АТЫРАУДАН БАСТАУ АЛҒАН ЖОБА

«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының «WheeIs Brothers MС» Атырау мотоклубымен бірлескен «Менің Елім – Моя Страна» жобасы Атырау қаласынан бастау алды. Шара аясында жолға шыққан мотошабандоздар Қазақстанның 20-дан астам қалаларын аралап, тоғыз мың шақырым жол жүріп өтетін болады.

Атырау коммуникациялар орталығында өткен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының мүшесі Мұхтар Манкеев жобаның негізгі мақсатына тоқталды.

– «Менің Елім – Моя Страна» республикалық автомотожорығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған. Отанымыздағы түрлі ұлттар мен конфессиялардың әртүрлі облыстардан келген өкілдері өскелең ұрпақ арасындағы достық пен ынтымақты қарым-қатынасын нығайтып, Мәңгілік Ел идеясын насихаттайды, – деді ол. 

Ал, «Wheels Brothers MC» мотоклубының президенті Олег Шмаль көліктердің басты легі Атырау қаласынан шығып жол бойынан қосылатын спортшылармен толығатынын айтты. «Жарысқа қатысушы мотоциклдер мен оларға ілесіп жүретін автокөліктерге айрықша белгілер жарыс таңбасы мен демеушілер логотиптері бейнеленген жалаулар орнатылады. Біз осы қолымыздан келетін іс-әрекетіміз арқылы ел бірлігін нығайтуға атсалысатын боламыз», – деді.

Жобаның негізгі демеушісі «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ болып табылады. Айта кетерлігі, қоғамдық іспен белсене шұғылданып жүрген бұл азаматтар халықты татулыққа, бірлікке үндеп, ел үшін маңызды елеулі даталарға орай өз үлестерін қосуды мақсат еткен.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз