Жарнама
Қоғам

Атыраудың ардагер журналисі өмірден өтті…

Атыраудың абыз ақсақалы, ардагер журналист Айтқали Нұрғалиев 77 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Сан жылдық тарихы бар «Атырау» газетінде, «Атырау» телеарнасында ұзақ жыл еңбек етіп, қазақ публицистикасының дамуы жолында өзіндік дара қолтаңбасын қалдырған Айтқали Құмарғалиұлы туралы өткен шақта жазудың өзі ауыр. Қазақ журналистикасына ерекше стиль әкелген Айтқали аға туралы көп нәрсе айтуға болады. Ең бастысы, қашанда кішіпейіл, кісілік келбетінен айрылмаған ағамыз кемел парасат иесінің үлгісі болып қала береді. Бақұл болыңыз, аға! Қазақ журналистикасының абызы Айтқали Құмарғалиұлының қазасына байланысты, Атырау облысы әкімдігі атынан отбасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамыз» деп жазды ол өзінің әлеуметтік парақшасында.

Айтқали Нұрғалиев 1946 жылы 27 тамызда Құрманғазы ауданында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1967-1979 жылдар аралығында әдебиет қайраткері, сол кездегі «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің бөлім басшысы, редакциялық алқа мүшесі болды. 1979-1987 жылдары Қазақстан компартиясының Гурьев обкомында насихат бөлімінде инструктор, 1987-1995 жылдары Гурьев облыстық халық депутаттары кеңесінің атқарушы комитеті жанындағы телередао тарату комитетінің төрағасы, 1989-1992 жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы және өңірлік телевизияның ашылуына бастамашы болды, барлық ұйымдастыру және шаруашылық жұмыстарға жетекшілік жасады.

Ол – «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Золотой вестник», «Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «ҚР Еңбек сіңірген журналисі», Құрманғазы ауданының Құрметті журналисі, министрлік пен ҚР Журналистер одағының құрмет грамоталары және басқа да көптеген марапат иесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button