
Түнгі қалада балалар жүр
Жаз маусымы – балалар мен жасөспірімдер үшін серуендеп, еркін демалуға қолайлы уақыт. Алайда осы кезде олардың қауіпсіздігін қадағалау – қоғам мен құқық қорғау органдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қадағалауынсыз көшеде жүруі тек заң бұзу емес, түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуына да себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты 27-29 шілде аралығында республика бойынша «Түнгі қаладағы балалар» атты республикалық жедел-профилактикалық шарасы ұйымдастырылды. Атырау облысының полиция қызметкерлері де түнгі рейдке шықты. Атырау қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция инспекторы, полиция лейтенанты Эльвира Абдраеваның айтуынша, негізгі мақсат – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алу.
– «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы аясында түнгі уақытта ата-анасы немесе заңды өкілінің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүрген балалар мен жасөспірімдерді анықтап, әрбір жағдайды жеке зерделейміз. Олардың тұрғылықты мекен-жайы, отбасылық және әлеуметтік жағдайы мұқият тексеріледі. Егер тәртіп бұзған немесе құқық бұзуға бейім және арнайы есепте тұрған жасөспірімдер кездессе, олармен профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Олардың бос уақытты қалай өткізетіні, қызығушылықтары, мінез-құлқы мен ортаға бейімделу ерекшеліктері ескеріле отырып, ата-аналарына нақты ұсыныстар мен кеңестер беріледі, — деді инспектор Э.Абдраева.
Жедел шара аясында облыс орталығының Алтай көшесіндегі №1 үйде тұратын азаматша Елена Шарухановаға кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орында жүруіне жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілді. Оның қызы Алина Донецке қатысты қандай да бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Алайда алдын алу мақсатында ата-анаға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабының талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Рейд барысында осындай бірнеше құқық бұзушылық анықталып, кәмелетке толмағандар полиция бөлімшесіне жеткізілді. Заң талаптарына сәйкес әрқайсысына бөлек әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Атырау облыстық Полиция департаменті басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Әліпқалиевтің мәлімдеуінше, үш күндік рейд нәтижесінде Атырау облысында түнгі уақытта қараусыз жүрген 376 жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Сонымен қатар, 350 жасөспірімнің ата-анасына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылған. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін 21 ата-ана жауапкершілікке тартылса, түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін 7 кәсіпкерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 132-бабы негізінде әкімшілік жаза қолданылған.
Тиісті талапқа сүйенсек, әрбір ата-ана мен арнайы құрылымдар баланың кешкі уақыттағы бағыт-бағдарын бақылауға алып, оның тұлғалық қалыптасуына сергек көзқараспен қарауы тиіс. Осындай ұтымды әрекеттердің нәтижесінде кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығы артып, ересектердің де бала тәрбиесіне көзқарасы жаңаша арнаға түсетіні сөзсіз.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор