Атырауда 14 мыңнан астам бала спорттың 26 түрімен тегін шұғылдануда (+ФОТО)
«Атырауда 500 орындық спорттық мектеп-интернат-колледжі салынады. Қазіргі таңда аталмыш нысанға Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданынан жер телімі бөлінді. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов спорттық нысандарды аралау кезінде айтты» деп хабарлайды Atr.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балалар спортына басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деп атап көрсеткен болатын. Бұл мәселе шынында жұртшылықтың ерекше қызығушылығын туғызып отыр. Соған орай, Атырау қаласындағы спорттық нысандарды аралап шыққан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов спорттық кешендердің халыққа қолжетімді болуына айрықша назар аударды.
Облыс басшысы алдымен «Мұнайшы» стадионында жаттығу жүргізіп жатқан футбол орталығының шәкірттеріне жолықты. Жасөспірімдердің жаттығуына жасалған жағдайлармен жіті танысып, алдағы уақытта саланы қолдау бұдан да зор қарқын алатынын атап көрсетті.
– Облыста спортты, соның ішінде, балалар спортын жақсартуға ерекше басымдық беріліп отыр. Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспары арқылы спортта дарынды балаларға арналған 500 адамдық спорттық мектеп-интернат-колледжін салу жоспарланып отыр. «Нұрсая» шағынауданынан салынатын жаңа кешенге 4,6 гектар жер бөлінді. 2022 жылы құрылысы басталатын бұл нысан 2024 жылы пайдалануға берілмек. Мұнда облыс аумағынан келетін балалар үшін 200 жатын орын болады. Қазір облыста 17 спорт мектебі, 7 дене шынықтыру даярлық клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіби клубтар жанынан ашылған 3 академия және 2 балалар орталығы бар. Оларда спорттың 26 түріне басымдық берілген. Спорттық секциялардың барлығы да тегін қызмет көрсетеді. Бұл нысандарда барлығы 14 мыңнан астам бала шұғылданады. Соған қарамастан, біз болашақта қосымша секциялар ашуымыз қажет. Жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыруды мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асыру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секцияларға 2000-дай баланы жұмылдыру көзделіп отыр. Мұндай мүмкіндігі мол спорт кешендерін барша тұрғындарға қолжетімді қылып лайықтаған жөн, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы.
Жыл басынан бері Атырау облысының спорт саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 1139 нысан жұмыс жасайды. Биыл наурызда Индер ауданының Өрлік ауылында жаңа спорттық кешен пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Исатай ауданының Жанбай, Махамбет ауданының Махамбет, Мақат ауданының Мақат, Индер ауданының Жарсуат, Қызылқоға ауданының Миялы, Сағыз ауылдарынан спорт кешендері пайдалануға беріледі. Қазір Құлсары қаласындағы орталық стадионға жаңғырту жұмысы жүргізілуде.
Орталық бассейнде 600-ден астам бала тегін жаттығуда
Биыл Атырау қаласындағы орталық жүзу бассейні де толықтай күрделі жөндеуден өтті. Қайта жаңарған жүзу бассейніне барған облыс әкімі кешеннің материалдық-техникалық қамтылуымен танысты. Сенімгерлікпен басқаруға берілген мекемеге бұрын тек 400 бала келсе, қазір 600-ден астам бала спорттың 4 түрі бойынша тегін жаттығу жасайды. Жыл соңына дейін мұнда келушілердің саны 1 мыңға жуықтайды. Махамбет Досмұхамбетов бассейннің күрделі жөнделуіне де, суға жүзу спорты бойынша жасалып жатқан жұмыстарға да жоғары баға беріп, осы қарқынды одан әрі дамыту түсуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы бұқаралық және балалар спортының дамуына баса назар аударып отыр. Оны жүзеге асыру үшін облыстағы бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 2025 жылы 45 пайызға жеткізу тапсырылды. Жыл басынан бері тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 82 500-ден астам адамды қамтыған 550 спорттық шара ұйымдастырылыпты. Спортпен тұрақты шұғылданушылар саны жалпы облыс халқының 34,2 пайызына тең, яғни 226 589 адам. Демек республика бойынша үшінші орынға ие. Біз мұнымен тоқтап қалмай, барлық спорттық нысандарда тұрғындарға бұдан да қолайлы жағдай туғызуымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тапсырғандай, бұқаралық спортты халыққа барынша қолжетімді етуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Бассейн директоры Жалғас Өтебалиев жуырда мұнда келетін балалардың санын спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бойынша арттыру көзделіп отырғанын айтты. Осы арқылы тағы 370 бала су айдынына тегін түсу мүмкіндігіне ие болады. Балаларға сапалы дәріс беру мақсатында басқа қалалардан білікті жаттықтырушылар шақыртылған.
Кешенде жүзу, су добы, триатлон, суға секіру секілді спорт түрлеріне назар аударылған. Жүзу спорты бойынша жасөспірімдер командасы маусым айында Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 11 алтын, 3 күміс медальмен жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Триатлоншы Нартай Қазиев Ақмола облысында өткен Азия чемпионатында 1 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды. Ал, су добынан облыс құрамасы республика чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері болды.
