АТЫРАУДЫҢ АУАСЫ
— Экология тақырыбында «Атырау» газеті бұрын да аз жазып жүрген жоқ. Дегенмен, жаңа қосымшамыздың алғашқы қонағы, сұхбат иесі өзіңіз болып отырсыз.
— Рахмет! Қазыналы аймақ үшін қоршаған орта жайы шыныменен өзекті. Облыстық газеттің бастамасы осы тұрғыдан өте құптарлық. Атырау облысы бойынша экология департаменті Сіздермен болашақта бірлесе жұмыс жасайды деп ойлаймын.
— Сіз басшылық ететін құрылымның қызметі туралы оқырман біраз хабардар. Сол себепті, әңгімені жүзеге асқан шаруа емес, алдағы атқарылар міндеттер туралы бастасақ қайтеді? Ендеше, алғашқы сауалым аймақтың экологиялық ахуалының күрделілігі, әсіресе, ауаның ластануына қатысты. Сіздің ойыңызша, мұның басты себебі неде? Облыстың бас экологы ретінде өңірдегі атмосфералық бассейннің жағдайына қандай баға бересіз?
— Алдымен, қоршаған ортаны сақтау жайына бүгінде облыс басшылығы ерекше мән беріп отырғанына тоқталсам деп едім. Соның негізінде жылдар бойы қалыптасқан проблемалар қозғалып, шешу жолдары қарастырылуда. Бұл – жергілікті жер үшін өте маңызды мәселелер.
Жасыратыны жоқ, қазіргі Атыраудың атмосфералық бассейнінің жағдайы мәз болмай тұр. Бұған облыс көлеміндегі ірі өндіріс ошақтарының көптігі себепші. Атырау қаласы кәсіп-орындардың ортасында қалды десе де болады. Яғни айтқанда, ауаны ластаушылардың 80-85 пайызын мұнай тасымалымен және мұнай өңдеумен айналысатын кәсіпорындар құрайды. Жұртшылықты жұмыспен қамтып, елдің экономикалық өсуінде қыруар пайда келтіріп отырғанымен, олардың ауаға шығаратын зиянды қалдықтары жетерлік. Тексеру нәтижелері көрсеткеніндей, бүгінде Атырау қаласындағы өндіріс орындарының ауаға лас қалдықтарды тарату көрсеткіштері артып, ол жылына бір мың тоннадан асып тұр. Ал, оның 0,2 пайызы ғана залалсыздандырылатыны алаңдатады. Бұл — өндірістік құрылымдардың еліміздің экологиялық заң талаптарын сақтамай отырғандықтарын көрсетеді. Дәлірек айтқанда, ірі кәсіпорындар әлі күнге тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған. Сөйтіп, зиянды шығарындылар еш сүзгіден өтпестен ауаға таралып жатыр.
— Осы орайда айтыңызшы, өндіріс орындарынан бөлі-нетін улы заттардың көрсет-кіш деңгейі қандай?
— Мәселен, «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасы көмірсутегі қоспаларын 68,7 пайыз көлемінде, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС — 22,79, «Атырау жылу электр орталығы» көміртегі тотығын 46,08 пайыз, «Каспий құбыр консорциумы-Қ» АҚ – 19,57, «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС азот диоксидін – 73,2, Атырау мұнай өңдеу зауыты күкірт диоксидін 52,54 пайыз мөлшерінде ауаға шығаруда.
— Ауаға зиянды қалдықтарды таратып отырған тағы қандай кәсіпорындар анықталды? Сол мақсатта ұйымдастырылған зерттеулердің нәтижесі қалай болды?
— Мәселен, 2013 жылдың 4 желтоқсаны мен 2014 жылдың 6 ақпаны аралығында «Локомотив қызмет орталығы» АҚ-ның филиалына жоспардан тыс тексеру кезінде кәріз құдықтарынан екі жағдайда, қалдық сулардан құдық таза болған кезде және құдық лас болған кезде сараптамаға сынама алынды. Ол көптеген олқылықтардың бар екендігіне көз жеткізді. Мәселен, сараптама аммоний азоты – 27,1, жалпы темір – 33, нитрат – 165, мұнай өнімдері –1,27, хлоридтер 0,28 мг/дм құрағанын анықтады. Бұл не деген сөз? Яғни, қалдық сулар тазарту кешенінде жеткілікті дәрежеде тазаланбайтыны, қоршаған ортаны қорғау талаптары орындалмайтыны белгілі болып отыр. Осыған орай, анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін филиалдың жұмысы уақытша екі айға тоқтатылды. Кейін араға жыл салып, қайта жүргізілген тексеру кемшілікті қайтара айқындады. Мұндағы өлшенген заттар қосындысы 333,25 мг/дм деңгейіне жоғарылап кеткен. Сол себепті, қоршаған ортаның қорғау заңдылығын сақтамаған «Локомотив қызмет орталығы» 2014 жылы соттың шешімімен қызметін тоқтатуға мәжбүр болды.
«Каспийпромстройнедвижимость» мұнай базасындағы ахуал да жоғарыда аталған жағдаймен ұқсас. Талапқа мойынсұнбаған серіктестік те соттың шешімімен жұмысын тоқтатты.
— Жұртшылық «Ақ Жайық-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне байланысты жиі шағымданатын. Түйін бүгінде шешілді ме?
— «Ақ Жайық-7» ЖШС мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдайтын вагондарды жөндеумен және жуып-шаюмен айналысады. Олар бұрыннан айтылып келе жатқан сындардан қорытынды шығарды деу ерте. Кәсіпорын аумағын тексеру кезінде ауаға таралып отырған күкіртсутектің мөлшері бірнеше есеге асып кеткендігі анықталды. Сондай-ақ, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша темір жол қазандарын жуатын қондырғылар талапқа сай келмейді екен. Қазіргі уақытта вагондарды шаятын бекеттің жұмысы уақытша тоқтатылған. Серіктестік қазір вагондарды жөндеуге дайындайтын бекеттің құрылысын жобалауда, оның құжаттары жасақталып жатыр.
«Бірін айтып, біріне кетті» демеңіз, «Ембімұнайгаз» АҚ-ындағы ахуалға да айрықша тоқталуға болады. Мұнда бұдан бұрын жүргізілген тексеру шаралары жекелеген кен орындарында жол-жөнекей шығатын газды бөліп алу мәселесі шешілмегендігін анықтаған. Қазір аталған кемшіліктер түзетіліп отыр. Ал, «Атырау Су Арнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны туралы айтсам, құрылымның жобалық шешімдерді, мемлекеттік заңдылықтарды сақтамағаны белгілі болды. Жобада көрсетілгендей, тұтынушылардың қалдық сулары өздігінен ағатын кәріз жүйелеріне жинақталады. Ол әрі қарай лақтыру коллекторымен төрт негізгі кәріздік сорушы стансаға жинақталады. Олар: С.Датов бойындағы 33, 14, 52, 10А КСС. Ал, негізінде тұтынушылардың қалдық сулары Лесхоз, Жерұйық мөлтекаудандарында орналасқан КСС-2 стансасына жиналуы керек болатын. Бұл жұмыс та өз кезегінде шешімін тапты.
— Өндіріс орындарынан бөлек ауаны ластайтын басқа қандай факторлар бар? Оның алдын алуда қаншалықты жұмыс атқарылуда?
— Өндіріс орындарынан бөлек, қоқыс қалдықтары мен көліктерден бөлінетін улы газ – ауаны ластаушы факторлар. Олардың ауаға зияндылығының өзі – бір бөлек мәселе. Болашақта бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонын жауып, қалдықтарды іріктеп, өңдейтін жаңа зауыт пен полигон салу жоспарлануда. Ол солтүстік-батыс бағытқа қарай қаладан 15 шақырым жерде орналаспақшы.
