Атыраулықтардың айлығы – 517 454 теңге
Республика бюджетіне түскен былтырғы барлық кірістің 28 пайызы Атырау облысының салық төлеушілерінің кірістерінен құралды.
Ұлттық қорға 3 621,0 млрд. теңге құйылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 575,7 млрд. теңгеге артық. Өңірде жер қойнауын пайдаланушы 25 кәсіпорын есепте болса, соның ішінен «Теңізшевройл» ЖШС қорға қаржы құюдан көш бастап тұр. Айталық, 2021 жылмен салыстырғанда былтыр 2 306,7 млрд. теңге артық түсім түсірген. Бұл қара алтынның орташа бағасының 34,3 пайызға өсуінің нәтижесінде мүмкін болды. Атырау қаласына жұмыс сапарымен келіп, халықпен кездескен қаржы вице-министрі ержан біржанов дәл осындай мәлімет келтірді.
Расында, жалпы қазақстандық мұнай қорының 80 пайызы орналасқан өндірістік өңірдің Ұлттық қорды да, сонымен бірге, мемлекет қазынасын да жарылқап отырғаны жасырын емес. Мәселен, өткен жылы республика бюджетіне түскен барлық төлемнің 28 пайызы Атырау облысының салық төлеушілерінің кірістерінен құралған.
Вицеминистрдің сөзімен нақтылап айтсақ, мемлекет бюджетіне 2018 жылы 1 387,9 млрд. теңге түссе, былтырғы көрсеткіш 2 347,9 млрд. теңгеге жетті. Өсу қарқыны – 169,2 пайыз. Атырау экономикасының күретамыры мұнай-газ секторына негізделген соң көрсеткіштердің көпшілігі сол саладағы көлем шеңберімен өлшенетіні белгілі.
Айталық, Ержан Ерікұлы өз сөзінде облыстағы «бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 517 454 теңгені құрады. Нақты жалақы индексі 25,7 пайызға өсті» деді.
Бір қарағанда еліміздің өзге өңірінде тұратын отандастар атыраулық барша ағайынның айлығы осы деңгейде деп ойлап қалары анық. Ал, шындығында солай ма? Әрине, жоқ! Ең төмен жалақы алатын жұмысшы-қызметкерлер Атырауда да көп. Теңгенің құнсыздануына қарай, жылма-жыл мемлекеттік қызметші мен басқа да бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлығы көтерілгенімен, халық шаруашылығының өзге саласында еңбек етіп жүрген еңбеккерлердің еңбекақысында айтарлықтай өсім жоқ.
Бұл орайда Президент өткен жылы Үкіметке халықтың табысын кезең-кезеңімен көтеру жөнінде тапсырма бергені есімізде. Бүгінде осы мәселенің орындалысы қалай? Қарапайым халықтың табысын арттыру жөніндегі сауалымызды Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында вице-министр Ержан Біржановқа қойған болатынбыз.
Ол кісі мәселенің жалақы көтерумен шешілмейтінін айта келіп, қазіргі мекеме-кәсіпорындардың көпшілігі жекеменшік сектордың еншісінде екенін, ондағы табыс көзі өндіріс көлеміне байланысты болатынын айтып, түсінік берді.
– Үкімет тарапынан бұл «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» қайта қаралады деп ойлаймын, — деді ол сөзінің соңында.
Иә, қайта қаралса, мүмкін қарапайым халыққа қайыры көбірек тиер. Әйтпесе, екі өкпеден қысқан қымбатшылық пен инфляция бір, пайызы жоғары несие екі ентіктірген халық алдағы күннен көп үміттеніп қалып еді. Ендеше, Жаңа Қазақстанда әлеуметтік әділдік орнауы үшін өндірістік кәсіпорындарда төменгі жалақыға жұмыс жасап жүрген жұмысшылардың айлығы бірінші кезекте көтерілуі керек-ау. Бұл жерде бағдарлама өміршең болуы үшін вице-министр айтқандай, расында да қайта қаралып, қара халыққа қарай шындап мойын бұрғаны қажет-ақ!
Ербол ҚОШАҚАНОВ