Атырауда ажырасу көрсеткіші артуда
Қазақ халқы «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Бұл нақыл сөздің маңызы қазір бұрынғыдан да айқын сезіледі. Биыл 11 айының қорытындысы бойынша, Атырау қаласында 294 неке бұзу дерегі тіркелген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50 жағдайға көп. Бұл туралы Атырау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Құралай Хайрошева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалы арқылы АХАТ бағыты бойынша 8 түрлі мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Азаматтар арасында сұранысқа ие қызмет түрлеріне тууды, неке қию мен бұзуды, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу жатады.
Айта кетейік, Атырау қаласындағы АХАТ бөлімі арқылы 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 15033 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 2803 неке қию, 1968 қайтыс болу, 8643 туу, 13 бала асырап алу қызметі тіркелген.
Бек АЙДАРӘЛИ