Ауыл аукционды күтеді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, ҚР Жер кодексінің 14 және 48-баптарына толықтырулар енгізілген болатын. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы қарашадағы Заңының 24-бабында да айтарлықтай өзгерістер бар. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы санатындағы жерлерді аукцион арқылы сату және осы санаттағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуге байланысты қабылданған. Бұл жөнінде облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ғибрат Сүлейменов аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Брифингте БАҚ өкілдеріне жаңа заңда көзделген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің меншiк құқығы туралы түсінік берілді. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi заңда белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғаларға жерді пайдалану немесе жеке меншiк құқығымен берiлуi мүмкiн. Бұл жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жекеменшікке беруге жол берілмейді.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi тек қана аукцион арқылы ҚР азаматтарына және заңды тұлғаларына жекеменшікке немесе жалға беру құқығымен сатылады. Ал, шетел азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн жекеменшікке сатуға тыйым салынған. Олар жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша пайдалану құқығын ғана иелене алады.
– Бұл өзгерістер осы санаттағы жерлерді нарықтық жағдайларға сүйене отырып, жердің бағасын көтеру мақсатында елімізге елеулі инвестиция тарту үшін қабылданып отыр. Себебі, Заңның бұрынғы редакциясында шетел азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi тек қана 10 жылға жалға берілген, – деді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ғибрат Сүлейменов.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне қазақстандықтардың жеке меншік құқығын табыстау ақылы негiзде жүргiзiледi. Шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін және орман ісімен айналысу үшiн жер учаскесiн оның кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен сатып алуға болады. Бұл ретте әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша жер учаскелерiнің жеңiлдiкпен берілетін бағасының мөлшерiн ҚР Үкiметi белгiлейдi. Жер учаскесiне жекеменшiк құқығы 24-баптың 3-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. Кодекстің осы бабында жер учаскелерiн табыстау тәртібіне (бұрын жергілікті атқарушы органның біржақты шешімімен табысталса, жаңа өзгерістерге сәйкес, жерді беру аукцион арқылы жүргізіледі) ғана өзгеріс-тер енгізілген. Ал, шетел азаматтары үшін мұндай өзгерістер қабылданған емес.
Ғибрат Еркінұлының айтуынша, барлық аукцион арқылы сатылған жер учаскелерінің пайдалану заңдылығы, жердің тиімді және нысаналы мақсатына сай қолданылуы үнемі тексеріліп, бұл жерлерге мониторинг жүргізіліп отырады.
Брифингке жеке кәсіпкерлер де қатысты. Олар өз кәсіптерін қалай бастағандары туралы айтып, бизнестерін әрі қарай дамыту жоспарларымен бөлісті.
«Досқайыров» шаруа қожалығының жетекшісі – Жеңісбай Досқайыров 1992 жылы өзінің жеке шаруа қожалығын құрған. Содан бері атакәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту, оның өнімділігін арттыру, халықты мал өнімдерімен қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келеді. Қазір ол шаруашылығын кеңейтіп, Махамбет ауданының орталығынан жер алып, ет-сүт өнімдерін сататын дүкен ашқан. Жергілікті тұрғындарды шұбат, сүт, қаймақ, сүзбе және ет өнімдерімен қамтамасыз етуде.
– Техникаларымыз бен жұмысшыларымыз жеткілікті. Бұрыннан 600 гектар жекеменшік жерім бар болатын. Бұған қоса, 1400 гектар қосалқы жерді 49 жылға жалға алдым. Жаңа заңға сәйкес, бізге тағы да аукцион арқылы жерімізді ұлғайтуға мүмкіншілік беріліп отыр. Енді жылыжай салып, көкөніс өсіргіміз келеді. Сондықтан, мен аукционға қатысуды ұйғардым, – дейді ол.
Шаруа қожалығына жастарды жұмысқа тартып, аз қамтылған екі отбасын қамқорлыққа алған кәсіпкер мұндай мәрттіктің барлықтан емес, жаны ашығандықтан жасалып отырғанын айтады.
2010 жылы жеке шаруа қожалығын құрған Еркінқала ауылының тұрғыны Қалдықыз Досжанова егін салу үшін мемлекеттен 10 гектар жерді жалға алған. Тамшылатып суару әдісімен өсірілетін бұл жылыжай өнімдері бүгінде «Сарайшық» коммуналдық базарында сатылуда. Қожалықта отыз шақты адам еңбек етуде. Бұған қоса, дүкен де ашып, кәсібін дөңгеленткен ол келешекте аукцион арқылы 20-30 гектар қосымша жер алып, шағын наубайхана, ұстахана және көлік жуу орнын ашуды да жоспарлап отыр.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.