Атырауда діни сауат ашу және құран жаттау орталығы салынады
Атырау қаласында облыс тұрғындарына арналған діни сауат ашу және құран жаттау орталығы салынады. Бұл республика бойынша ең алғаш қолға алынған жоба. Жуырда «Дина» сауда орталығының аумағында жаңадан салынатын діни нысанның іргетасы қаланды. Болашақта мұнда қандай жұмыстар жүзеге асырылады? Оның өзге діни мекемелерден айырмашылығы неде? Осы және өзге де сауалдар аясында «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлымен сұхбаттасқан едік.
ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚҚА – ТОСҚАУЫЛ
– Бүгінге дейін аймақтың әр түкпірінде бірнеше мешіт бой көтерді. Атырау қаласында да мемлекеттік діни мекемелер аз емес. Ал, жаңа орынның ерекшелігі, мақсаты мен міндеті қандай? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Сұрағыңыз орынды. Жалпы, облыста 43 мешіт жұмыс жасайды. Қазір көпшілік арасында «мешіттерді сала берудің қандай қажеттілігі бар?» деген сауал жиі кездеседі. Біз «мешіттерді – адамдардың рухани мектебі» деп бағалауымыз керек. Бұл жерде халыққа дәстүрлі дін жолында дұрыс бағыт-бағдар көрсете алатын сауатты имамдар жұмыс жасайды. Жаңадан ашылатын орталықтың негізгі ерекшелігі – көпшіліктің діни сауатын ашып, жұртшылық арасында ағарту жұмыстарын жүйелі жүргізу. Мұның ең басты мақсаты – қоғамдағы жат ағымдардың алдын алу, діни сауатсыздықты жою. Әрбір адам сауатты болса, олар ешбір теріс ағымға бет бұрмайды. Өзінің ұстанымын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихын терең білген адам әркімнің жетегіне еріп кетпейді. Елдегі дін және сенім мәселелерін тиімді реттеудің басты жолы – дәстүрлі діннің қоғамдағы беделін көтеру, рухани құндылықтарды белсенді насихаттау. Жаңа орталықты қолға алудың негізгі бағдары осы. Нысан облысқа белгілі меценат Төкен Жұмағұловтың тікелей қолдауымен салынады. Үш қабатты ғимараттың ауданы – 480 шаршы метр. Орталықта 30 адамның жатып дәріс алуына барлық жағдай жасалады. Тәрбиешілер мен олардың жатын орындары жасақталады. Бір қабатында отбасын татуластыру орталығы жұмыс жасайды. Арнайы араб тілі де оқытылады. Діни дәрістер жүргізіліп, Құран жаттауға кеңінен мүмкіндік беріледі. Намазхана, асхана, халал діни дүкендер қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Отбасын татуластыру жұмысы мен діни дәрістер тегін, ал араб тілін оқыту, асхана, дүкендер қолжетімді бағада ақылы түрде ұйымдастырылады.
– Жамағат арасындағы ағартушылық жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Бір жылда 4 тоқсан болса, әр тоқсан сайын 30 адамды оқытқанда жылына 120 жанның дәріс алып шығуына мүмкіндік бар. Оларға білікті дін қызметкерлері, теологтар, тарихшылар, психологтар тұрақты түрде қызмет етеді. Елдегі танымал ұстаздар мен ғалымдар, тарихшылар шақыртылады. Бұл арқылы жергілікті жердегі имамдардың да біліктіліктері арттырылады.
– Бүгін де теріс діни ағымға бет бұру өзекті мәселенің бірі болса, жанұяда ажыра су проблемасы да көкейкесті. Орталықта мұндай проблеманың алдын алу шаралары қалай қолға алынады?
– Дұрыс айтасыз, отбасы дегеніміз – үлкен бір институт. Сол институттың жөн-жосығын білмеген жастары әйтеуір үйленіп, «үй болып кетеміз ғой» деген сезіммен ғана отау құрады. Соңында талай бала жетім, әйелдер жесір қалуда. Талақ айтып, екінші, үшінші, төртінші рет әйел алу көбейді. Мұның барлығы мемлекетті құлдыратуға апаратын жолдар. Ел болашағы үшін бұл мәселе кімді де алаңдатпай қоймайды. Сондықтан, татуласт ру орталығында осы проблемаларға мән беріліп, бір психолог, бір діни қызметкер жұмыс жасайды. Олар шағымдарымен келген тұрғындармен тығыз байланысып, ойран болар отбасын айрандай ұйытуға үлес қосса дейміз.
– Алға қойған жоспардың көп, мақсаттың айқын екені белгілі болды. Ендігі сұрақ, бұл орталықты сауда орталығынан салудың себебі неде?
– «Дина» сауда орталығы күнделікті тірлікпен көпшіліктің жиналатын орны. Бұл аумақта Төкен Танаұлының мешіт салуға жоспарлаған арнайы жер телімі болды. Осы жерге мешіт емес, аталған орталықты ашуды көздедік. Көпшілікке діни сауаттылық тұрғысында білім берейік, жат ағымға тосқауыл болайық деген ойымызды ол кісі бірден қабыл алды. Одан кейін муфтият тарапынан қолдау тапты. Негізінен Төкен Танаұлының әкесінің есімі Жұмағұл. Әкеден бір жасында жетім қалған Төкен аға атасының қолында тәрбиеленіп, Танаұлы аталып кеткен. «Әкемнің алдындағы бір міндетім, оған құрметім болсын, осы орталыққа оның есімін берсеңіздер» деген Төкеңнің ұсынысын біз де қабыл алдық. Осылайша нысан атауы «Танаұлы Жұмағұл ата атындағы діни сауат ашу және Құран жаттау орталығы» болып муфтиятта бекітілді. Жақында ғана іргетасы қаланған ғимараттың жұмысы әрі қарай өзінің тікелей демеушілігімен жалғасады. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың Рамазан айына дейін аяқталады. Орталық жекеменшік емес, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына тиесілі ғимарат болып саналады.
