Жарнама
Қоғам

«Атырау» жеңісін Ұланға арнады

   Сенбі күні еліміздің алты қаласында өткен футболдан Премьер-лиганың XV тур ойындары ерекше түрде басталды. Ойыншылар алаңға Қазақстан құрамасының және «Атырау» командасының жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаевтың тезірек сауығып кетуіне тілек білдірген жейделерін киіп шықты. Өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпесті» қабылдаған «Атырау» командасы да мұндай қолдаудан қалыс қалмады. Естеріңізге сала кетсек, жуырда Қазақстан мен Қытай құрамаларының арасында өткен жолдастық кездесуде Ұлан аяғынан ауыр жарақат алып, Қытайдың Далянь қаласындағы ауруханада шұғыл түрде ота жасалған болатын. Бұл кездесуде отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасына жеңісті 68-минутта Азат Нұрғалиев сыйлады.

   «Атырау» командасына алғашқы алтылық құрамына ену үшін көбірек ұпай жинау керек. Бұған дейін екі ойын қатарынан жерлестеріміз қарсыластарға жол беріп, турнирлік кестенің тоғызыншы орнында тұрған еді. Мұны жақсы түсінген алаң иелері бірден шабуылға беттеп, көкшетаулықтардың қақпасы маңында қауіпті сәттер туындатты. Солардың бірінде Даниил Чертовтың қателігін ұтымды пайдаланған «атыраулықтар» Павел Шабалиннің көмегімен есепті ашты. Ал, екінші таймда кезекті бұрыштама тепкісінен кейін қарсыластар есепті теңестірді. Бірақ, араға алты минут салып, командамыз тағы алға шықты. Шабуыл кезінде Пшемыслав Трятко допты баспен ұрып, ел біріншілігіндегі төртінші голын салды. Ойын соңына дейін көкшетаулықтар таблодағы есепті теңестіруге тырысқанымен, қорғаушылар мен қақпашы бұған мүмкіндік бермеді. Есеп – 2:1.

  Команда бұл жеңісті жарақаттанған Ұлан Қонысбаев пен Алдан Балтаевқа арнады.

— Командамды бүгінгі жеңіспен құттықтаймын! Атыраулық ойыншыларға, жанкүйерлерге мың алғыс! Биылғы басты жоспар – алтылыққа кіру сендердің қолдарыңнан келеді. Мен оған кәміл сенемін. Жарақатым болмағанда жасыл алаңда қастарыңда жүгіріп жүретін едім. Өкінішке орай, биылғы маусымда көмек көрсете алмаймын. Бірақ, жүрегім сендермен бірге. Алға, «Атырау»! — деп жазыпты өзінің инстаграмдағы жеке парақшасында Ұлан Қонысбаев.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button