Атырауда несие алушылардың саны өскен

feet7p6a Қоғам

Әлеуметтік желілерде ел алдында жүрген «жұлдыздардың» қымбат көлік, соңғы үлгідегі телефон, брендті тауарларын мақтанышпен жариялаған бейнекөрініс, суреттері көп. Ал ұялы телефонның ар жағынан әдемі өмірге тамсанғандар қалтасына қарамастан осылардың барлығын несиеге алуды әдетке айналдырған. Олар қарыз ақшаны бірнеше пайызбен еселеп қайтаруға мәжбүр. Өкінішке қарай, елімізде тұрғындар қаржыны басқару, оны жоспарлы жұмсаудың қарапайым қағидаларын білмегендігінен есепсіз шығынға батып отыр.

ҚАРЫЗ КҮЛІП КЕЛІП, ЖЫЛАП ҚАЙТАДЫ

Бүгінде несиені өтеуден бұрын оны алу оңайырақ. Қарыз беру шарттарының жеңілдегені соншалық, кейбір банктерге бармай-ақ, ұялы телефон арқылы қажетті сомаға қол жеткізуге болады. Десек те, ақшаны бірнеше пайызбен кері қайтару, өтеу оңай шаруа емес. Әрине, бұл ойлантарлық-ақ мәселе. Халық тапқан-таянғанының басым бөлігін тұтыну мақсатында алған қарызын төлеуге жұмсап келеді. Инфляция мен қымбатшылық жағадан алғандықтан азықтүлікті де несиеге алатындар бар. Сондай-ақ қарызын өтей алмай жүрген борышкерлер саны да өсіп барады. Елімізде қарызға белшеден батып, борышын төлей алмай жүргендерді банкрот деп тану туралы арнайы заң қабылданған болатын. Десек те, мамандар мұндай қадамның соңы жақсылыққа апармайтынын айтқан еді.

ҚАРЖЫНЫ ЖОСПАРЛАУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Ендеше қайтпек керек? Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Рысты Сабырова ол үшін қаржыны тиімді жұмсап, оны жинақтау үшін жоспарлы әрекет ету керектігін айтады.

– Алдыңызға нақты мақсаттар қойыңыз . Б ұ л жетістікке жетудің негізі болмақ. Мақсатты іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап, оған жету үшін ай сайын үнемдеуге болатын соманы көрсетіңіз, – дейді ол.

Осы мақсатта қарапайым формуланы қолдануа болады екен. Негізгі кірістен міндетті шығындарды алып тастайсыз және қалдықты 50/50 пропорцияда бөлесіз. Мұндағы 50 пайыз – ағымдағы шығындар үшін, 50 – мақсатқа жетуге арналған. Бұл сіздің мақсатыңызға ауыртпалықсыз жетуге көмектеседі. Мысалы, егер сіздің негізгі табысыңыз 250 000 теңгені құраса, міндетті шығыстарға 100 000 теңге келеді.

Егер қалдықты екіге бөлсек, 75 000 теңге шығады. Демек, сіз 75 000 теңгені ағымдағы шығыстарға жұмсай аласыз, ал қалған 75 000 теңгені мақсатқа жету үшін қалдыра алады екенсіз. Сондай-ақ, мамандар пассивті кіріс көзін құруға кеңес береді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері алдымен кредитордан қандай мақсаттар үшін қарыз алатыныңызды анықтау керектігін ескертеді. Ал, қаржы саласының білгірлері «несиенің сіздің бюджетіңізге сәйкес келетінін анықтау үшін сіз ай сайынғы төлем мөлшерін білуіңіз керек. Банкке ай сайын төленетін жалпы сома сіздің кірісіңіздің 20-30 пайызынан аспағаны жөн» дейді.

Р.S: Мамандардың айтуынша, «онлайн-несиелер» танымал болғанымен, пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Ал, ғаламтор кеңістігінде «0 пайызбен» деп жарнамаланатын несиелер жиі кездеседі. Негізі, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қоспағанда, мұндай қарыздарды алу тиімсіз. Барлық сомаға есептелетін үлкен комиссиялары болуы ғажап емес. Оның үстіне, тек жарнамаға немесе туыстарыңыз бен таныстарыңыздың кеңестеріне жүгінбеңіз. Қарыздың барлық талаптарын өз бетіңізше зерттеп, дұрыс таңдау жасаңыз. Сол себепті, қандай да бір мақсатқа несие алмас бұрын, мұқият ойлану керек. Өйткені, өмірді болжау мүмкін емес. Ал, Сіз қалай ойлайсыз?

Облыстағы банк филиалдары арқылы берілген несиелер бойынша берешектер 641,3 млрд. теңгеге жеткен. Ал былтыр бұл көрсеткіш 23,2 пайызға төмен болған екен. Ал жеке тұлғалардың қарызы өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға көбейіпті.

Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалының мәліметінше, жыл басынан бері қаңтар-наурыз аралығында облыстың екінші деңгейдегі банктері арқылы 150,3 млрд. теңге көлемінде несие берілген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға көп.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз