Атырауда 89 өрт сөндіруші ерікті бар
Бұл туралы Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Ерлан Файзуллаев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Қала бойынша жыл басынан бері 58 өрт оқиғасы анықталды. Оның ішінде: 44 жағдай электр құрылғыларын монтаждау барысында техникалық қауіпсіздікті сақтамау болса, 8 жағдай отты абайсыз қолдану, ал 6 жағдай жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде орын алған, деді Ерлан Файзуллаев.
Оның айтуынша, өрт оқиғасын алдын алу мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындар мен саяжай учаскелерінде рейдтік жұмыстар жүргізіліп, бірқатар дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бүгінге күнге дейін басқарма қызметкерлері саяжай алқабындағы 173 тұрғын үйді аралап, 1000-ға жуық тұрғынды өрт қауіпсіздік ережесімен таныстырып, жадынамалар таратты. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің қолдауымен әр түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында үгіт-насихат материалдарын басып шығару жүргізілуде.
Сонымен қатар, Атырау қаласы ТЖБ-да өрт қауіпсіздік маусымынан бастап дала өрттері мен өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердің өрттерін жою мақсатында 89 ерікті өрт сөндірушісі бар 7 өртке қарсы құрылым құрылған. Оған қоса, құрылым 2 автоцистерна, 14 мотопомпа, 28 бейімделген автотехникамен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ биыл орман шаруашылығы мекемелеріне 228 шақырым минералдандырылған жолақтар жүргізіліп, 67 аншлаг, яғни сызықтық белгілер орнатылған.