Жарнама
Қоғам

«Қазақтану» – бірегей жоба

Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы даланың жеті қыры» атты «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына арналған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша республикалық лекторийдің салтанатты ашылуы өтті.

IMG_5203-27-11-18-03-19

Лекторийдің пленарлық мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко, облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова,  Ассамблея мүшелері, елдегі жетекші институттардың ғалымдары және қоғам қайраткерлері қатысты.

Еліміз бойынша алғашқы болып  ғылыми-ағартушылық «Қазақтану» жобасы Ақмола облысынан бастау алған болатын. Жоба идеясы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында көтерілген еді. Негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтың ортақ мәдени коды, біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи санасы негізінде халықтың бірлігін нығайту, этностар арасында халқымыздың тарихын, салт-дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу.

Сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдағы этносаралық келісімді сақтап, ұлттық саясатты іске асыруға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге орасан зор үлес қосып келе жатқан бірегей институт. Шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко қиын-қыстау кезде түрлі этносқа пана болған Атырау жерінің озық тәжірибелері мен үлгілеріне ерекше тоқталып, жергілікті Ассамблея жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ, өткенімізді түгендеп, болашаққа бағдар беретін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының маңызын атап өтті.

– «Қазақтану жобасы» қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға арналды. Елбасы мақаласының да негізгі ұстанымы осы. Мақалада өткенді жаңғыртып қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің жолдары да қарастырылған. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан «Ұлы даланың жеті қыры» келелі міндеттер жүктеді. Татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепіліне айналған Ассамблея жұмысын насихаттай отырып, ұрпақтар сабақтастығы мен қазақстандық патриотизмді дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Біз ұлттық құндылықтар негізінде халық бірлігін одан әрі нығайтып, елдегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет» деген Леонид Андреевич осы  мақсатта Атырау өлкесіне қоғам қайраткерлерінен құралған лекторлар пулы келгенін айтты.

Келелі жиын барысында еліміздің зиялы қауым өкілдері «Қазақтану» жобасының ұлт тұтастығына, ел бірлігіне апаратын қадам екенін айтып,  жобаның тиімділігі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, шара барысында қолөнер шеберлері бұйымдары мен «Елсана» клубының көрмесі ұйымдастырылды.

Лекторий шеңберіндегі дәрістер циклы түстен кейін Ғ.Сланов атындағы  облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде,  «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығы мен Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінде өтті. Аталған аудиторияларда қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп Ахметова, филология ғылымдарының докторы, ғалым Ғарифолла Әнес, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, «Айгөлек» журналының бас редакторы, ақын Қымбат Әбілдина дәріс оқыды. Екі күнге созылатын республикалық лекторий аясында жұмысшы тобы Махамбет, Жылыой аудандарына да сапарламақ.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

 

Әділ  АХМЕТОВ, Түркі  академиясының  профессоры, филология  ғылымдарының  докторы:

«Тарихты түгендеуіміз қажет»

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты  мақалаларының негізгі мақсаты – халықтың тарихи санасын ояту. Ал, «Мәдени мұра» бағдарламасы бұлардың бастамасы болатын.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада Елбасы «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажеттігін айтты. Рас, қазаққа қатысты «мемлекеттілігі жоқ» деген жағымсыз көзқарастар мен ой-пікірлер де айтылып келді. Алайда, олай дейтін болсақ, біз «Алтын Ордамызды» қайда жібереміз? «Алтын Орданың» бір өзі Ұлы даланың үлкен өркениетке ие екенін айтып тұр емес пе?! Өзінің тарихын білгісі келмейтін халық жоқ.  Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге оқуға баратын жастар өзге жерлерден қазақтың өткені туралы қандай да бір деректер жинауы қажет деп санаймын. Ал, қазақ тарихын түгендер болса, талай ақиқат ашылар еді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button