Балықшы кентіндегі спорт клубы күрделі жөндеуден өтуде
Ал, Балықшы кентіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының сауықтыру кешеніндегі күрделі жөндеу шілдеде басталған. Жоспар бойынша нысан желтоқсанда тапсырылуы тиіс. Нысан құрылысымен танысып шыққан облыс әкімі бірінші кезекте құрылыстың сапасына аса мән беруді ескертті.
Клуб директоры Аманбай Қыздарбаевтың айтуынша, бүгінде мұнда 372 спортшы тіркелген. Олар голболл, отырып ойнайтын волейбол, шахмат, шашка, пауэрлифтинг, үстел теннисі, дзюдо, оқ ату, жеңіл атлетика, жүзу, таеквондо, армрестлинг, грек-рим күресі, еркін күрес, шағын футбол, тоғызқұмалақ тәрізді спорт түрлерінен жаттығу жасайды. Құрылыс жұмысына байланысты қазір жаттығу «Мұнайшы» спорт кешені мен «Абай» орталығында өтіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың оқу-жаттығу процесіне қатынасуын қамтамасыз ету мақсатында 6 автокөлік қызмет көрсетеді.
Шынында, облыс тарихында тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі спортшылар айтулы жетістіктерімен қуантып жүр. Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына атыраулық 7 спортшы лицензия алды. Параспортшылар әлем кубогі және түрлі деңгейдегі халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп жүр. Оларға жергілікті билік тарапынан әлеуметтік-тұрмыстық қолдау да бар. Жақында параволейбол құрамасының қос ойыншысына жаңа пәтердің кілті табыс етіледі.
«Нұрсая» шағынауданындағы Олимпиадалық резерв дайындау орталығының аумағы – 3200 шаршы метр. Мұнда спорттың 10 түрінен 310 спортшы күн сайын шұғылданады. Кешенде спорт түрлері бойынша бірнеше бөлме бар. Барлығы заманға сай жабдықтармен толық жасақталған. Кешенді аралап шыққан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов спортқа құлшынысы бар жеткіншектер үшін қуанышты хабар айтты.
– Спорт кешенінде әр жаттығу залы жанға жайлы екен. Ғимараттың аумағы да тарлық етпейтін тәрізді. Ендеше, осындай тамаша кешенге күннен-күнге өркен жайып келе жатқан «Самал», «Нұрсая» сынды шағынаудандардың балаларын көбірек тарту керек. Оларға да қалаған спорт түрімен шұғылдануға жағдай жасалады. Сондықтан, осы мекеме базасында балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашуға тапсырма беремін. Сонда бұл кешенде 300 бала емес, 1000-ға жуық бала спорт секцияларына тегін бара алатын болады. Осылайша облысымыздағы басқа да мүмкіндігі бар кешендерді бұқаралық спортқа ыңғайластыру қажет, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы.
Жыл аяғына дейін балаларға арналған тегін 315 секция ашылады
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың айтуынша, бүгінде спорттық мекемелерде тұрақты шұғылданушы балалар саны жалпы мектеп жасындағы балалар санының 16,5 пайызын құрайды. Жыл аяғына дейін балаларға арналған тегін 315 қосымша секция ашып, шұғылданушылар санын тағы да 6500-ге арттыру жоспарлануда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы аясында облыс бойынша 35 іс-шара, таеквондо, бокс және кикбоксингтен республика чемпионаттары, жекпе-жектен батыс аймақтық кубогі және кәсіпқойлар арасында MFC Халықаралық турнирі өтті. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында спорт клубтарының қаржысын оңтайландыру, балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. Осыған байланысты кәсіби клубтар қаржысы қысқартылып, қосымша 1000 бала секцияларға алынды.
Атыраулық спортшылар жыл басынан бері ел чемпионаттарынан 550 медаль еншіледі
Жыл басынан бері облыс спортшылары ресми ел чемпионаттарынан 550 медаль еншілесе, 1 спортшы әлем чемпионатында, 7 спортшы Азия чемпионатында, 7 спортшы әлем кубогінде және 81 спортшы халықаралық турнирлерден жеңімпаз немесе жүлдегер болып оралды. Командалық спорт түрлері бойынша атыраулық баскетболшылар ел чемпионатының күміс жүлдесін, стритбол командасы алтын жүлде, волейболдан жастар командасы, су добы және «Нарын» ересектер командасы қола жүлде иеленді.
Маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында да бірқатар істер атқарылды. Соңғы үш жылда «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бөлінген облыс әкімі гранттарының алғашқы түлектері 2022 жылы спорт мекемелеріне келіп, тұрақты жұмысқа орналасады.
Спорттық нысандарды аралау барысында облыс басшысы балалар спортын дамыту, саладағы жұмыстарды сапалы атқару, сондай-ақ бұқаралық спортқа аса көңіл бөлу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Atr — Ақпарат»