АТЫРАУ ӨНІМДЕРІ – АСТАНА ТӨРІНДЕ
Бұл жәрмеңкеге «Уәли-Ата» шаруа қожалығының басшысы Бисенғалиев Қанатжан салмағы 350 кг болатын түйе, 250 литрдей шұбат әкеліпті. Түйе етінің килограмы 700 теңгеден басталып, арты 600 теңгеден сатылып кетті. Ал, шұбаттың литрі 500 теңгеден сатылды. Кейбір кісілер «түйе етін жеп көрмеген едік» деп, дәмін тату үшін де алып жатты. «Уәли-Ата» шаруа қожалығында 120-ға тарта түйе, 50-60 шамасында жылқы бар. Күніне түйеден 60-70 литр шұбат алынады. Бұл шұбат Атыраудағы «Дина» базарында литрі 400 теңгеден сатылады. Шаруа қожалығының басшысы: «Бір түйе күніне үш рет сауылады. Бір сауғанда екі литр сүт береді. Түркіменнің үлек дейтін бір өркешті бурасын біздегі қазақы айыр түйелерге шөгеріп, содан етті, сүтті тұқым алып жатырмыз. Бұл ісім ақырындап қарқын алуда. Алынған түйелердің тұқымы күніне 16-20 литрге дейін сүт береді. Оларды аруана дейді. Жеке шаруашылығыма тиесілі 750 гектар жерім бар. Индер ауданы әкімшілігі көлікпен қамтамасыз етіп, Астана қаласына осы ісіміздің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта цех ашып, сүт өнімдерін арнаулы құтыларға құйып, нарыққа шығару – үлкен мақсатымыз», – дейді.
Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Достан ата» шаруа қожалығы жәрмеңкеге 500 литрдей шұбат, 200 кг қой етін, 10 мың дана жұмыртқа, 200 кг шұжық саудаға шығарды. Шаруа қожалығы 1996 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Биыл былтырға қарағанда өнімдерді 30 пайызға арттырған. Жылына 60 тоннадай шұбат, 15-16 тоннадай қымыз өндіретін шаруа қожалығының басшысы Сейітжан Балжігітов өнімдердің өздерінен артылмайтындығын, өкінішке орай, өзге аудан, облыстарға шығара алмайтындығын айтты.
Жоғарыда айтқанымыздай, астаналықтар Атырау облысынан балықты асыға күткені белгілі. Сол үдеден шығу үшін бұл жәрмеңкеге атыраулықтар 50 тоннадан астам балық жеткізді. Оның біраз бөлігі «Ракуша» өндірістік кооперативіне тиесілі. Кооператив төрағасы Қожамұрат Сырлыбай: «Біз жылдағы дәстүр бойынша, биыл Атырау өңірінен Астанаға балық өнімдерін алып келдік. Атырау – тек мұнайымен емес, балығымен де аты шыққан өлке. Біздің ақ сазандарды астаналық ағайындар таласа сатып алады. Жәрмеңке тамаша өтіп жатыр. Сауда жақсы жүруде. Жәрмеңкені ұйымдастырған азаматтарға, Астана қаласы мен Атырау облысының әкімшілігіне алғысымызды айтамыз. Каспий теңізінде балықтың түрлері өте көп. Бірақ, соның ішіндегі ең дәмдісі де тәттісі көксерке, ақ сазан, сыла, карас сияқты бес-алты түрі бар. Одан бөлек, бүгінгі сатылымда қақталған, кептірілген балықтар да кездеседі. Бағасына тоқталатын болсақ, Елордадағы бағадан екі есе төмен. Халықты көріп отырсыздар, ризашылықтарын білдіріп жатыр», – дейді. Сонымен қатар, ол Атырау қаласында жылыжай салып, мал шаруашылығымен де айналысатындығын тілге тиек етті. 1998 жылы құрылған бұл өндіріс орны осы уақытқа дейін тұрақты жұмыс істеп келе жатыр. Жылына бұл компанияға мемлекеттен 800-900 тоннадай квота бөлінеді. Және осы межені толығымен орындайды.
