Қоғам

Атыраудың Әлкейі

Жақында облыс бойынша биылғы жылдың күнтізбесіне көзім түсіп еді, ішінде өзімнің сыйласып, араласатын әріптесім Өтепберген Әлімгерейұлының да аты жүр. Апырау, оның да туған күні болып қалған ба деп назар салсам, аталған інім де әне-міне дегенше 75 деген сындарлы шақтың биігіне көтерілгелі тұр екен. «Е, солай де, Өтекем!» деп онымен танысқан қырық жылдан астамғы уақытымды бір сәт еске алдым…

Ұмытпасам, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болса керек. Ол кезде республикалық авторлар құқығы қауымдастығы жекелеген Одақ мүшелерін облыстарға шығармашылық іссапарға жіберіп, бұрынғы бұйығы көңіл күйді көтеріп, өзге өң, тың шабыт беретін кездері болатын. Сол дағдымен кейінгі тұрағы Алматы болса да арғы тегі осы аймақтың тумалары – астрахандық Әнес Сараев, азғырлық Қайрат Жұмағалиев және менің ол кезгі Гурьев, қазіргі Атырауға жолымыз түсті.
Менің анау арғы ата-бабам Нәріктің ұлы Ер Шора және басқалары осы өңірдің төлдері болса да, өз басым қаламгер ретінде бұрын-соңды Атырауға ат ізін салмаған екенмін. Оның үстіне сол кезде арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған әнім «Еділ мен Жайықтың» бағы жанып, ел аузында аңыз боп айтылып жүрген кезі болғасын ба, аталған ұсынысты қуана қабылдағаным рас-ты. Құдай оңғарып, сол жолғы сапарым сәтті болды. Қасыма жергілікті жезтаңдай әнші республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қуанғали Жұмалиевті ілестіріп, осы өңірдің біраз өнер дүлдүлдерін тірілттік. Бұрынғы қағазға түспеген өмірбаяндарын тізбелеп, әндерін еске алдық, тыңдадық, орындаушылармен кездестік. Бұған дейін бірер әні «Сері жігіттің әні» болып, өзі, керек десеңіз әндері де ауызға алынбай кеткен Аманғали Кенжеахметовтың зәузатын алғаш боп түгендеудің сәті туды.
Біз сол жолғы сапарымызды өңірдің рухани орталығы – «Атырау» газеті редакциясында болып, қаламгер әріптестерімізбен кездестік.
Әрбіріміз жергілікті жігіттерден өзімізді қызықтырған тақырыптарға сай бағыт-бағдар алдық, ой түйдік. Соған сай кейіннен ауылдарға шығып, кездесулер өткіздік. Осы жолы мен сол кезде аталған газеттің мәдениет бөлімінде істейтін Өтепберген ініммен таныстым. Ол менен «Еділ мен Жайық» әнінің дүниеге келу себептері, алғашқы орындаушылары жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Мен де бар сырды ақтардым.
Сұхбатымыз кейін облыстық газетте, орталық басылымдардың бірінде жарық көрді. Материалдың жазылуы маған жақсы әсер қалдырды. Сол шақтан бастап мен Өтепберген жазған дүниелердің қай-қайсысына да сыни көзқараста боп, оң баға беретін болдым. Оның үстіне жаңа ғасыр басында дәм бұйырып отбасымызбен Атырауға табан тіреп, Өтепберген екеуміз облыстық телевидениеде біраз уақыт әріптес боп, қалам тербедік. Жоғарыда айтқанымдай мен оның әр жазғанына шұқшия үңіліп, сергектікпен қараймын. Сондағы байқағаным, оның жазу машығының сан қырлылығы мен салмақтылығы елден ерек көңіл тоғайтады. Ол осы өмірінде ешқашан асықпайтын қалпымен кең көсіліп, ерекше еңбекқорлық танытады. Бұл ретте жергілікті баспасөзде еңбек етіп, республиканың ел таныған қаламгері атану кез келген шығармашылық адамының пешенесіне жазылмаған және журналист атаулының бағы жанған бір-екеуінің ғана жазушы атануы мүмкін. Осы орайда Өтепберген бұл күнде ірілі-ұсақты ондаған кітаптың иесі отыз жылға жуық уақыттан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, талай байқау, бәйгелердің жүлдегері атанды. Әдебиеттегі қадамын сатиралық туындылардан бастаған ол бірнеше рет «Ара» журналы жариялаған конкурстардың иесі болды. Сөйте жүре өзінің ғылыми ізденістері негізінде ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының әуелі мүше корреспонденті (1996), уақыт өте толық мүшесі – академик (2001) атанды. Бұл өмірде өте сирек кездесетін жай.
