Жарнама
Қоғам

Атыраудағы алып кешен ел дамуына серпін береді

АТЫРАУДАҒЫ АЛЫП КЕШЕН «КРІ» ЗАУЫТЫ ЖУЫРДА АЛҒАШҚЫ ПОЛИПРОПИЛЕНДІ НАРЫҚҚА ШЫҒАРЫП, САТА БАСТАДЫ. ОСЫЛАЙША ЕЛДІҢ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ БІР САТЫҒА КӨТЕРІЛІП ОТЫР. ЕНДІГІ МАҚСАТ – ӨЗІМІЗДІҢ ПОЛИМЕРДЕН ДАЙЫН ӨНІМ ШЫҒАРАТЫН ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ТАРТУ. ОЛ ҮШІН БАРЛЫҒЫ «БІР ЖАҒАДАН – БАС, БІР ЖЕҢНЕН – ҚОЛ» ШЫҒАРЫП, ЖҰМЫЛУЫ ТИІС. МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕДЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТКЕН «QAZPOLYMERS 2022» ОТАНДЫҚ ФОРУМЫ ОСЫ МАҚСАТТЫ КӨЗДЕДІ.

МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ «ҚАРЛЫҒАШЫ»

Бүгінде елімізде мұнай-газ химия өнеркәсібіне айрықша маңыз беріле бастады. Өйткені, енді дүниежүзіндегі полипропиленнің бір пайызы бізден шығады. Атыраудағы «КРІ» зауыты Теңіз кен орнынан өндірілетін мұнайдың газын химиялық жолмен пропиленге айналдырып, одан «ақ күріш» тәріздес түйіршік полипропиленді әзірлей бастады.

 – Бүгін біз тарихи сәтте өмір сүріп жатырмыз десек артық айтқандық болмас. Себебі, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға ең алғаш салынған инвестиция – бұл Теңіз кен орны еді. Осылайша, «Теңізшевройл» компаниясы ашылып, өңіріміз мұнайлы астанаға айналды. Қазір жаңа экономикалық тұрғыдан серпін берілген кезең. «КРІ» зауыты – мұнай-газ химиясы саласының алғашқы «қарлығашы». Осы форум соның жалғасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Яғни, бүгінде нарықта шикі мұнайға ғана емес, өңделген өнімге де сұраныс артқанын байқап отырмыз, — деді форумның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Аймақ басшысы аталған форумға әр сала басшыларының келуі бекер емес екенін атап өтті. Себебі, өзіміздің полипропиленді экспорттаумен қатар полимерден дайын тауар шығаратын кәсіпкерге қолдау көрсетілуі тиіс. Бұл тұрғыда облыс әкімі шағын және орта бизнеске әрдайым қолұшын созуға әзір екендігін жеткізді.

– Менің ойымша, «арнайы экономикалық аймақта» ірі жобалар болуы тиіс. Ал, одан шығатын өнімнен өзге тауар өндіру үшін индустриялық жобалар қажет. Мәселен, Түркияда оларға бөлінген аймақ бар, барлық шағын және орта бизнес соның айналасына шоғырланған. Біз қазір қаладан арнайы аумақ іздеп жатырмыз. Атыраулықтарға бұрыннан жақсы таныс «Химия зауыты» болған орынды да қарастырамыз. Өйткені, бұл аумақта қажетті инфрақұрылым бар. Рас, кейбір жерлері жекеге өтіп кеткен. Біз сол пайдаланылмай жатқандарын мемлекетке қайтару жағын ойластырудамыз. Әрине, егер осы аумаққа мұнай-химия өнеркәсібін дамытып, өнім шығарамын дейтін кәсіп иелері болса, біз көмектесеміз, — деген Серік Жамбылұлы жуырда жеке қабылдауына Германиядан келген кәсіпкер жобасының 80 пайызы тікелей полипропиленге қатысты екенін атап айтты.

Балық шаруашылығына қажетті тоғандар жасаумен айналысатын бизнес иесі Өзбекстанда, Алматы облысында үлкен жобаға қатысып жатыр екен. Егер шикізат болса ол алысқа бармай-ақ атыраулық полипропиленді алуға ниетті. Себебі, күні бүгінге дейін «ақ күрішті» Сауд Арабиясынан алып, Қытайда өндіріп, оны кері әкеліп, әбігерге түседі екен. Осылайша, жолға кететін шығын тауар құнының өсуіне әсер етеді. Демек, жергілікті әкімдік тиімді жобаларға көмектесуге әркез дайын. Бұл өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға да оң септігін тигізері сөзсіз.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСКЕ – ТЕХНОПАРК

Атырауда мұнай — газ химия кешенін салу мәселесі 1993 жылы инвесторлармен келісім-шартқа қол қою кезінде көтерілген еді. Десек те, нақты нәтиже отыз жылдан кейін көрініп отыр. Форум кезінде осы жағдайға ерекше тоқталған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бұл басқосудың басты мақсаты тұтынушы мен өндірушіні отандық нарықтағы бизнесті қаржылай қолдау ұйымдарымен таныстыру екеніне кеңірек тоқталды.

 – Полипропиленмен қатар біздің екі іргелі жобамыз бар: бутадиен мен полиэтилен. Осылар іске қосылған кезде біздің кәсіпкерлер өндіріс ашуға дайын болуы қажет. Бүгінде біз полипропиленді отандық нарыққа мейлінше көбірек тарту жағын қарастырып жатырмыз. Айталық, құрылыс саласының 30 пайызға жуығы полимермен тығыз байланысты. Елде азық-түлік өндірісі қарқынды дамып келеді. Ал, бұл салаға пластик ыдыстар керек. Бізде осыларға қажетті шикізат бар, — деген Мағзұм Мырзағалиев 1 млн.

