналған сəттеріміз жиі болды» деген еді əңгімесінде ағамыз.

Салтанатты кеш өте тартымды өтті. Сахна төрінде өзінің білім саласындағы ізденістері мен жетістіктері туралы баяндап, ұрпақ болашағы туралы тебірене əңгіме өрбіткен білікті ұстаз əрі тыл ардагеріне ауыл

тұрғындарының сұрақтары бір сəтке толастамап еді сол күні. Ауыл тұрғындары, əсіресе жастар мен мек- теп оқушылары бұл кездесуден үлкен ғибрат алып, ру- хани байып шықты. Сол күні зал толы жас пен кəрінің Шарапиден ағамызға деген ерекше ықыласын, үлкен құрметін өз көзіммен көрген едім.

Бұл тек бір кездесуден алған əсеріміз. Осындай ғибратты кездесулер кейінгі жылдарда да жалғасып жатты. Ағамыз жасының ұлғайғанына қарамастан осындай тəрбиелік шараларда бізбен бірге жүретін. Шаршауды білмейтін ағамыздың еңбекқорлығына таң қалатынбыз.

Отбасында жолдасы Бəтила апамыз екеуі 3 ұл, 4 қызды тəрбиелеп өсірді. Тұңғыш қызы Рая балабақшада тəрбиеші болды. Үлкен ұлы Мереке жоғары білімді, Амангелді колхозында балық өңдеу цехының бастығы болып ұзақ жыл жұмыс жасады. Мəруа Амангелді кол- хозында балықшы, егінші болып еңбек етті. Бүгінде үшеуі де зейнеткер. Дауылбай Атырау қаласында ав- топаркте автобус жүргізушісі болып абыройлы еңбек етіп жүр. Зəуреш балабақшада музыка маманы болып жұмыс істеген, бүгінде ол да зейнеткер. Ағамыздың кенже ұлы Мұхтар Гурьев педагогикалық институтын жəне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тəмамдады. Бүгінде Атырау облысы дін істері басқармасында, яғни мемлекеттік қызметті абыроймен атқаруда. Қызы Гүлжан ағамыздың жолын қуған ұстаз, бүгінде осы салада жемісті еңбек етуде.

Міне, Шарапиден ағамыздың ұрпақтары шетінен өнегелі, тəрбиелі болып өсіп жетілді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген рас екен. Бүгінде ұлағатты ұстаздың ұрпағы ағамыздың атын өшірмей, асқақтатуда.

Ағамыз 1946 жылы 24 тамызда «Еңбектегі ерлігі» медалімен марапатталыпты. Бұл ағамыздың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бел шешпей еткен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ тыл ардагері Ұлы Отан соғысы Жеңісіне – 50 жыл, 55 жыл жəне 60 жылдық тойларын- да мемлекеттік медальдарға ие болған. Ал, 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен де марапатталды. Ағамыз бұл марапаттарға лайықты болатын. Шарапиден Ізғалиұлы зейнетке шыққан соң да елдік маңызы бар істерге, қоғам өміріне белсене араласты. Игі істердің ортасында жүргеніне талай куə болғанбыз. Өмірінің соңғы жылдарында денсаулығы сыр беріп, қатты науқастанды. «Айналдырған ауру алмай қоймас» демекші, 2009 жылы 25 ақпан күні 82 жасқа қараған шағында ағамыз өмірден озды.

Қазақта «Азаматтың төресі» деп өте сирек айты- латын тамаша сөз бар. Оның мəні өте тереңде жатыр. Шарапиден Ізғалиұлы туралы ел осылай дейтін. Осындай еліне қадірлі болған ағамызға қандай мақтау айтсақ та жарасымды. Ардақты ағамыздың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында өзі ұзақ жыл ұстаздық еткен Амангелді орта мектебінің тарихы мұражайын ағамыз туралы естеліктермен толықтырса жақсы болар еді.

Сондай-ақ Дамбы елді мекенінде жаңадан бой көтерген көшелердің біріне Шарапиден Ізғалиұлы ағамыздың есімін берсе, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ұсынысқа ауылдастары да ризашылығын берер еді деп ойлаймын. Себебі, ағамыздың өнегелі өмір жолы кейінгі толқынға үлгі бола білді, ағамыздың артында тəрбиелі ұрпағы жəне ағамызды ардақ тұтқан елі бар!

Темірбек МАРДАНҰЛЫ, ардагер ұстаз, Шарапиден Ізғалиұлының шəкірті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button