Қазір облыста автокөліктердің саны өсіп келеді. Әйткенмен, оның келеңсіз тұсы да бар болып тұр. Мәселен, көшелердегі кептеліс кезінде көліктерден бөлінетін улы газдың мөлшері көп және ол күн санап еселеніп барады. Сол себепті, Атырау қаласы шеңберінде көлік кептелісі ең көп орын алатын көшелерге көпір өткелдерін салу жоспарлануда. Ол Атыраудың жаңа бас жоспарына енгізіліп, бекітілді. Сондай-ақ, қала сыртындағы Астрахан, Оралға шығатын жол бағыттарында да бұл жұмыс жалғасын таппақшы. Жобаның бірінші кезеңі 2020 жылға дейін жасалып, одан әрі екінші, үшінші кезеңдерге ұласады.
— Ластанған ауаның адам денсаулығына зияны шаш-етектен. Осы орайда департаментке тұрғындардың арыз-шағымы да аз түспейтін шығар…
— Әрине, жағымсыз иістен тұншыққан тұрғындардан департаментке түсіп жататын арыз-шағым өте көп. Көбіне олар қала ішінде шығатын сасыған иіске наразылық білдіреді. Айта кетейік, шағым негізінде жоспардан тыс жұмыс жүргізіледі. Оның барысында бүгінде Атырау қаласында атмосфералық ауаның сапасын анықтайтын сегіз стансадан автоматты түрде тәулік бойына ауа құрамын анықтайтын сынама алынды. Соның ішінде «ВестОйл» ЖШС-нің базасы аумағында орналасқан стансадан күкіртті сутегінің шектеулі рауалды концентрациясынан асып кететіні анықталып отыр. Бұл, әсіресе, түнгі 22-23 сағаттан таңертеңгі 6-7 сағатқа дейін байқалады. Атыраудың сол жақ жағалауында орналасқан кәріз құбырларынан қалдық сулар келеді. Оның ішінде Балықшы, Тұрғындар қалашығы мөлтекаудандарындағы кәріз жүйелеріне қарағанда Алмагүл ықшамауданы мен Геолог поселкесі жағынан келетін кәріз жүйесінде ерекше жағымсыз мүңкіген күкірт сутегінің иісі шығады. Ал, тұрғын үйлердің қалдық суларында күкіртті сутегінің болуы мүмкін емес. Сондықтан, осы тұста айту керек, бұл бағытта ағатын кәріз жүйелеріне зауыттан шыққан көп мөлшерлі күкіртті сутегінің қоспасы құйылып отырғанға ұқсайды. Кәріз жүйелеріндегі су жерасты суларына сіңіп, ол Жайыққа құйылатынын ескерсек, ерекше алаңдайтын жағдай бар: құрамында мұндай зиянды элементі бар су қалдықтары өзенге сіңсе аса қауіпті.
Шет мемлекеттерде қалдық суларды қайта тазарту қондырғыларынан өткізіп, кәдеге жарататын құрылғылар жұмыс жасайды. Бұл тәжірибені бізге де енгізіп, Жайық өзенінің екі жақ жағалауын да сәйкесінше қуаты мен тазалаудың озық технологиясы бар тазалау құрылғыларымен қамтамасыз ету керек. Оған дейін жоғарыда айтылған күкіртті сутегісі бар қоспаны байқатпай төгіп отырған өндіріс орнын анықтап, мұны тоқтату қажет. Бұл жұмыс бізге қиынға соғып отыр. Сондықтан, Атыраудың ауасының тазалығын сақтауда бұл іске жанашырлар болып жұмыла кірісу керек.
— Сіз осыған дейін «ауаны тазарту үшін көгалдандыруды қолға алу керек» деген едіңіз. Алайда, бұл жұмыстардың жүйелі жүзеге аспай отырғанын көріп жүрміз. Тіпті, сол зиянды қалдықтар шығаратын жергілікті кәсіпорындар тарапынан көгалдандыруға байланысты іс-шаралар байқалмайды. Осынау жұмыстардың мардымсыз жүруіне не себеп?