200 мың тонна полиэтилен өндіруге қуаты жететін зауыт елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашатынын жеткізді. Ал, ол үшін арнайы технопарк құрылуы мүмкін.

ТИІМДІ БАҒДАРЛАМА ҚАЖЕТ

Жылдар бойы сөз жүзінде қалып келген іргелі жоба бүгінде жемісін бере бастады. Демек, ендігі міндет – қайта өңдеу өндірісін өркендету үшін зауыт айналасында нақты кластер құру. Осыған байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ҚазМұнайГаз», «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі және бизнеспен бірлесіп белсенді жұмысқа кіріскен. Дәлірек айтқанда, осы өнімді тұтынушылардың тізімін жасап, қосымша талдау жұмыстарын жүргізетін топты жинай бастаған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, шағын және орта бизнеске «КРІ» зауытынан шығатын өнімнен қандай өндірісті дамытуға болатыны туралы нақты әрі тиімді бағдарлама қажет. Кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес үшін мұнда қандай ірі жобалар орналасатынын түсіну маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіп иелеріне қолайлы болуы үшін қандай жобалар қолжетімді болатыны жөнінде де ақпарат керек. Жалпы, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.

– Инфрақұрылым проблемасын айтпай кетуге болмайды. Қазір зауыт орналасқан арнайы экономикалық аймақ аумағында сыртқы инфрақұрылым толығымен дайын. Бірақ, шағын және орта бизнеске бөлінген ішкі учаскелерге бұл жүйелер тартылмаған. Сондықтан, осыған баса мән берілуі тиіс. Кәсіпкерлер палатасының оларды түрлі деңгейде талқылауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қаржыландыру мәселелері реттелуі керек. Мұнда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен қаржы институттарының позициясы қажет. Біз әзірлейтін бағдарлама шағын және орта бизнесті дамыту үшін өте маңызды. Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеп қоймай, экспортқа да шығуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Райымбек Баталов.

Төралқа төрағасының пікірінше, барлық мүдделі тараптың ынтымақтастығы мемлекет басшысының отандық өңдеу өнеркәсібін жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын тиімді орындауға ықпал етпек. Ал, Ұлттық палата осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін нақты жоспар ұсынбақшы.

АВТОКӨЛІКТІҢ БӨЛШЕКТЕРІ – ӨЗІМІЗДЕН

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бұл өндірісті дамыту арқылы біз басқа саланың өркендеуіне жол ашамыз. Сондықтан, өзіміздегі полипропиленді барынша пайдалануымыз керек. Бүгінде әлемдік нарықта оған сұраныс артып келеді: басқа полимерді қоспағанда 130 млрд. тонна полипропилен қажет. Дүниежүзіндегі тауарлардың 96 пайызы мұнай-химия өнімдерінен жасалады екен.

– Екіншіден, қосылған құны жоғары тауарды өзімізден өндіруге мүмкіндік бар. Мысалы, полимерден жасалатын өнімнің қосылған құны 7 есе екен. Ал, сол полипропилен бізде болса, көрсеткіш 10-15 есеге дейін артады. Жақында Қостанай қаласында «KIA Sportage» автокөліктерінің ұсақторапты құрастыру өндірісін іске қосамыз. Демек, жылына 18 мың көлік шығарылса, соның әрбір бөлшегі өзімізде әзірленеді. Әрине, бізге қозғалтқыш өндірісіне ертерек болар. Бірақ, «темір тұлпар» құрастырылатын бөлшектердің басым бөлігі пластиктен дайындалатынын ескерсек, енді оған қажетті шикізат та бізден шығатыны қуантады, — деді ол.

Бұрын өндірісті ашуға ғана жеңілдетілген тәсілмен несие берілсе, енді оны құрылыс — монтаждау жұмыстарына алуға мүмкіндік туғызылғанын жеткізді. Яғни, отандық тауар өндіретін кәсіп түрін толықтай несиенің көмегімен ашуға болады.

 – Егер сіз қазақстандық полипропиленнен өнім дайындап, экспортқа шығарсаңыз оны да сақтандыра аласыз. Мұның барлығы – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері. Тағы бір атап өтер жайт, бутадиен жобасы жүзеге асырылса бірнеше өнім түрінің өндіріс желісін толықтай «жабуға» мүмкіндік туады. Мәселен, біз көлік дөңгелектерін шығаратын жобаға қолдау білдірдік. Енді оған керекті шикізат та өзімізден өндіріледі, — деді Қ.Шарлапаев.

Р.S: Форум аясында «КРІ» зауытының басшылығы облыстық әкімдік және бірқатар кәсіпорын жетекшілерімен өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. Ал, алып жобаның серіктесі, полипропилен өндірісінде беделі мен тәжірибесі мол ресейлік «СИБУР» кәсіпорнының өкілдері полимер бизнесінің ерекшеліктерін атап өтті. Өңдеу өнеркәсібін дамыту жолдарымен бөлісті. Бүгінде нарықта әрбір тұтынушы үшін үлкен күрес жүріп жатқанын атап айтқан «сибурлықтар» жаңадан қадам басқан салаға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау қажеттігіне тоқталды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button