Жәрмеңкеде өзге азық-түлік өнімдерінен гөрі астаналықтар балық сатып алуға ынталы болды. Балық сатып тұрған саудагерлер тұтынушыларға қызмет көрсетіп үлгере алмай жатты. Осындай қысылтаяң сәтке қарамастан «Алаша-Атырау» ЖШС-нің технолог-сатушысы Жаңабай Жәрдемов сауданың қызу жүріп жатқандығын айтып өтті. Оның айтуынша, бұл сауда шатырында Каспий теңізі жағалауында орналасқан Исатай ауданына қарасты Жамбай атты ауылдағы балық өңдейтін шағын цехтың өнімдері сатылымға қойылды. Сол шаруашылық қожалығынан 10 тонна балық саудаланды.
«Бір күн дәмін татқанға – қырық күн сәлем»
Бұл күні бұрынғы жәрмеңкелерге қарағанда жұрт көп жиналды. Қала тұрғындары сапырылысып сауда жасап, бала-шағасымен көңілді әуенге көңіл бұрып, концерт көруге де қалып жатты. Ағылған адамдар арасынан ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Серік Тұрғынбекұлын жарымен бірге жүргенін байқап қалып, пікірін білу мақсатында сөзге тартқан едік. Атырау облысының жәрмеңкесіне арнайы келгендігін ерекше сезіммен айтқан ақын қасиетті мекен жайлы жүрекжарды сырын жайды:
– Атырау – қазыналы жер. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бұл облыс – ұлт үшін қадірлі өлке. Басқа облыстарды қайталамайтын өзіне тән ерекше қасиеттері бар. Жәрмеңкеге үнемі келе беруге уақыт та сәйкеспей қалады. Бірақ, Атырауға мүмкіндік тауып келген жайымыз бар. Өйткені, Атырау десе құлағымызда күй күмбірлеп тұрады, Ақжайық толқынының сыбдыры есіп тұрады. Атырау өзгеше өлке, сонысымен өзіне тартып тұрады. Қазақтың қай жері болсын, біз үшін бәрі қасиетті, ешқайсысын бөле-жарып қарамаймыз. Атыраудың мұнайлы өлке екені өз алдына, мұнайдың үстінде отырып әлі шалқи алмай жатырмыз. Келешекте оның да орнын толтырамыз. Елдің рухы биік, ділі күшті. Кедергілерге, аздаған қиындықтарға, жетпей жатқан дүниелерге алданбайды. Осындай ел бірлігіне бастаған игі істерге иек артамыз. Атыраудың Астанаға келіп халықпен қауышуы – ордалы той. Осы күнге куә болып, ортасында болғанымызға қуаныштымыз. Бұл жәрмеңке – қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қолдауының арқасында қолға алынған бастама. Ол кісіге тұрғындар атынан алғысымды айтамын. Қаламыз өркен жайып, өсіп, дамып жатыр. Жәрмеңке тек сауда-саттықты ғана көздемейді, түптеп келгенде, жер мен жердің араласуын, танысуын, қауышуын мақсат тұтады. Қазақта «Бір күн дәмін татқанға қырық күн сәлем бер» деген сөз бар. Дәмнен үлкен ештеңе жоқ. Дәмін татқаннан кейін сыйластық, құрмет одан әрі арта түседі. Атыраудың балығына, шұбатына жұрт қашан да ынталы. Бүгін осы жерге балық жеуге келдік, әрі үйдегі апаң төркінін сағынған ғой. Әр өлкенің жәрмеңкесіне қала халқы қалмай қатысып жатыр.
