Жарнама
Қоғам

«АВСТРАЛИЯДА БӘРІ ЖАҚСЫ, бірақ, Қазақстанды сағынамын…»

 — Елге келгенде биологиялық таза өнім өндірумен айналысып, өз пайдамды тигізбекпін. Оны барлық ауылшаруашылық өнімдеріне қолдануға болады. Мысалға, қазір қолданыста жүрген химиялық пестицидтерді барынша азайтып, түрлі ауруларға төзімді экологиялық тұрғыдан адам денсаулығына тиімді биологиялық таза өнім алуға ұмтыламыз, — дейді студент қыз.

Әңгімеміздің кейіпкері алдыменен Астанадағы Еуразиялық Ұлттық университетте оқыпты. Оны аяқтағаннан соң, экология мамандығы бойынша магистратураға түскен. Үздік оқуының, талмай ізденуінің нәтижесінде сынақтан сүрінбей өтіп, 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқуға жолдама алған көрінеді. 

Дүниенің түпқиянындағы мемлекетке барғанына көп болмағанымен, Аймекен біраз жайға қанығып үлгергенге ұқсайды. Жалпы, австралиялықтар Қазақстан туралы көп біле бермейді екен. Сондықтан, оларға тәуелсіз еліміз туралы барынша мол ақпарат беріп жүргенін айтады. Ұлтымыздың баға жетпес құндылықтарын, ару қала Астананы тілі жеткенше баяндапты. 

«Осының әсері шығар, австралиялық таныстарымның біразы Қазақстанға келуге құмартып отыр. Айтпақшы, осы елде Даниил есімді жергілікті студентті кездестірдім. Ол Қазақстан туралы жақсы білетін болып шықты. Тіпті, қазақ тілін, тарихын үйреніп жүр. Әсіресе, домбыраға, «Адай» күйін қатты сүйіп тыңдайтынына таң қалдым. Жақында Даниил Қазақстанға барып қайтты. Астанадағы достарым оны әуежайдан күтіп алып, қаланы тамашалатыпты. Оған Елордамыз қатты ұнапты, үлкен әсермен оралды. Өзімен бірге домбыраны да ала келген. Қазір қазақтың шертпе күйлерін үйренуде. 

Ал, өзім Сидней, Орталық Австралия, Улуру, Кэйрнс сынды басты туристік орталықтарда болдым. Енді жақында елдің астанасы Канберра мен Мелбурнге бармақшымын. Аборигендер тұратын Орталық Австралиямен де тереңірек танысудың сәті түсті. Ол жақтағы Алис Спринг шағын қаласын, аборигендердің киелі тауы саналатын Улуру тауында, Кингстон каньонында болдым. Орталық Австралияны негізінен шөл дала алып жатыр, тек шағын ауылдары ғана бар. Австралия аборигендерінің шамамен 70 пайызы осындай шөл далада қоныстанғандықтан, ол жақтың өмірімен танысқым келді. Осылайша достарым Алма мен Дәулет (олар да «Болашақ» стипендия иегерлері, Сидней университетінде оқиды) үшеуміз бірде жолға шықтық. Орталық Австралияның табиғаты Брисбен мен Сиднейге қарағанда мүлдем өзгеше. Қып-қызыл құм, өте құрғақ. Өсімдіктері де өзгеше, қатты ыстыққа ерекше бейімделген. Күннің ыссылығы кейде +60, +70 С- қа дейін жоғарылайды екен. Үшеуміз бес күн бойы шөл даланы аралап, көп жайға қанықтық.

Австралия — өте таза, ерекше табиғаты бар, адамның өмір сүруіне барлық жағдай жасалған дамыған ел. Басты қалалары мұхит жағалауына жақын орналасқан. Мен тұратын Куинсланд штаты — тропикалық табиғатты, ең жылы аудан. Бұл елдің инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, экономикасы тұрақты. Денсаулық сақтау жағынан көптеген жетістіктерге жеткен. Сондықтан да, көптеген шетелдіктер осы елдің азаматтығын алып қалуға ұмтылады. Мен кейін «Қазақстанға қайтқым келеді» десем, білетіндер таң қалып, «неге, Австралия саған ұнамады ма?» деп сұрайды. Оларға осында «Болашақпен» оқуға келгенімді, кейін туған Отанымның алдындағы міндеттерім бар екенін айтып түсіндіремін. 

Шыны сол, Австралиядан мен ешқандай кемшілік байқамадым. Адамдары өте қарапайым, ашық және өте еңбекқор. Таңғы сағат 5-тен бастап, түсқайта 4-ке дейін тыным таппайды. Бірақ, күндізгі сағат 4-тен кейін барлық мекеме, үлкен сауда орталықтары жабылады. Басында «неге ерте жабылады?» деп түсінбейтінмін. Кейін «күннің ерте атуына байланысты халық ерте жұмысқа кіріседі. Сағат кешкі 4-тен кейін отбасыларымен бірге уақыт өткізу үшін солай жасалған» деп түсіндірді маған олар. Қазақстанмен ұқсастығы сол, отбасы — олар үшін өте маңызды. Демалыс күндері отбасымен бірге жағажайға барғанды ұнатады. Сонымен бірге, олар спортты өте жақсы көреді.

Спортпен айналыспайтын австралиялықты көрмедім. Баладан жасы келген қартқа дейін әртүрлі спорт түрлерімен айналысып, стадиондарға бірі қалмастан келіп, сүйікті командаларына жанкүйер болады. Шылым шегушілер өте сирек. Австралия — темекі өсімдігін өндіруден бас тартқан ел. Мен де олардың күнделікті өміріне біртіндеп үйрендім. Күнде ерте тұрып, спортпен айналысамын. Әсіресе, бассейнде жүзу, йога, пилатес қатты ұнайды. 

Австралияның азаматтығын алғандар өздерін австралиялықтар деп атайды.  Бірақ, ұлт-ұлтқа бөлінбейді, бәрінің де жүректері Австралия деп соғады, Отанына деген патриоттық сезімдері  жоғары. Осында тұрып жатқан қазақ отбасыларын да кездестірдім. Олар да кейінгі жылдары оқумен, жұмыс барысымен келіп, осы елде қалып қойған көрінеді. 

«Қазақстанды да Австралия мемлекеті сияқты дәрежеге жетсе екен деп армандаймын. Ол үшін білімді, көзі ашық жастар көп болуы керек. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп Абылай хан айтқандай, білімді жастар қуатты мемлекеттің тұғыры деп санаймын. Сондықтан, замандастарымды білім жолына шақырамын» деп аяқтады сөзін Австралияда оқып жатқан жерлесіміз. 

Саламат БАЗАРБАЕВ, 

Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button