Жоғарыда айтқанымдай, мен оның әрбір жазғанына ден қойып оқимын, сонда байқағаным, ол қай шығарманы, тақырыпты қолға алса да алдымен оның бүгінгі заманғы көкейкестілігі және оның тарихи деректілігіне аса мән беріп, өзінің публицист жазушы екендігін ылғи да көрсетіп отырады. Яғни оның жазу шеберлігінде бүгінгі техногендік стиль емес, көне шежіре қарияның жанға жағымды майда қоңыр әуені бар. Оқырман оның жазғанынан қазақтың қара өлеңін тыңдап отырғандай әсер алады. Бұл оның өзгелерге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы, стилі. Ол қандай дүниені қолға алса да өз дерегін оқырманға жөн-жосықсыз тықпаламайды, қайта еспе әңгіменің әуенінде тарихи баға береді. Ал тарихи баға әрдайым өзінің ғылыми шыншылдығымен құнды. Бұл Өтепбергеннің тарихшы-жазушы ретіндегі шеберлігі және даралығы.
Ө.Әлімгерейұлының атын оқырманға алғаш боп жеткізген қыр – журналистік. Ол өзінің қызметтегі саналы өмірін журналистика саласына арнады. Содан есейді, абырой тапты, атақ алды. Керек десеңіз оның қаламгер ретіндегі алғашқы кітабы «Еңбек зейнеті» (1982) деп аталады. Кітап «Гурьев» көкөніс-сүт кеңшарының атақты диханы Сәбила Мұхитованың еңбек жолын көрсетуге арналады. Бір қарағанда ол дәуірдің өз саясаты, жазу өрнегі бар. Бірақ, журналист Өтепберген араға он жыл түскенде өзінің журналистік стилін жазушылыққа ауыстырып, ғылыми ізденістерге негізделген «Мақаш әкім» кітабын (1992) жарыққа шығарды. Бұл сайып келгенде өңірімізде ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген белгілі қайраткер, этнограф, өнер жанашыры Мақаш Бекмұхамбетов жайлы жазылған алғашқы тұшымды дүние еді. Онда аталған тұлғаның өмір және еңбек жолын кеңінен көрсетумен бірге, оның түрлі басылымдарда жарық көрген мақалалары, «Мақаш айтты» деген ел аузындағы шешендік сөздері, 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Жақсы үгіт» кітабындағы көне әдеби нұсқалар (Есет, Жиембет, Шалкиіз, Доспамбет) құрастырылып, топтастырылған. Кейін аталған кітап бірнеше рет толықтырылып, қайта басылды және оған академик Салық Зиманов, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтар жоғары баға берді.
Жерлесіміздің бұдан кейінгі тұшымды дүниесі «Сарайшық» (1999) деп аталады. Кітаптың ерекшелігі – Орта ғасыр заманында дәуірлеп, Алтын Орданың астаналарының бірі, кейін Ноғай, одан Қазақ хандығының орталығы болған Сарайшық қаласы 1580 жылдан бастап, өз салтанатын жойған, кейін Жайық казактарының көп станицаларының бірі атанған елді мекен ғана еді. Соған сай оған КСРО кезеңінде Ресей тарихшылары болмаса, отандық ғалымдардың көз қырына іліне қоймағанды-ды. Міне, оның осындай ерекшелігін алғаш боп танып, ғылыми негіз қалаған Өтепберген болатын.
Кейін көне Сарайшық қаласының орны түбегейлі зерттеліп, ғылыми негіз қаланды. Құрамында мұражайы мен мешіті, хандар пантеоны бар сапар орталығы бұл күнде сәт сайын дүниенің төрт бұрышынан ат ізін салған талай қонақтарды лек-легімен қабылдайды. Ол әлемнің Азия, Еуропа деп аталатын қос құрлығын жалғастырған алтын көпір.
Сарайшық тақырыбына барған Өтепберген кейіннен осы мәселені одан әрі қаузап, «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» («Дала дауысы») кітаптарында тарихтың тағы бір тың саласы – археология, яғни Атырау аймағының мың-мың жыл бұрынғы құм жұтқан қала-қорғандары мен тұрақтары туралы қалам тербеді. Ол үшін жазушы бірнеше жыл Ә.Марғұлан атындағы археология институтының З.Самашев басқарған ғылыми-зерттеу экспедициясы құрамында анау Азау жерінен (Ресей шекарасы) Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары түйіскен Қызыл үйік, Тоқсанбай, Қос оба, Маңсуалмас, Иманқара, Желтау мекен-тұрақтарындағы археологиялық барлау-қазба жұмыстарына қатысып, сол негіздегі жазба (сапари) кітабын өз оқырманына ұсынды. Бұл да біздің Атырау әдебиетіндегі тың тақырыптың бірі.
Ал әділіне бақсақ аталған өңірдің археологиялық зерттелуінің өзі ХХ ғасырдың соңғы жылдарында ғана ғылыми негізде қолға алына бастаса, оны әдеби негіздеп қағазға түсіруде Ө.Әлімгерейұлының еңбегі зор.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы ресми құжаттарда қазақтардың бұрынғы далалық өмір сүру дағдысына қайшы келетін жаңа кеңестік терминдер сөздік қорға енді. Соның бірі жеке адамдар қарсылығына арналған «банды» сөзі еді. Оған батыс аймақта Аязбайдың Ерғалиі, Қожахметтің Құныскерейі, Кенжеахметтің Аманғалиі сынды мыңнан бір адамдар иеленді. Олар туған халқының ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық демократиясын аңсады. Бірақ кеңестік билік оларды күшпен бұғаулап, бұқтырып отырғанды қалады. Әйтсе де оған жекелеген еті тірі, көзі ашық адамдар көнбеді. Бұл әдебиетте әр жылдары тиіп-қашып жазылды, көркем әдебиет тақырыбына енді. Ал нақты деректер негізінде өрнектеген Өтепберген болатын. Кітап аты – «Құныскерей». Аталған шығарманы оқырмандар жылы қабылдады.
Тәуелсіздік – бодан елдің жылдар бойғы аңсары. Тағдыр таяғын талай жеген қазақ халқы сонау бір заманда «Қаратаудың басынан көш келеді» деп қалмақты қарғап, зарланса, Мұрат Мөңкеұлы «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстау бойы – шаңды қиян» деп терістікке қарап нәлеттенді. Хандарымыз кектенді, билеріміз білек түріп, талай ақын жыр арнап, таңдайлары тақылдады. Батырларымыз ат үстінде күн кешті. Бүгінгідей тәуелсіздік жылдарында олардың атын атап, істерін үлгі ету – ұрпақтар борышы. Бұл борышты өтеуде қаламгер Өтепбергеннің де қосқан үлесі мол. Ол әр жылдары «Алаш аңсаған азаттық» (2011), «Жадымыздағы жаңғырықтар» (2013), «Азаттықтың ақ таңы» (2023) атты кітаптар жазып, онда атыраулық азаткерлердің талайының есімдері еске алынды, ұрпақтарға үлгі етілді.