ТҮРКИЯ ТӘЖІРИБЕСІНЕН ТУҒАН ИДЕЯ
– Діни сауат ашу және Құран жаттау орталығын салу идеясы қалай туындады? Осы жөнінде айтып берсеңіз…
– Қазір Атырау қаласында мешіт жеткілікті болғандықтан, мен Төкен Танаұлына көптен бері ойымда жүрген идеяны бірлесіп жүзеге асыруды ұсынған едім. Жаппай халықтың діни сауатын ашып, бүгінгі қоғамдағы талай келеңсіз құбылыстардың алдын алатын мұндай орталық әзірге республикада жоқ. Бұл Түркия елінің тәжірибесінен алынды. Кезінде Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас муфти болған кезінде Түркияға сапарларының бірінде сол мемлекеттің тәжірибесіне басым ден қойды. Түркия өз халқының діни сауаттылығын арттырып, көкірегін оятып, көзін ашқан бірден-бір мемлекет. Олар түрлі жат ағымға төзбеушілікті осындай орталықтардың қызметін күшейту, яғни ағарту жұмыстары арқылы қол жеткізді. Оларда халықтың санасында жат ағымға қарсы «антивирус» қалыптасқан. Мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында 10 жыл қызмет жасадым. Осы уақытта Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз, Наурызбай қажы Тағанұлының жанында жүріп, тәжірибе жинақтадым. Менде «Түркия елінің үлгісін біздің елде неге қолға алмасқа?» деген идея туындады. Оны ең алғаш іске асыру міне, Атырау өңірінде басталып жатқан жайы бар.
– Жат ағымның алдын алу мақсатында тағы қандай жұмыстар жүргізілуі керек?
– Қазір қоғамда бала тәрбиесі өте өзекті. Оңы мен солын жетік танып үлгермеген жастардың жат ағымдарға бой алдырып кету қаупі бар. Осы мәселенің алдын алу үшін ең бірінші ата-ана діни сауатты болуы керек. Қазір рухани дамып, кемелденген отбасыларды қалыптастырудың мәні зор. Осы тұста әркім өзгерісті өзінен, жанұясынан бастаса екен. Әр адамның жүрегінде мейірімділік пен кешірімділік ұялауы қажет. Жақсы іс жақсы ойлар мен жақсы сөздерден ғана құралатынын ескеруге тиіспіз. Балағат сөздерден мүлдем тыйылып, жеке тұлға өзін-өзі тәрбиелей білуі қажет. Отбасында осындай көріністі көріп өскен бала болашақта кемел адам болатыны сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ ешқашан тыңдап өспейді. Олар көз алдында көргенімен бой түзейді. Сондықтан бүгінде барша халықтың діни танымын көтеріп, қоғамдағы біраз келеңсіз көріністерден тыйылу міндеті тұр. Діни сауаттылықтың өзі ұлы істерге бастар жол екенін түсінгеніміз абзал. Білім мен ғылымға бет бұрған талай данышпандардың өзі кезінде діни сауатты болды емес пе? Бұл бағытта облыста дін мен дәстүрді насихаттап, сауат ашу, теріс ағымдағылармен тікелей кездесулер, оқу-ағарту жұмыстары жүргізілуде.
Біз жат ағыммен күресте ең бірінші кадрларды күшейту мәселесін алға қойдық. Орталық мешіт жанында кадрларды – қариларды даярлайтын арнайы орын бар. Ол 1,5 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ арнайы студия жасақталып, жергілікті телеарналармен бірлескен ақпараттандыру жұмыстары жасалуда. Атырау қаласында және Құрманғазы ауданында Құран жаттау орталығы бар. Танаұлы Жұмағұл ата атындағы орталық 20 жастан жоғары адамдарға қызмет етсе, «Жұлдыз» шағынауданында 7-11 сынып оқушыларына арналған төрт қабатты «Қайырымдылық» орталығы бой көтеруде. Мұнда жастардың діни секталар мен әртүрлі ағымдардың арбауы мен алдауына түсіп қалмауы үшін сауаттылығын арттыру, Құран жаттату, араб тілін үйрету бағытындағы жұмыстар жасалады. Сондай-ақ, фитнес залдары, спорттық, ағылшын тілі үйірмелері қолға алынады. Жаңа нысан жыл аяғында пайдалануға беріледі. Қазір адасып жүрген жастармен кездесіп, ашық әңгімелесу жұмыстары жүргізілуде. Атырауда шамамен халықтың 10 пайызы жұма намазына мешітке келеді. Соның ішінде 6 пайызы теріс діни бағытты ұстанғандар. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп жатқан жоқ. Керісінше, дін өкілдерінен дұрыс дәріс алып, оң жолға түскендер көп. Біздің басты мақсат – қоғамда ақ пен қараның аражігін ажыратар сауаттылықты қалыптастыру.
– Сұхбатыңызға бек рахмет!
Сұхбаттасқан: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА