Жарнама
Қоғам

Атырауда жер сілкінуі мүмкін бе?

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы аумағында болған. Жерасты дүмпуінің толқынын Астана, Шымкент қалаларының, ШҚО, Жамбыл, Жетісу, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындары да сезінгені анықталып отыр.

Осы жағдайға байланысты көпшілік арасында «Атырауда да жер сілкінуі мүмкін бе?» деген сұрақ туындай бастады. Әрине, оның бетін әрмен қылсын, дегенмен «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген сөз бар ғой қазақта. Сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу жөніндегі орталықтың директоры, физика-математика ғылымдарының докторы Наталья Михайловаға хабарласуымызға да осы мәселе себепші болды. Ғылыми негізге сүйенетін ғалым облыста әлі де зерттеулер жүргізілу керектігіне маңыз берді.

– Табиғи апаттың айтып келмейтіні анық. Жалпы, 2006 жылғы сейсмикалық аудандастыру картасы бойынша, Атырау облысы «сейсмикалық емес» деп саналды. Соған қарамастан 2021-2022 жылдары АҚШ-тың Мичиган мемлекеттік университетімен бірлесіп Батыс Қазақстан аумағына MSUAR желісінің 16 далалық (полевой) станциясы орнатылды. Дегенмен, Каспий теңізі жағалауының солтүстік-шығыс бөлігіндегі далалық зерттеулер аталған аймаққа стационарлық сейсмикалық станцияның қажет екендігін ұғындырып отыр. Яғни, стационарлық станса қажет. Өйткені, бір жылдың ішінде теңізде 20-ға жуық әлсіз жерасты дүмпуі тіркелген. Бұл деген «аймақта тұрақты мониторинг жүргізілуі керек» деген сөз. Жерасты дүмпулерінің табиғаты да зерттеуді қажет етеді. Дүмпулердің тектоникалық па, әлде техногенді сипаты бар ма, оны зерттеу үшін станциялар желісі қажет. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау бар, зерттеулер жалғасады, — деп түсіндірді Наталья Николаевна.

Ғалымның айтуынша, Батыс Қазақстан мен Атырау облысы бойынша бірде-бір сейсмикалық станция жоқ. Ал, Ақтөбе мен Ақбұлақ станциялары біздің өңірден едәуір қашықтықта орналасқан.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button