93c79dc89d57525862d062f1864c3462

Ауыз судың азабы

Қоғам

Жағрапиялық жағынан шөл және шөлейт өңірде орналасқан Атырау үшін су мәселесі ықылым заманнан өзекті саналған. Алайда, соңғы жылдары өзен-көлдердің тартылуы осы проблеманы күрделендіріп жіберді. Турасын айтқанда, таратылуы қиын түйінге айналды. Осы орайда «Атыраугидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұргүл САБУРОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

Бәріне ауа райы кінәлі ме?

Облыстағы шағын өзендердің суы сарқылуын олардың бастауындағы бұлақтардың тартылуымен байланыстырамыз. Қыста қар да қалың түспейтін көрінеді.

– Əрине, мұндай жайды жоққа шығаруға болмайды. Аймақтағы Жайықтың жағдайы баршаға мəлім. Одан бөлек Жем, Ойыл, Ноғайты, Сағыз секілді шағын өзендердің жаз ортасында арнасы үзіліп қалады. Қазір бұл қауіпті көрініс дағдылы нəрсеге айналып барады. Оған қорқынышпен қараудың орнына, тіпті бойымыз үйреніп бара жатқандай. Себебін əркім əртүрлі атайды. Мəселен, мемлекеттік мекемелер соңғы уақытта климаттың күрт өзгеріп, ауа райының кенет жылынып кетуімен байланыстырады. Атап айтқанда, бізге келетін көптеген өзендер бастауын алатын Мұғалжар тауындағы жылылық салдарынан тоң түспегендіктен көктемде еріген қар бұрынғыдай өзендерге құйылмай, жерге сіңіп кетеді. Жазғыкүзгі жауын да арнаға жол тартпайды. Міне, мамандардың қалыптасқан пікірі осындай. Рас, күллі əлемдегі секілді Мұғалжар тауларында да күннің əдеттегіден екіүш градусқа жылынғаны байқалады. Соңғы бір-екі жылда жауын-шашын көлемі де күрт азайды. Дегенмен, 2016 жылы оның мөлшері өзге мезгілмен салыстырғанда екі есе шамасында көп болды. Бірақ, Сағыз да, Ойыл да, Жем де арнасынан асқан жоқ. Өзендер суының толығуына ешқандай əсер етпеді. Мамандар бұл жайды барлық ылғалдың жер астына сіңіп кетуімен түсіндірді. Əдетте, Мұғалжар тауларынан бастау алатын өзендердің негізгі қорегі – атмосфералық жауын. Əсіресе, қыстағы қалың қар, күз бен көктемдегі мол жауатын жаңбыр. Міне, сол жерге түскен соң екіге бөлінеді. Біріншісі жылғалармен сай-салаға толып, кейін төмен қарай арнамен ағады. Егер қалың тоң түссе, онда соның үстімен өзенді толтырып, кейде тасқын тудырады. Ал, екіншісі өзен арнасының астындағы немесе жағасындағы жерасты суларына қосылып, олардың деңгейін көтереді. Соңғы жылдардың дерегі көрсетіп тұрғанындай, тоң қатпай-ақ қар еріп, қара жерге сіңіп кетіп жатыр. Сонда булану факторын есептемегенде, таудан төмен құйылған ылғал ешқайда кетпейді: не өзен арнасын, не жерасты суларын толтырады. Ал, топыраққа сіңген су қайтеді? Ол жерасты суларының көлемін көтеріп, бұлақ болып ағатын жерінде қысымды арттырады. Бұл өз кезегінде өзендерді толтырады. Қазір бұлақ көзін ашуды айтатындар көп. Оның түрлі қалдыққа толып тұруы адамзат дүниеге келместен бұрын да болған. Бұлақ бетіндегі аздыкөпті сазды қазу қиын емес. Бірақ, бұдан бұлақ суы көбеймейді. Себебі, жерасты суларының деңгейі төмендеп жатыр. Олар жоғарыға қысым бере алмайды. Бұлақ көзін табиғи ашуға дəрменсіз. Міне, мəселе қайда?

Қорғаныш қабаты деген не?

 – Айтуыңызға қарағанда, топыраққа сіңген ылғал да пайдалы тəрізді. Яғни, ол жерасты суының деңгейін көтереді. Ендеше, бұлақтар неге буырқанбайды?