Атырау өңірі қашаннан бері күй өлкесі деп аталады. Мұнда төкпе күйдің өзінен Құрманғазы мектебі, Дәулеткерей мен Абыл, Өскенбай мектептері (Дина қағыстары, Сейтек шертіс) деп түр-түрге бөлінеді. Олардың кешелі-бүгінгі өкілдері де жетерлік. Солардың біразының өскен ортасы, қағыс ерекшеліктерін көрсетуге көп еңбектенді.
Бұрындары өткен Боғда, Ұзақ, Құрманғазы, Дина, Соқыр Есжан, Баламайсан, Түркеш, Сейтек күйшілердің өмірбаяндық деректерін нақтылау, күнделікті адами ерекшеліктерін көрсетуге, сондай-ақ кешегі Ғибатолла Мәсәлімов, Қисмет Меңдіғалиев, Ғилман Хайрошев, Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Ғатау Ибішев, барлығы 150-ге жуық күйші-орындаушылардың шеберліктерін барынша ашып көрсетуге арналған талай кітап жазды. 1957 жылы негізі қаланып, даңқты дарабоз Дина Нұрпейісова есімін иеленген академиялық қазақ оркестрінің 60 жылдық даму жолын көрсетуге арналған «Асуы биік оркестр» (2019) кітабы бұл күнде тек өнер мекемелері мен оқырмандардың ғана емес, арнаулы оқу орындары студенттері мен оқытушыларының біліктілік қажеттерін өтеуде.
Өтепберген Әлімгерейұлы соңғы жылдары халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу, кейбір ұмытылып бара жатқан дәстүр нақыштары, жер-су, топономикалық атауларды тірілтуге көп көңіл бөлуде. Соған сай кейбір танымдық дүниелері жергілікті «Атырау», «Алтын аймақ» газеттері мен «Мерейлі мекен» журналында жариялануда. Тұтастай басы қосылып «Айналайын атажұрт» (2019), «Қызыл кітап» (2023), «Айсырға» (2024) деген атпен жеке жинақ түрінде жарық көрді.
Бұлардан басқа Атыраудың кешелі-бүгінгі ел таныған абыройлы азаматтары мен аналарын көрсетуге арналған «Жақсы адамдар» (2024), «Аналар – асыл жандар» (2009), соғыс тақырыбындағы «Өтті ғой соғыс» (1995), «Қаһарлы жылдар» (2015), басқа да кітаптары бар.
Қош, осылардың бәрін еске алып, ой толғамынан өткізсек, менің Өтепберген інім бұл күнде өзі туған Атырау өңірінің арғы-бергі алмағайып заманда естен шығып, көзден таса болған талай асылдары мен ардақтыларын, ұлттық рухани құндылықтарын теңіз түбінен інжу-маржан тергендей тауып жүрген нағыз ізденімпаз жан. Ол сол тұрғанда бір өзі бірнеше ғалым, керек десеңіз тұтас ғылыми орталықтың ісін атқарып жүрген асыл азамат. Астанада не Алматыда, яғни іздегенінің бәрі қоластында тұрған біреулер ондай істер атқара алмайды және оған қаншалықты энциклопедиялық білім керек десеңші?! Осындайда есіме ылғи да мынадай түйін келеді. Қазақтың бар болмысындағы рухани игіліктерін қайта тірілтуде республикамызда академик Әлкей Марғұлан қандай тер төгіп, іс тындырса, біздің мұнайлы өңірімізде (академик) Ө.Әлімгерейұлы да өзі туған топыраққа сондай игіліктер әкелді. Сондықтан мен оны Атыраудың Әлкейі деп орынды мақтан етер едім.
Бірде марқұм поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың өзі үлкен басқосулардың бірінде «Мен бұл күндері Атырау өңірінің өткенін Өтепберген Әлімгереевтен артық білетін кісі табу қиын деп ойлаймын» деген-ді. Расында да солай, ол нағыз құйма құлақтың өзі.
Ендеше жазарың таусылмасын, жақсы інім!

Илья ЖАҚАНОВ,
жазушы-композитор, Қазақстанның Еңбек Ері

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button