Атырауда мұқтаж жандарға арналған тұрғын үй толығымен заңды негізде бөлінген
Жақында бірқатар БАҚ республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне сілтеме жасап, Атырау облысының қаржылық шығыстары тексерілген ақпаратты жариялады.
Атап айтқанда, Атырау қалалық құрылыс бөлімі көп балалы аналар үшін 173 пәтерді қабылдады, бірақ 21 айда 13 пәтер бөлінген.
Атырау қаласының әкімдігі таратылған ақпаратқа түсінік берді.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, 2019 жылы өткізілген конкурс қорытындысы бойынша «Қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен «Дамар Строй» ЖШС арасында республикалық және жергілікті бюджет есебінен 200 пәтер сатып алуға шарт жасалды.
2019 жылдың шілде айында үш бөлмелі ,40 пәтер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға кезек бойынша бөлінді.
Қалған 160 пәтер апатты үйлерде тұрған отбасыларға үлестірілді.
Жаңа пәтерлерге апатты үйлер тұрғындарынан бөлек, келешегі жоқ ауылдардың (№496 разъезд, Қарабатан) тұрғындары көшірілді.
Олардың арасында көпбалалы отбасылар да бар.
Бұл шешім облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 18 қазандағы №365-VI шешіміне сәйкес қабылданды. Барлық сатып алынған пәтерлер 2019-2020 жылдар аралығында бөлінді», — делінген Атырау қаласының әкімдігі таратқан ақпаратта.