Жарнама
Қоғам

«Қазақ емес екенсің…» деген тақырыптағы мақалаға орай

Президенттің жарлығымен үстіміздегі жылдың 21 сәуірінен бастап, ономастика комиссиясы жұмысқа қайтадан кірісті. Енді мақалада көрсетілген мәселелер біртіндеп өз шешімін таба бастайды деп үміттенеміз. Алайда, жаңа қабылданған заңдағы өзгерістер мен толықтырулар облыстық комиссияға көптеген күрделі міндеттер жүктейді. Әртүрлі салалардан, соның ішінде әр аудандардан, қалалардан тиісті өкілдер кіргізу арқылы ономастикалық комиссия құрамын кеңейту және комиссияның әрбір мүшесіне жүктелген міндеттерді үнемі пысықтау арқылы ономастикалық комиссия жұмысын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік болады деп ойлаймын.
Автор мақалада тағы бір әңгіменің шетін шығарыпты. Тіпті, мақаланың тақырыбы да сол әңгімеге сай қойылыпты. Ол — төлеңгіт руындағы адамдардың қазақ екендігіне күмән келтірілуі. Шындығында, осындай алып-қашпа сөздердің ел ішінде бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, бұл сөздердің бәрі сол адамдардың төлеңгіттер туралы түсініктерінің жоқ екендігінен туындайтындығын айтқанымыз дұрыс болады. Төлеңгіттерді зерттеуші — тарихшы ретінде мен мына жайларды қаперге бергім келеді.
VII-XIIІ ғасырларда Алтай тауы төңірегінде түркі тілдес төлеңгіт деген ұлыс өмір сүрген. Шыңғыс хан оларды өз қарамағына кіргізіп, біразын хан сарайын қорғаушы еткен. Моңғолдардың, жоңғарлардың, ресейліктердің озбырлығынан ХVIII ғасырдың екінші жартысында төлеңгіттер мүлде азайған. Ал, Шыңғыс хан ұрпақтары басқарған мемлекеттердің бәрінде де төлеңгіт деген атау қалған. Ол «хан сарайындағы қызметшілер» дегенді білдіреді. Хандық дәуір кезінде хан сарайына қызметшілер өте көп керек бол- ған. Сондықтан, хандар қазақ руларынан мықты, қайратты, ержүрек жігіттерді таңдап, оларды хан сарайына қызметке алған. Бұлар төлеңгіттер деп аталған. Мысалы, Абылай хан арғын руының ең таңдаулы деген мың жігітін өз сарайына алдырған. Олар сарайда төлеңгіт қызметін атқарған. Шыңғыс хан ұрпақтары «төре» деп аталатындықтан, төлеңгіттер «төре» таңбасын алып, өздерін «төре төлеңгіттеріміз» деген. Қазіргі кездегі Қазақстандағы «найман төлеңгіті», «албан төлеңгіті», «жалайыр төлеңгіті», «үйсін төлеңгіті» және басқа да төлеңгіттердің арғы бабалары кезінде сол рулардан таңдап алынғандар болса керек.
Төлеңгіттер хан сарайында сан алуан қызмет атқарған. Олар хан-сұлтандардың жеке бастарын қорғады. Зекет, соғым және басқа да алым-салықтар жинады, сот биліктерін орындады, елшілік қызмет атқарды, сонымен бірге хан әскерлерінің негізгі бөлігі төлеңгіттерден тұрды. Қазіргі заман тілімен айтқанда, төлеңгіттер сол замандағы мемлекеттік қызметкерлер дәрежесінде болды дегеніміз дұрысырақ. Сонымен, төлеңгіттер — қазақ руларынан таңдап алынған, хандық билікке қызмет еткен өз қандастарымыз болып табылады.
XIX ғасырдың алғашқы ширегінде хандық билік тарағаннан кейін төлеңгіттер ру болып бірікті. Қазақстанның барлық аймағында бұрын хандық болған жерде төлеңгіттердің кездесетіндігі осыдан. Сөз соңында газет оқырмандарын елең еткізерліктей мәселені қозғағаны үшін мақала авторына үлкен ризашылық білдіргім келеді.

Амангелді ШАМҒОНОВ,
тарихшы-өлкетанушы, профессор, Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button