 – Иə, жерасты сулары да өзен арнасы үзіліп қалмауын қамтамасыз етеді. Əсіресе, олардың деңгейі жоғары болса, онда үстіндегі су көздеріне септігін тигізеді. Бірақ, қайталап айтқанда, мұндай жай байқалмады. Оған не себеп? Жалпы, бассейн деген тұтас алқапты білдіреді. Яғни, жаңағы Мұғалжарда жерге сіңген сулар айдалаға кетпей, таудан басталатын өзендер маңында соларды толтырып жатыр. Демек, жер бетіне қайта шығады. Ғылыми тілмен тұжырымдағанда, жер астына сіңіп, Оңтүстік Ембі артезиандық бассейнін толтыруда. Біз бұл өңірді жете зерттедік. Мұнда жерасты су алқабы 300-700 метр тереңдікте жиналады. Міне, осы биіктік су өткізбейтін қорғаныш қабатымен жабылған. Жерасты сулары жоғары шығуы үшін оны жарып шығуы шарт. Бұл үшін, əрине, ол əбден толуы тиіс. Сонда ғана қажетті қысым қалыптасады. Енді осы жер астына жиналған сулар өз қорын сақтап отыр ма? Оның көзі толықтырыла ма? Өкінішке қарай, жоқ. Неге? Мəселен, екі мыңыншы жылдары жүргізілген сараптау қорытындысына көз салсақ, Оңтүстік Ембі бассейнінде 120-дан аса иесіз ұңғыма бар екен. Солар тəулігіне 60 мың тонна суды қайтарылмас шығынға ұшыратып отыр. Неге қайтарылмас? Өйткені, ол жер бетіне шыққан соң астына қайта оралмайды. Буланып аспанға ұшып кетеді. Жоғарыда айтқан 300-700 метрлік қорғаныш қабаты оны қорына кейін алмайды. Текке шығын деген сол. Мұндай ұңғымалар тек Атыраудың Оңтүстік артезиан бассейнінде ғана емес, сонымен қатар Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да бар. Олардың саны қанша, бұларда тəулігіне неше тонна су жоғалып жатыр – мұны есептеп жатқан ешкім жоқ. Ал, біздің көп жылғы тəжірибемізге қарап жасап отырған болжамымызға қарағанда, тəулігіне кемінде 100 мың текше метр су текке ысырап болуда. Бұл аз ба, əлде көп пе? Салыстырып көрсек, Атырау қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендер тұтынатын су көлемі тəулігіне 50 мың текше метр десеңіз, онда осындай қос шаһарды қамтамасыз ететін қор текке далаға кетіп жатыр.

Әрине, бір қарағанда, бұл аса көп шығын да емес. Оның үстіне, орны да толады. Бірақ, оның қауіптілігі – жерасты суының қысымын азайтуы. Сөйтіп, бұлақ көздерінің бітелуіне соқтыруы. Яғни, Мұғалжар тауларында жерге сіңген су бұлақ болып өзендерді толтырудың орнына алқаптың төменінде орналасқан иесіз ұңғымалар салдарынан орны толмас шығынға ұшырауда.

Енді нендей амал бар? Ертеңіне елеңдеген елді мекендер тұрғындарына не айтамыз?

 – Расында да, Ойылдың қазіргі ахуалы Қызылқоға ауданына үлкен қиындықтар туғызады. Қызғанып тұрғанымыз жоқ, бірақ, бізбен салыстырғанда Ақтөбе облысында жерасты сулары көбірек. Аздыкөпті ауыртпалық болғанымен, бізге қарағанда сусыз қалмасы кәміл. Дегенмен оның салмағы төскейінде төрт түлікті түгел өргізген жерлестерімізге түседі. Бұл қатердің басы ғана. Өзен суалса, Тайсойған жерасты су кешені де тартылады. Миялы маңындағы Қарасуға қауіп төнеді. Тұтас аймақта зардабын көзге елестету қиын экологиялық апат орын алады. Ендеше, соны алдын алуға жұмыстануымыз керек. Бүгінде қарапайым азаматтар қоғамдастыққа бірігіп, өз күштерімен өзен арналарын тазалап жүр. Бұлақ көздерін тазалауда. Мұның бәрі, әрине, қуанышты.

Жерлестеріміздің жағдайды жете түсініп, төніп келе жатқан қатерге жұмыла қарсы тұрғанын құптаған жөн. Бірақ, олардың қолынан не келеді? Бұлақ көзін аршығандар ар жағында қысыммен көтерілер су көрмей, түңіліп-ақ жатыр. Осы орайда, алдымен, өзен бойына жоғарыдан жасалған бөгеттерді жою қажет. Егер әр шаруашылық өз бетінше суды бұра берсе, онда төменге түк тамбайды. Жабайы өскен шөп пен қамыс тәрізді табиғи тосқауылдарды да алып тастаған дұрыс. Сөйтіп, қатты ағынмен демесек те, сыздықтап аққан судың да төменге жеткенін қамтамасыз еткен абзал. Одан әрі, жоғарыда айтқан жүзден аса иесіз ұңғымаларды бітеу керек. Қазір солардың маңында елді мекендер көрінбейді. Ілгергі жылдары мал бағатын бірен-саран адамдар отыратын, бүгінде бәрі көшіп кеткен. Ендеше, сол суларды ешкім де пайдаланып отырған жоқ. Міне, осы айтылған мәселе мемлекеттік деңгейге көтерілуі керек. Оған, әрине, Атырау облысының атқамінерлері алдымен қозғау салуы қажет. Өйткені, көп қиындық қызылқоғалықтарға түседі . Проблеманың өте өзектілігі сол, ол – даңғаза ұрандататын жай емес. Ұрттам судың ертеңі шұғыл шешімін күтеді. Ендеше, кеш қалмайық.

Сұхбаттасқан: Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған