Ауылдың түлеуі – қаржылай қолдаудан
Ауыл шаруашылығы – кез келген мемлекеттің экономикалық өркендеуіне негіз болатын буын. Ауылдағы нарықтық құрылымдардың аяғынан тұруы, мал шаруашылығы мен егіншілікті дамыту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, несиелендіру, техника және технологиямен қамтамасыз ету – аталған саланы дамытудың бірден-бір жолы.
Біздің тілшіміз «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының директоры Гүлзада ШАЛАҒҰЛОВАҒА жолығып, «мал өсіріп, егін саламын, басқа да өнім өндіріп, кәсіп ашамын» дейтін ауылдықтарға көрсетілетін қаржылай қолдау жөнінде пікірлескен болатын.
— Ауылда ең алдымен, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырудың, кәсібінен айырылған азаматтарды жұмыспен қамтудың, жеке кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесудің маңызының қаншалықты жоғары екендігі түсінікті. Ендеше, әңгімемізді ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының мақсат-міндеттері туралы мағлұмат беруден бастағанымыз дұрыс болар.
— Бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы – шағын несиелендіруді дамыту арқылы ауыл тұрғындарының қаржы қызметіне қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған мамандандырылған қаржы-несие ұйымы болып табылады. Қоғам ауыл тұрғындарын шағын несиелендіру, несие ұйымдарын қолдау арқылы ауылда қаржылық инфрақұрылымды дамыту функциясын орындайды. Ауыл тұрғындарын шағын несиелендіру бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында тұрақты жұмыс істеп келе жатқанымызға он жылдан асты. Ауылдықтардың бұл жүйеге қолжетімділігін және тиімділігін арттыруға бағытталған бірізді стратегиясы біздің клиенттердің табыс алуымен қатар, ауылдың инфрақұрылымдық негізін қалауға және өз әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берді. Басқа қаржы институттарына қарағанда, біздің несиелеріміз – халықтың ең көп бөлігі тұтынатын несие. Аталған қор ауылдағы кәсіпкерлік бастаманы жаңа ғана қолға алған бастапқы сатыдағы кәсіпкерлерді несиелендіреді. Сондықтан, филиал басшылығы осы несиенің халықтың неғұрлым көп бөлігіне жеткізілуі мақсатында тоқсан сайын, ал, менеджерлеріміз айына бір рет ауылдарға, оның ішінде, ең алыс елді мекендерге іссапармен шығып, насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның нәтижесі шығар, өткен жылдың қорытындысымен қордың Атырау филиалы «Ең үздік PR» номинациясында үздік ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үшін грамотаға ие болды.
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз).