Атырауда жыл басынан бері жол апатынан мыңнан астам адам зардап зардап шекті
Соңғы аптада облыста 42 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Абдрахманованың айтуынша, жыл басынан бері барлығы 773 жол-көлік оқиғасы тіркелді, зардап шеккендердің саны — 1039 адам, оның ішінде 678-і түрлі жарақаттармен стационарларға жеткізілді, ал 35 адам қайтыс болды.
«Соңғы аптада облыс бойынша 42 жол апаты тіркеліп, онда 67 адам зардап шекті, 12 адам қаза тапты. Осыған байланысты тұрғындардан жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз», — деді Н.Абдрахманова.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы тек халықаралық маңызы бар трассаларда ғана емес, сонымен қатар, қала ішінде де жиілеп кетті. Оның басты себебі – жылдамдықты асыра пайдалану. Жол апаттарының орын алуына бұдан басқа да себептер түрткі болуда. Өкінішке қарай, соның салдарынан өрімдей жастардың мүгедек болған жағдайлары аз емес.
Қасиет Бахкерейқызы