— Дұрыс айтасыз, көгалдандыру – Атырау өңірі үшін ең басты қажеттілік. Өйткені, аймағымыз – шөл және шөлейтті. Сол себепті, соған бейімделген теректерді, атап айтқанда, ақ-жұпар, қарағаш, сексеуіл, үйеңкі сияқты теңіз жағалауында өсетін ағаштарды көбірек егу қажет. Шетелден әкелінген көшеттердің тамыр жая алмайтыны белгілі болды. Бұған қарапайым мысал, бүгінге дейін сырттан әкелініп, отырғызылған ағаштардың басым бөлігі бүршік жарып шыға алмай, ақыр соңы қурап қалды. Сөйтіп, барлық жұмыс текке кетті. Сондықтан, өз жерімізге жат емес теректерді ғана егу керек деп ойлаймын. Кейінгі жылдары қаланың Бейбарыс даңғылы бойында өзіміздің қарағаштар отырғызылған. Олар жаз мезгілінде шаһарға ерекше сән беріп тұр. Сондықтан, қаланы көгалдандыру шаруасында осыған баса мән бергеніміз жөн деп санаймын.
— Ауаға бөлініп жатқан қалдықтарды тексеріп отыруда өндіріс орындарының әрбі-рінде ауаның құрамын бақылайтын құрылғы болу керек. Бұл жөнінде не айтасыз?
— АДЖИП мекемесінде дәл сондай құрылғылардың жиырмаға жуығы орнатылған. Оның сегізі – қала ішінде. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты да бұл құрылғымен қамтылған. Аталған екі өндіріс орнындағы ауа құрамындағы лас коэффициенттер бір-біріне ұқсас. Ал, «Қазгидрометтің» көрсеткіші олармен мүлде сәйкес келмейді. Біздегі көрсеткіште де айырмашылық бар. Ауа құрамындағы аталған мөлшерді анықтауда, әр мекеменің көрсеткен қорытындысы бойынша жұмыс жасауда бұл қиындық тудыратыны анық. Сол себепті, барлық жерде бірдей коэффициент көрсететін бірыңғай, жаңа құрылғылар орнату керек.
— Сөз соңында білгіміз келгені, өндіріс орындарын қала сыртына көшіру бастамасы қалай болды? Оның орындалуы мүмкін бе?
— Ауаны күкіртті сутекпен ластайтын мұнай вагондарын жөндеу және жуумен айналысатын «Ақ Жайық-7», асфальт-бетон шығаратын «Элит класс», «Каспийпромстройнедвижимость» ЖШС, мұнай базасы және ірілі-ұсақты барлық мұнай вагондарын жуу стансалары Қарабатан стансасына қарай Теңдік стансасының шығысына 12,5 шақырым жерге көшіріледі. Оңтүстік-шығыс өндіріс алаңында Теңдік стансасынан мұнай өңдеу зауытының шығыс бетіне дейін темір жол тармағын салу көзделді. Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытының оңтүстігіндегі «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технология бағын» да Қарабатанға қарай көшіру көзделген. Күкіртті сутегінің ауаға таралуын жою мақсатында Атырау мұнай құбыры стансасының барлық май құю эстакадалары арнайы газды кері қайтару қондырғыларымен жабдықталады. Бұл жұмыстардың бәрі көрсетілген мерзімге дейін атқарылған соң босаған жерлерді жауапты орындар көгалдандыру мен саябақтық аймақ құру мақсатында пайдалануды жоспарлауда.
Сондай-ақ, қала аумағынан өндірістік нысандар салуға жер телімдерін бөлгенде жоспарланып отырған шаруашылық қызметі түрлеріне үлкен мән беру, оларға департаменттің келісімін алу жөнінде әкімдік тарапынан тапсырма берілуі керек-ақ.
— Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.