Жарнама
Қоғам

«АЗАМАТ ҚОЙ ОЛ…»

Сол адам бабалардан келе жатқан бар асыл қасиетті бойына жинап, барша әулетке шуағын шашып, айналасын нұрландырады екен.  Біздің әулетімізде ондай адам  Ғатау ағамыз ғой деп ойлайтын едік.Ағамызды ойлағанда үлкендерден естіген әңгімелер есіме түседі. Ағамыз екі жаста әкеден жетім қалды. Бүкіл ғұмырында биігіне өзінің таза еңбегімен ғана жетті.

Шынында да, ағамыздың орны бөлек еді. Алматыдан жылма-жыл жазғы демалысқа келген сайын, екі той жасалатын, бірін бүкіл елді шақырып әкеміз жасайтын, екіншісі қырда шешеміздің ауылында өтетін.

Домбыраны ағамыз төрт жасында жол-жөнекей үйіне түскен Шәріп домбырашыдан үйренген деп айтады. Ол күнде кім кімнің үйіне түспей жатыр, жас бала өнерге ынта байқатқан, соны аңғарған Бәтіш шешем әлгі кісіні бірнеше күнге қалдырып, немересіне дәріс дарытқан, кетерінде бір сиырын беріп, домбырасын алып қалған.

Ағамыздың өмірінің ерекше шуақты кезі – Айман жеңгемізбен қосылған мезгіл. Екеуі де ерекше сымбатты, бір-бірін ғажайып толықтыратын. Ағамыз екеуі соншалықты үйлесімді, әдемі өмір сүрді.  Оларда адам баласы болып дауыс көтеру, бір-біріне қарсы сөйлеу мүлде болмайтын. Алдымызда осындай ағамыз барда бақытты сезінетін едік.

Жақсы адам үнемі қасыңда жүрмесе де қорғаныңдай, қамқорыңдай болады екен. Мұны ағамыз дүниеден өткен соң шын сезіндік. Ол  бөлек жаратылыс иесі-тұғын. Ес білгелі біреуге қатты сөйлегенін, асығып-аптыққанын көрмеппіз. Жаратылысынан жаны мейірімге, жүзі нұрға толы,  көп әулеттерде кездесе бермейтін жанның біздің ағамыз болғанына іштей көңіліміз марқаятын. Ғатекеңнің облыстық мал шаруашылығы саласындағы басшылық қызметі бір бөлек, күй өнеріне қосқан үлесі тағы бір бөлек әңгіме десек, адами  асыл қасиеті олардан да асқақ тұратын еді.

Ақын Қадыр Мырзалиев:

«Бар жамандық сыяды, Азамат па ол?» дегенге,                           

«Бар жақсылық сыяды, «Азамат қой ол» дегенге ,– деп айтқандай, Ғатау ағаның азаматтық істері мен мінез-құлқын ел үлкендері үнемі айтып жүретін. Аға, біз Сізді сағына еске аламыз. Сіздің ісіңіз бен сөзіңіз – бізге үлгі-өнеге.

Зияда Қабышева,

мұғалім,

Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button