Жәрмеңкеге үнемі келіп тұратын Астана қаласының тұрғыны Алтын Нұрмағамбетованың төмен бағада балық алғанына қуанып бара жатқандығын байқадық. «Әр жәрмеңкеден сол өңірге тән ерекше дәмін алып қалуға тырысамыз. Бүгін, міне, бір қап балық алып, қалай алып кетерімізді білмей тұрмыз. Бір қойды сойып алғандай бұл балықты да көп уақыт азық қыламыз ғой енді» дейді ағынан жарылып.
Ал, тағы бір тұрғынымыз Құлбек Ақылбайұлынан да бұл дүбірлі думан жайында жағымды лебіздер естідік:
– Әр сенбі күні екі облыстың жәрмеңкесі өтуде. Іздегеніңді табасың. Керек затыңды алып, концерт көріп, демалып қайтасың. Бұл жақсы ұйымдастырылған дүние. Өткен сенбіде ауа райының суық болғанына қарамастан, Қарағанды мен Ақтөбе облысы өте жақсы концерт өткізді. Атыраудай мұнайлы өлкенің де өткізіп жатқан мерекелік концерттері көңілімізден шығып жатыр.
Жәрмеңкеге жиналып, ығы-жығы болып жатқан қалың жұрт ынтымағымыздың, ымарашылдығымыздың тағы бір айғағындай. Жанымыздан дорбаларын толтырып екі қарт «Келесі жәрмеңкеден қандай ерекше дәм бұйырар екен» деп өтіп бара жатты.
Әуеледі ән мен күй…
Еліміздің бас қаласындағы бұл жәрмеңке дүбірлі думанға бөленді. Той ән-күйсіз болушы ма еді?! Атыраудың сәлемін асқақтаған әуенмен жеткізген өнерпаздарға көпшілік құрметпен қол соқты. Қара қазанының қақпағын көтерсе, қара алтыны атқылаған Атырау елінің мерекелік концерті жәрмеңкенің көркін қыздырды.
Әрбір елдің атын мәдениет пен спорт шығарады. Қазақ халқы – өнерден кенде емес халық. Атырау облысы филармониясы мен Батыс Қазақстан облысының өнер ұжымы келіп, дәстүрлі ән-күйін Астана халқына паш етті. Концерт қоюға дәстүрлі фольклорлық ансамбль, эстрада әншілері, би тобы, театр ұжымы бар, жалпы 30 шақты адам келді.
Алдымен, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетовтің дирижерлік етуімен Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі сүйемелдеп, жеке дауыста Айбар Қайырханов «Асқақтай бер, Астана» деп ән салды. Одан соң осы оркестрдің орындауында Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Қыз ақжелең» күйлері бірінен соң бірі төгіліп жатты.
Қыннан қылыш суырған от тілді, орақ ауызды өр Махамбеттің «Арғымақ, сені сақтадым» термесін Манарбек Дәулетов нақышына келтіріп орындады. Шырқалған «Ой, көк», «Япырай» «Қараторғай», «Қаракөзім», «Ахау, керім» халық әндері Астана аспанын шарлап кетті. «Білезік», «Мереке думан», «Шаттық» атты қазақ билерін билеген атыраулық бишілер өнеріне көрермен жоғары баға берді.
Орыстың «Соловейная роща» әнін айтқан Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншісі Қуандық Нұғмаров: «Орыс тілінде ән салдым. Себебі, аға буын өкілдерінің 80-ші жылдары құлағында күні бүгінге дейін қалып қойған әндер бар. Орысша екен деп бөлуімізге болмайды, себебі өнерде шек жоқ. Сондықтан, біз малымыз аралас, қойымыз қоралас өмір сүріп жатқан орыс халқымен тарихымыз да байланысып жатыр. Бірлік – биік туымыз. Біз Астрахан облысымен шектесіп жатырмыз. Онда екі-үш ай сайын барып тұрамыз, олар бізге келеді. Мұндай тығыз қарым-қатынас елдігіміздің белгісі деп айтуға болады» дейді ол.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Астана қаласы.